Сандық жүйенің жасырын тұсауы

Заманға сай өркениетті қоғамға қарай аяқ басқан елімізде бар­лық салаға ине-жіптен жаңа шыққан тың технологиялар мен цифрландырылған құрылғылар жедел түрде енгізіліп келеді. Әрине, құптарлық жайт. Тіпті жоғарыдан бе­рілген тапсырманы асыра орындаймыз деп тырмысқан жер­гілікті шен-шекпенділер «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояптының» керін жасап жатқандай әсер қал­дырады.

Қай салаға барсаңыз да, қай жиынға кірсеңіз де, қай министрдің баяндамасын тыңдасаңыз да, алдыңыздан «Цифрлық трансформация», «Қағазсыз құжат айналымы», «Ашықтық» деген тіркестер шығады. Бірақ бұл тың жаңа­лықтардың артында бір жағымсыз құбылыс байқалып ке­леді. Шенеуніктер үшін цифрландыруды енгізу әдет­тегідей басты мақсатқа айналса, ал оның салдарын күн­делікті арқалап жүрген кәсіпкердің жағдайы екінші қатар­ға ысырылып барады.

Бүгінде дәл осындай жағ­дай Бірыңғай көлік құ­жат­­тарын басқару жүйесінің тө­­­­ңірегінде қалыптасып отыр. 2026 жылдың 1 маусымынан бас­тап салмағы 3,5 тоннадан аса­тын көліктермен жүк тасымал­дай­тын барлық тасымалдаушы, жүк жөнелтуші мен жүк қабыл­дау­шы үшін жол парақтары мен тауар-көлік жүк құжаттарын жо­ғарыдағы жүйесінде тіркеу мін­детті болған. Министрлік мұны көлік саласын цифрландырудағы аса маңызды қадам ретінде та­ныс­тырды. Ресми түсіндірмеде жүйе қағазбастылықты азайтып, құжат айналымын жеңілдетіп, кө­леңкелі тасымалмен күресуге мүм­кіндік беретіні тайға таңба бас­қандай көрсетілген. Алайда ­кәсіпкерлердің айтуына қара­ған­да, әдемі идеяның астында шешілмеген, қордаланған мә­­селелердің тұтас қабаты жа­­тыр. Түйткілді жағдайды ал­ғаш­­­қылардың бірі болып ақмо­ла­лық кәсіпкерлер облыстық кә­сіп­кер­лер палатасында өткен кезекті жиын­да өткір көтерді.

Жүйе қосылды, дайындық қалай?

Тасымалдаушылар, ауыл­шаруа­шылық тауар өн­діру­шілері мен өндіріс өкілдері қа­тысқан жиында кәсіпкерлер жүйе­ні енгізудің қазіргі формасына қатысты алаңдаушылықтарын ашық жеткізді. Олардың айтуын­ша, мәселе цифрландырудың өзін­де емес. Мәселе әлі дайын емес инфрақұрылым мен шикі плат­форманы бүкіл ел бойынша мін­деттеуде болып тұр.

Ақмола облыстық кәсіпкерлер па­латасы төрағасының орынбасары Расул Сыздықовтың айтуынша, бизнес ең алдымен айыппұл санк­цияларының енгізілуіне алаң­дап отыр. 

«Ұсынылған жүйе әлі дайын емес. Бұл кәсіпкерлердің жұ­­­мы­­­­сына айтарлықтай үлкен ке­рі ық­палын тигізеді. Өйткені жүйе­нің техникалық және ұйым­дас­тыру­шылық дайындығы толық қам­тамасыз етілмеген жағдайда жа­залау шараларын қолдану әді­лет­сіз болмақ», – дейді Ақмола об­лы­сы кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Расул Сыздықов.

Шынында да, сұрақ өте орынды. Егер жүйе жиі істен шықса, ин­тернеті мүлдем ұстамайтын шал­ғай ауылдарда жұмыс істемесе, тиісті қолдау қызметі жауап бермесе кім кінәлі болмақ. Ал кәсіпкер құ­жатты уақытында рәсімдей ал­ма­ғаны үшін айыппұл төлеуі бек мүм­кін. Мұны «цифрландыру» деп атауға бола ма?  Әлде бұл цифр­­лық бюрократияның жаңа түрі ме деген заңды сауал туындайды.

Ақмола облысы – Қазақ­стан­ның басты аграрлық аймақ­тары­ның бірі. Мыңдаған тонна астық, жанармай, тыңайтқыш, мал азығы күн сайын ауданнан ауданға, об­лыстан облысқа тасымалдана­ды. Бірақ сол тасымалдардың ба­сым бө­лігі өтетін ауылдық ау­мақ­тар­да интернет мәселесі күні бү­гінге дейін толық шешілмеген. Ин­тернеттің өзі әлі күнге жетпей жат­қан ауылдарда «цифрландыру төң­керісін» енгізу бос қиялдың әң­гімесі сияқты болып көрінеді. Мұ­ны кәсіпкерлер де жеріне жет­кізіп, түйткілдің қазірдің өзін­де түсініспеушіліктер туғызып жат­қанын баян етті. 

