Оның сөзінше, Берел қорымы – сақ дәуірінен қалған бірегей археологиялық кешендердің бірі. Мұнда бүгінге дейін жүзден астам қорған анықталғанымен, олардың ішінде №11 қорғанның орны ерекше.
Маманның айтуынша, бұл қорғаннан шамамен жоғары дәрежелі сақ көсемі жерленгені анықталған.
“Әрине, мұндағы жерлеу рәсімінің өзі бұл жерде қарапайым адам жатпағанын көсетеді. Табыттан ер адам және әйел адам табылды. Сонымен қатар 13 ат жерленген. Жетеуі үстінде, алтауы астында. Оған қоса әр ат өзінше ерекшеленеді. 13 тайпаның белгісі бар”-дейді музей маманы.
Археологиялық қазба жұмыстары кезінде мәйітпен бірге әшекейленген аттар, тұрмыстық бұйымдар мен сол кезеңнің мәдениетін айқындайтын көптеген құнды жәдігер табылған.
Алмас Сарбасовтың айтуынша, қорғанның басты ерекшелігі – мәңгі тоңның сақталуы.
Соның арқасында ағаштан жасалған бұйымдар, киіз, мата және жылқылардың әбзелдері бүгінге дейін жақсы күйінде жеткен. Бұл жаңалық сақ тайпаларының жерлеу дәстүрін, тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымын тереңірек зерттеуге мүмкіндік берген.
Ол Берел қорымы Қазақстан археологиясындағы ғана емес, әлемдік ғылым үшін де аса құнды ескерткіштердің бірі саналатынын атап өтті.
Бүгінде Берел мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі келушілерге ежелгі сақ мәдениетін таныстырып, археологиялық мұраны насихаттау бағытында жұмысын жалғастырып келеді.
Мұражайдағы экспозициялар мен ашық аспан астындағы археологиялық кешен туристер мен тарихқа қызығатын азаматтардың ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Алтынбек МЕРСАДЫҚ