Сәбилер тамсанып, тілдерін жалап, тамақ тарататын апайларына қарап отырды. Оларды апайлары рұқсат етпей дастарқанға қол созбауға әбден үйретіп қойған еді. Сол тәртіппен балақайлар көздері бақырайып, апайларына қарап отырды. Шыдамсыздау біреулері алдына қол соза беріп еді, тәрбиеші қолындағы шыбықпен шырт еткізіп тартып жіберді. Сәби жылайын десе қасындағы құрбыларынан ұялып, бозарып отырып қалды. Бұған тәрбиеші қымсынған да жоқ. Қайта жаудың бетін қайырған батырдай айналасына маңғаздана қарап қойды.
Осы кезде қолында телефоны бар бір тәрбиеші жетіп келді. Аспаз осы кезді пайдаланып, балаларға банан таратып жатқан аспазды әдемілеп бейнежазбаға түсіре бастады. Бәрі де керемет! Балалар алдарына қойған банандарға қарап жымың-жымың етеді. Бірақ әлі де қол созуға жүректері дауаламай тұр. Бір кезде банан таратылып та бітті. Осы кезде сәбилер алдарындағы бананға қолдарын соза беріп еді, аспаз айқай салды.
– Балалар! Бананды бүгін жемейміз. Өйткені бүгінгі банан кәки екен! Кәки бананды жеуге болмайды ғой. Солай ма, балалар?
Балалар басқаны білмесе де кәкиді біледі. Кәкиді жеуге де, ұстауға да болмайды. Осындағы біреулер байқамай ішкиімдеріне кәки етіп те қояды. Сондықтан сәбилер «кәки» деген сөзден сұмдық қорқады. Ұмсына берген қолдар ауада қалқып қала берді. Біреулері қолдарына жеңсік тамақты ұстап тұрып, басқалар тастап жатқан соң амалсыз кері ысырды.
Балалардың банан көріп мәз-мәйрам болып тұрған сәтін бейнеге жақсылап түсіріп алған тәрбиеші мен балалар бақшасының меңгерушісі разы күймен сыртқа шыға берді.
Бұл жасанды көрініс еді. Балалар бақшасының меңгерушісі балаларға түрлі тропикалық жемістер беріп, жарылқап жатқанын іс жүзінде дәлелдеу үшін осындай спектакль ойлап тапқан еді. Тілі жаңа шығып келе жатқан сәбилер апайларының тамаққа не бергенін ата-анасына айтып бере алады дейсіз бе, тәйірі! Сондықтан саспау керек!
Бірақ сасатын тірлік болып қалды. Бейнебаянға түсіріп, басшысын разы етпек болған «фотограф» қатты қателескен еді. Ол балаларға банан таратып болған соң телефонын өшіруі керек еді. Бірақ абайсызда балалардың алдынан бананды кері жинап алып жатқанын да жүктеп алыпты. Жоғары басшыларды да, төменгі қосшыларды да, ата-аналарды да разы етеміз деген балалар бақшасы басшыларының жоспары іске аспай қалды.
Бүгінде құзырлы органдар балаларды қойып, үлкендерді де алдағысы келген балалар бақшасының кіріс-шығысын індетіп іздеп жатқан көрінеді. Иә, кәки болды. Сол кәкиді енді мектепке дейінгі мекеменің басшылары көріп қалмаса игі.
Сол күні балалар бақшасынан үйлеріне қайтқан сәбилер түні бойы «кәки» деп шыққан көрінеді. Түкке түсінбеген ата-аналар балгерлерге барып, көріпкелдерге жүгініп алаөкпе болыпты. Телеарнадан осы көрініс берілгенде ғана «Уф!» деп демдерін алды.
Бүгінде балалар бақшасына бала беруге де қорқып қалдық. Тағы қандай «кәкидің» шығатынын кім білсін!
Сабырбек ОЛЖАБАЙ