Жергілікті кәсіпкерлердің ай­туынша, көптеген өн­діріс­тік алаңда, карьерде, элеваторда, жалпы барлық шалғай елді мекенде байланыс тұрақсыз. Кей жер­лерде мүлде жоқ. Осындай жағ­дайда толықтай онлайн режимде жұмыс істейтін жүйені міндеттеу логистикалық процестерді аса зор тоқырауға ұрындыруы мүмкін. Шенеунік үшін интернеттің жоғы статистикадағы жол ғана болуы мүмкін. Ал жүргізуші үшін ол ке­зекті рейстің тоқтауы, фермер үшін өнімнің кешігуі, жалпы бар­лық кәсіпкер үшін аса үлкен шы­ғындарды әкелетіні сөзсіз. 

Бір адам – директор, бухгалтер әрі жүргізуші

Ақмолалық «Агроглобал» жауапкершілігі шектеулі се­рік­тес­­тігінің директоры Ольга Ли­пень бизнестің алға басқан қа­да­мын кері қарай шегертетін түйт­кілді мәселенің тағы бір қы­рын көтерді. Оның айтуынша, көп­теген шағын тасымалдаушыда бір адам әрі кәсіпорын басшысы, әрі жүргізуші қызметін қатар атқарады. Бұрын ол жүкті жет­кізіп, қағаз құжаттарға қол қойып-ақ жұмысын аяқтайтын. Енді оған ЭЦҚ пайдалану, бірнеше ке­зеңнен тұратын цифрлық рә­сім­дерді меңгеру, жүйеде осыған дейін мүлде көрмеген құжаттарды тіркеуі қажет. Ал мұның бәрі бойын­ша толыққанды оқыту жүр­гізілмеген. 

«Бұл – Қазақстандағы шағын биз­нестің шынайы келбеті. Біз­де бәрі алпауыт акционерлік қо­ғам­дар мен холдингтер емес қой. Иә, оларға мұндай тың технология­лар мен цифрландыру үдерісі еш­қандай кедергі туындатпайды. Бірақ біздің экономикамыздағы кәсіпкерлердің басым бөлігі тек ірі холдингтер мен кәсіпорындар емес қой. Олар – бір-екі көлігі ға­на бар отбасылық шағын бизнес өкілдері. Олардың қолында мұн­дай мүмкіндік те, тиісті кадрлық ма­мандар да жоқ. Мұнымен қо­са, жаңа жүйені кәсіпкерлердің мең­геруіне оқыту жүйесі де ойлас­тырыл­маған», – дейді Ольга Липень. 

Бұл орайда жаһанға жар салып цифрлық реформалар жүргізіп, оны бірден күнделікті өмірге енгізе салу кей сәтте еш дайындықсыз әрі жергілікті кәсіпкерлер мен ор­­­таның мүмкіндігін ескермей жа­салатындай әсер қалдырады.

Ольга Липень көтерген тағы бір мәселе тіпті күлкілі көрінуі де мүмкін. Бірақ оның астарында бат­пандай түйткілдің жатқаны ақи­қат. Мәселен, өнім өндіріп шы­ғарушы компания өнімді литр­мен есептейді. Ал жүйе тек келі­мен жұмыс істеуді көздейді. Кө­лемді салмаққа қалай дұрыс ау­дару керектігі жөнінде нақты тү­­сіндірме жоқ. Нәтижесінде кә­­сіпорындар қосымша уа­қыт жұм­сап, құжаттардағы сәй­кес­сіз­дік тәуекелін арттыруға мәжбүр бол­ған. Мемлекет басшысы Жолдау жолдарында цифрландыру адам­ның жұмысын жеңілдетуі тиіс еке­ні туралы қадап айтады. Ал іс жүзін­де адам сол жүйеге «бейім­де­ліп» жатыр.

Бизнестің де арыз-арманы бар

Кәсіпкерлер көтерген та­ғы бір маңызды мәселе – Бі­рыңғай көлік құжаттарын бас­қару жүйесінің кең таралған кор­поративтік жүйелермен то­лық интеграцияланбауы болып отыр. Атап айтқанда, 1С, ERP, WMS секілді бағдарламалармен үйлесім жеткіліксіз болғандықтан, көптеген компания мәліметтерді екі рет енгізуге мәжбүр. Біріншісі  өзінің ішкі жүйесіне енгізілсе, екін­шісі  мемлекеттік платформаға тір­кеуге міндеттелген. Яғни мұ­ның салдарынан компания­да қызметкерлер саны көбейеді, уа­қыт жоғалады, адами қате­лік тәуе­­келі арта түседі. Цифр­лан­­­­дыру­­дың басты қағидасы – «бір рет енгіз, барлық жерде қол­дан» бол­ғанымен, қазіргі шынайы жағ­дайда бизнес «екі рет ен­гіз, үш рет тексер, төрт рет тү­зет» ре­жиміне көшкендей әсер қал­дыра­ды.

