«Әділет.365» – партияның цифрлық келбеті

Съезд маңызды саяси шешімдер қабылдаумен бірге, азаматтармен байланыстың заманауи тетіктерін дамытуға және партия қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа цифрлық шешімдерді таныстырған маңызды шара болды.

Таныстырылған сервистер – партияның Бірыңғай цифрлық платформасын кезең-кезеңімен қалыптастыру жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Бұл платформа алдағы уақытта азаматтарға, партия мүшелері мен органдарына арналған цифрлық құралдарды бір ортаға біріктіре отырып дамиды.

Алғашқы шешімдердің бірі ретінде партияның цифрлық қызметтерін пайдаланудың бір­ың­ғай жүйесі іске қосылды. Бүгін­де партияға мүшелікке өтінішті QR-код арқылы, eGov порталы немесе осы қызметті қолдайтын банк қосымшалары арқылы беру­ге болады. Бұл қызметті қарап­айым, ыңғайлы әрі қауіпсіз пайда­лануға мүмкіндік береді. 

Жиын аясында жасанды ин­тел­лект техноло­гиялары негізінде әзірленген интеллектуалды цифр­лық көмекшілер де танысты­рыл­ды. Олар партияның бағдарламасы туралы ақпарат ұсынып, мүше ретінде қабылдау тәртібін түсін­діріп, ең жиі қойылатын сұрақ­тарға жауап береді және пайда­ланушыларға цифрлық сер­вис­терді қолдануға бағыт-бағдар көрсетеді. Пайдаланушылармен өзара байланыс партияның фирмалық цифрлық маскоты мен автоматтандырылған чат-боттар арқылы жүзеге асырылады.

Әзірленіп жатқан цифрлық экожүйенің тағы бір маңызды бөлігі – партия мүшесінің жеке кабинеті. Ол негізгі цифрлық сервистерді бір интерфейске бі­рік­тіріп, партиялық ақпаратқа, хабарламаларға, құжаттарға және өзге де байлан­ыс құралдарын пайда­лануға мүмкіндік береді. Платформа дамыған сайын оның функционалдық мүмкіндіктері де кеңейтіледі. 

Сонымен қатар партия құры­лымдарының жұмысын үйлестіру­ге арналған арнайы цифр­лық алаң – цифрлық штаб сынақтан өткізіле бастады. Бұл шешім бірлескен жұмысты ұйым­дас­тыруға, тапсырмалардың орын­далуын бақы­лауға және орталық аппарат пен өңірлік фили­алдар ара­сын­дағы байланыстың тиімді­лігін арттыруға арналған. 

Басқосуда таныстырылған цифрлық құралдар партияның ұйымдастыру жұмыстарын кезең-кезеңімен цифрландыру бағытын айқын көрсетеді. Алдағы уақытта олардың барлығы заманауи цифр­лық орта ретінде құрылып жатқан «Әділет.365» бірыңғай цифрлық платформасына біріктіріледі. Аталған платформа азаматтардың саяси ұйыммен байлан­ысына, ішкі үдерістерді қолдауға және жаңа интел­лектуалды сервистерді енгізуге арналған. 

Партия өкілдерінің сөзінше, заманауи техно­логиялар адамдар үшін үдерістерді барынша қара­пайым әрі түсінікті етуге тиіс. Сондықтан партия цифрлық сервистерді ішкі жұмысқа да, азаматтармен коммуникацияға да белсенді түрде енгізіп келеді. 

Съездегі тағы бір маңызды оқиға – партияның ресми ән­ұраны­ның тұсауы кесілді. «Әділет таңы» деп аталатын жаңа туын­дының сөзін елге белгілі ақындар Серікзат Дүйсенғазы мен Сұлтан Дәулетханұлы, ал әнін композитор Медет Салықов жазған. Әнұран­ның негізіне әділдік, заң үстемдігі, тәртіп пен жауапкер­шілік идея­лары арқау болған. Ол алғаш рет осы басқосуда орындалып, пар­тияның жаңа символына айнал­ды. Съезде таныстырылған цифрлық шешімдер партия жұ­мысын ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіру, азаматтармен байланыс құрудың заманауи арналарын дамыту және цифрлық техноло­гияларды күнделікті қызметке енгізу бағытының маңызды бөлі­гіне айналды.

Айта кетейік, партия 10 шілде­ге дейін ұйымдық құрылымын толық қалыптастырып, өңірлік желісін құрып, басшылық орган­дарын жасақтап болған еді. Өңір­лік саяси кеңестердің құрамына 808 адам, бақылау-тексеру комис­сияларының құрамына 100 адам енді. Олардың қатарында шағын және орта бизнес, білім беру және ғылым, үкіметтік емес сектор мен кәсіподақтар, мәдениет және спорт, өнеркәсіп, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары, экономика, құқықтану, IT және креативті индустрия сала­ларының өкілдері бар. «Әділет» партиясы түрлі кәсі­би қоғамдастықтар мен қоғамдық бірлес­тіктердің өкілі саналатын қазақстан­дықтардың бастамасы­мен құрылды. Биыл 7 мамырда Астанада партияның құрылтай съезі өтіп, 1 маусымда заңнамаға сәй­кес, Әділет министрлігі «Әділет» саяси партиясын мемле­кет­тік тіркеуден өткізді.