Сонымен қатар артық салмағы бар балаларда жүрек-қан тамырлары ауруларының, 2-типті қант диабетінің және бауыр ауруларының ерте белгілері жиі кездеседі.Бұл семіздіктің тек сыртқы келбетке қатысты мәселе емес, ұлт денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды қауіп екенін көрсетеді. Ал біз жасөспірімдер арасында семіздіктің неге көбейіп бара жатқаны, оның негізгі себептері мен алдын алу жолдары туралы диетолог дәрігер, дәлелді диетология академиясының және «Врачи.kz» волонтерлік қозғалысының тең құрылтайшысы Айнұр Сатпаевамен сұхбаттастық.– Айнұр Жоламанқызы, World Obesity Atlas деректерімен таныс шығарсыз. Онда алаңдатарлық мәліметтерді оқыдық. Жалпы, балалар мен жасөспірімдердің артық салмағы мәселесінің ушығу себебі неде?
– Иә, бұл мәселе бүгінде өте өзекті. Артық салмақ пен семіздіктің негізгі себебі – ағзаға түсетін калория мөлшерінің жұмсалатын энергиядан көп болуы. Яғни адам тұтынғанынан аз қозғалады.
Семіздік – көпфакторлы созылмалы ауру. Оның дамуына тек қозғалыстың аздығы ғана емес, генетикалық бейімділік те әсер етеді. Генетика ағзаның майды қалай жинақтайтынына және қалай жұмсайтынына ықпал етеді.
Кейінгі жылдары жоғары калориялы және ультраөңделген тағамдарды, тәтті сусындарды көп тұтыну, үйден тыс жерде тамақтанудың жиілеуі, экран алдында өткізетін уақыттың артуы, сондай-ақ бұрынғыдай белсенді ойындар мен дене қимылының азаюы жасөспірімдер арасында артық салмақтың көбеюіне себеп болып отыр.
– Нақты қандай әдеттер артық салмақтың пайда болуына көбірек әсер етеді?
– Артық салмақ көбіне күнделікті қалыптасқан ұсақ әдеттердің жиынтығынан пайда болады. Мысалы, баспалдақпен көтерілудің орнына лифтіні таңдаймыз, бір аялдама жаяу жүрудің орнына автобус күтеміз немесе такси шақырамыз. Таңғы асты дайындаудың орнына оны өткізіп жіберіп, мектепте кофе мен бәліш сияқты жеңіл тағамдарды тұтынамыз. Сабақтан кейін қарын ашқандықтан сэндвич, тәтті сусындар, тәттілер немесе ләтяо сияқты снектерді сатып аламыз.
Тағы бір маңызды фактор – экран алдында тамақтану. Телефон қарап немесе телехикая көріп отырып тамақтанғанда, адамның назары басқа жаққа ауып кетеді. Ал миға тоқтық сезімінің жетуі үшін шамамен 20 минут қажет. Сол себепті адам байқамай артық тамақтанып қояды. Бір қарағанда аз ғана артық калория сияқты көрінгенімен, уақыт өте келе ол бірнеше килограмм салмақ қосуға әкелуі мүмкін.
– Бұл жерде ас ішу мәдениеті ғана емес, тағамның құрамы да өзгерген сияқты...
– Кейінгі жылдары жасөспірімдер үйде дайындалған тағамнан гөрі фастфудты, тәтті сусындар мен ультраөңделген өнімдерді жиі тұтынады. Бұл тағамдардың құрамында қант, тұз, қаныққан майлар және дәм күшейткіштер көп болады. Өндірушілер оларды барынша дәмді әрі қолжетімді етуге тырысатындықтан, мұндай өнімдер күнделікті ас мәзіріне еніп кетті.
Мәселе олардың жоғары калориялылығында ғана емес. Мұндай тағамдар мидың марапаттау жүйесіне әсер етіп, дофаминнің бөлінуін арттырады. Бұрын бұл механизм адамға энергиясы мол тағамды таңдап, тірі қалуға көмектескен. Ал қазір жоғары калориялы тағамдардың молдығы бұл артықшылықты семіздіктің қауіпті факторына айналдырды. Сондықтан адам тоқ болса да, осындай тағамдарды қайта-қайта жегісі келеді. Сол себепті фастфуд пен ультраөңделген өнімдерді шамадан тыс тұтыну балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздіктің негізгі себептерінің бірі болып саналады.