Жиында ең үлкен наразылық айыппұлдарға байланысты болды. Қолданыстағы заңнамаға сәй­­кес, құжаттарды тіркемегені не­­месе қате мәлімет енгізгені үшін әкімшілік жауапкершілік қа­­­­­­растырылған. Кейбір санаттар бойынша айыппұл ондаған ай­лық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Бұл орайда, бизнес қауым­дас­ты­ғы­ның қойып отырған талабы қа­ра­пайым. Жиынға қатысқан кә­­­­сіпкерлер бір жылдық өтпелі ке­зең берілсін, алғашқы кезеңде ес­керту қолданылсын, офлайн режим енгізілсін, жүйе толыққанды тес­тіленсін тек содан кейін  қа­таң әкімшілік жауапкершілік енгізіл­сін дейді. Бұл талаптарды радикалды немесе негізсіз деу қиын.

Себебі дәл осыған дейін мем­ле­кет өзі де жүйенің толық дайын емес екенін мойындап, міндет­ті талаптардың күшіне енуін бір­не­ше рет кейінге шегерген болатын. Министрліктің өзі де бұған дейін жүйені техникалық тұрғыдан же­тілдіру қажеттігін мойындап, мін­детті талаптардың күшіне ену мерзімін бірнеше рет кейінге қал­дырған. Тіпті ресми түрде 2026 жылдың 1 маусымына дейін кейін­ге қалдыру туралы шешім қа­былданған еді.

Сонда бірнеше жыл бойы дайындалған жүйе неге іске қосылған алғашқы күннен бас­тап сонша сұрақ туғызды де­ген заңды сауал туындайды? Ми­нистр­лік жаңадан енгізілген жүйе құжаттарды электронды форматқа енгізуге назар аударылғанымен түсіндірді. 

– Құжаттарды жүйеде тір­кеу тасымалдарды рәсімдеу процес­терін жеңілдетуге, қағаз құжат айналымының көлемін азайтуға және құжаттарға электронды форматта қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған, – деп мәлімдеді министрлік.

Бүгінгі бірыңғай құжат айналымы төңірегіндегі дау бір ғана плат­форманың мәселесі емес. Бұл – Қазақстандағы жалпы цифр­лық реформалардың жалпы тағдырына қатысты мәселе десек, артық айтқандық болмас. Егер мемлекет бизнеске серіктес ре­тінде қараса, онда реформа бірге жа­салады. Мемлекет бизнеске тек бақылау нысаны ретінде қараса, онда кез келген жақсы бастама қарсылыққа тап болады.

«Ақмола облысының кәсіпкер­лері цифрландыруға қарсы шығып отырған жоқ. Олар дайын емес жүйені міндеттеуге қарсы. Олар қа­­ғаздан бас тартуға қарсы емес. Жер­гілікті кәсіпкерлер алдағы уа­­­­­қытта жұмысын тоқтататын плат­­формадан қауіптенеді. Тәр­тіп­ке қарсы болмағанымен, әді­летсіз жауапкершілікке қар­сы. Сондықтан бүгінде ең маңыз­ды сұрақ  ЕСУТД енгізіле ме, ен­­­­­гі­­­зіл­­мей ме деген мәселе емес. Не­­гізгі сұрақ  мемлекет кәсіп­кер­­­­дің үнін ести ме дегенге ке­ліп тіреледі. Егер естімесе, цифрлан­дыру­­­дың жарқын ұраны ертең биз­нес үшін жаңа кедергіге айналуы мүм­кін», – дейді Ақмола об­­лыс­тық кәсіпкерлер палатасы кә­сіп­керлер құқығын қорғау кеңе­сі­нің төрайымы Валентина Геращенко. 

P.S. 

Расында да, цифрландырудың табысы енгізілген платформалардың санымен емес, кәсіпкердің жұмысы қаншалықты жеңілдегенімен өлшенбек. Егер шалғайда жатқан ауылдарда фермер интернет іздеп сабылса, жүргізуші жүйеге кіре алмай рейсінен қалса, ал кәсіпкер құжат толтырудан бас көтермесе, онда цифрлық реформа өз мақсатына жетті деу қиын. Сондықтан бүгін мәселе жаңа жүйені енгізуде емес, оны өмірдің шынайы жағдайына бейімдей білуде болып тұр. Бұл орайда тиісті құзырлы жауапты органдар жоғарыға берілетін жоспардың сақадай-сай орындалғанын емес, іс жүзінде оның қалай әсер ететіне бір уақ көңіл бөлсе дейсің.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы