Ішкі істер министрі Ержан Саденов жұмыс сапарымен Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласында болды. Сапар барысында ол БҰҰ-ның 5-полиция саммитіне қатысып, Біріккен Ұлттар Ұйымының, АҚШ Федералдық тергеу бюросының және Нью-Йорк қаласы полиция департаментінің басшыларымен бірқатар кездесу өткізді, - деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Басты іс-шара құқық қорғау органдарының басшыларын, халықаралық ұйымдар мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдерін біріктірген БҰҰ-ның 5-полиция саммитінің пленарлық отырысы болды.
Өз сөзінде министр халықаралық қауіпсіздікті нығайту, полицияның бітімгерлік қызметін дамыту, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы Қазақстанның ұстанымдарын таныстырды. Сондай-ақ құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, тәжірибе алмасу және қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұрудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Саммит аясында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Жан-Пьер Лакруамен жеке кездесу өтті. Кездесуде Қазақстанның БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне қатысуын кеңейту, полиция қызметкерлерін даярлау, ішкі істер органдарының қызметіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысына сәйкес аталған бағыттар бойынша өзара іс-қимылды жалғастыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Сапар аясында АҚШ Федералдық тергеу бюросымен ынтымақтастықты дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Нью-Йорк қаласындағы ФТБ кеңсесінің басшысы Джеймс Барнаклмен өткен кездесуде ұйымдасқан қылмыс пен киберқылмысқа қарсы күрес, цифрлық технологияларды дамыту және мамандар даярлау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары қарастырылды. Сонымен қатар ІІМ делегациясы дағдарыстық жағдайларға ден қою кезінде ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ететін ФТБ-ның Бірлескен операциялар орталығының жұмысымен танысты.
Бұдан бөлек, қазақстандық делегация Нью-Йорк қаласы полиция департаментінің Жедел басқару орталығында болып, мегаполис полициясының күштерін басқару тәжірибесімен, бейнебақылау жүйелерінің, цифрлық талдау құралдарының мүмкіндіктерімен және патрульдік бөлімшелерді нақты уақыт режимінде үйлестіру тәжірибесімен танысты.
БҰҰ-ның Полиция саммиті халықаралық кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді. Саммит аясында министр шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарының басшыларымен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, тәжірибе алмасу және қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады. Бұл іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Біріккен Ұлттар Ұйымымен және шетелдік құқық қорғау құрылымдарымен халықаралық өзара іс-қимылының жоғары деңгейін тағы бір мәрте растады. Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық қылмысқа қарсы күрес және заманауи полиция технологияларын енгізу бағытындағы практикалық ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.