– Ата-аналар, мектеп балалары мен жасөспірімдер арасындағы семіздіктің алдын алу үшін қандай шаралар қабылдауы керек?
– Алдын алу жұмысы отбасынан басталады. Ата-аналар балаларына дұрыс тамақтану мәдениетін үйретіп, өздері үлгі болуы қажет. Үйде пайдалы тағамдардың қолжетімді болуы, бірлесіп тамақтану және баланың қозғалыс белсенділігін қолдау өте маңызды. Ал мектептерде пайдалы ас мәзірін ұсыну, тәтті сусындар мен фастфудтың қолжетімділігін шектеу, денешынықтыру сабақтарын тиімді ұйымдастыру және дұрыс тамақтану бойынша ағарту жұмыстарын жүргізу қажет. Баланы артық салмағы үшін кінәламай, қолдау көрсету – ең маңызды қағидалардың бірі.
– Артық салмақтан арылудың қауіпсіз әрі тиімді жолдары қандай?
– Балалар мен жасөспірімдер салмақ тастау мақсатында қатаң диета ұстауға болмайды. Егер медициналық көрсетілім болмаса, ең дұрыс жол – тамақтану дағдыларын біртіндеп түзету, физикалық белсенділікті арттыру және ұйқы режимін қалыпқа келтіру.
Егер балаға арнайы емдік тамақтану қажет болса, диетолог оның жасын, бойын, салмағын және денсаулық жағдайын ескеріп, жеке тамақтану жоспарын жасайды. Сонымен қатар семіздіктің сирек кездесетін генетикалық себептері де бар. Соның бірі – Прадер-Вилли синдромы. Бұл синдром кезінде балада тоқтық сезімі толық қалыптаспайды, сондықтан тәбеті жоғары болып, артық тамақтануға бейім келеді. Мұндай жағдайда кешенді медициналық көмек қажет.
– Әлеуметтік желілер мен жарнама жастардың тағам таңдауына әсер ете ме? Егер әсер етсе, қалай?
– Иә, әсері өте зор. Әлеуметтік желілер блогерлер, жарнамалар және түрлі тренд арқылы жастардың тамақтану әдеттерін қалыптастырады. Жасөспірімдер көбіне жарнамасы көп өнімдерді таңдайды, тіпті олардың құрамында қант, тұз немесе қаныққан май мөлшері жоғары болса да сол тағамдарды жейді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тез арықтауға арналған қауіпті кеңестер, қатаң диеталар және ғылыми дәлелі жоқ тамақтану тәсілдері кеңінен таралады. Сондықтан жасөспірімдерге сенімді ақпаратты жарнама мен маркетингтен ажырата білуді үйретіп, сыни ойлау қабілетін дамыту өте маңызды.
– Стресс пен эмоционалдық жағдай артық салмақтың пайда болуына әсер ете ме?
– Иә, стресс пен адамның эмоционалдық жағдайы артық салмақтың пайда болуына әсер етуі мүмкін. Ұзақ уақыт бойы стресс жағдайында болған кезде ағзада кортизол гормонының деңгейі жоғарылайды. Бұл тәбетті арттырып, әсіресе тәтті және майлы тағамдарға деген құштарлықты күшейтуі мүмкін.
Көптеген жасөспірім қиындықты, уайымды немесе шаршауды тамақ арқылы жеңуге тырысады. Мұны «эмоционалды тамақтану» деп атаймыз. Сонымен қатар стресс ұйқының бұзылуына әкеледі, ал ұйқының жетіспеуі де тәбетті реттейтін гормондарға әсер етіп, адамның артық тамақтануына себеп болады. Сондықтан артық салмақпен күресте тек тағамға ғана емес, баланың психологиялық жағдайына, демалысына және отбасындағы қолдау деңгейіне де назар аудару қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алтынай Мұхамедиева, ЕҰУ-дың 2-курс студенті