Сондықтан бүгінде өнеркәсіптік қауіпсіздік бақылау мен есеп берудің мәселесі ғана емес, басқару мәдениетінің өлшеміне айналып келеді. Осы мәселе төңірегінде Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті басқармасының басшысы Ахан Телмановпен бағыттың ел экономикасы үшін маңызы туралы әңгімелестік.
– Кейінгі жылдары өнеркәсіптік қауіпсіздікке деген көзқарас қалай өзгерді? Бүгінде бұл мәселе неге бұрынғыдан да маңызды болып отыр?
– Бірнеше жылда өнеркәсіптік қауіпсіздікке деген көзқарас айтарлықтай өзгерді деп айтуға болады. Бұрын бұл ұғым көбіне өндірістегі талаптарды орындау немесе кезекті тексерістен өтумен байланыстырылып келсе, қазір оған әлдеқайда кеңірек қараймыз. Өнеркәсіптік қауіпсіздік – бұл тәуекелдерді алдын ала анықтап, олардың төтенше жағдайға ұласуына жол бермеуге бағытталған тұтас басқару жүйесі.
Әсіресе мұнай-газ саласы үшін бұл өте өзекті. Себебі бұл сала Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналады. Оның тұрақты жұмысы энергетикалық қауіпсіздікке ғана емес, өңірлердің дамуына, инвестициялық тартымдылыққа және ел экономикасының орнықтылығына тікелей әсер етеді. Бірақ осының бәрінің артында өте күрделі технологиялық жүйе бар. Көмірсутектерді өндіру, тасымалдау және өңдеу процестері жоғары қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды, құбыр жүйелерін, резервуарлық инфрақұрылымды, сондай-ақ өрт пен жарылыс қаупі жоғары ортаны қамтиды. Сондықтан мұндай объектілерді пайдалану тұрақты бақылауды, технологиялық тәртіпті және тәуекелдерді жүйелі басқаруды талап етеді.
Қауіпті өндірістік объектідегі кез келген ірі апаттың салдары бір кәсіпорынның шеңберімен шектелмейді. Ең алдымен адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді, қоршаған ортаға зиян келеді, өндірістік процестер тоқтап, экономикалық шығындар туындайды. Сондықтан бүгінгі көзқарас бойынша қауіпсіздік – апат болғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Заманауи тәсілдің негізгі қағидасы да осы: қауіпті сценарийдің дамуына жол бермеу оның салдарын жоюдан әлдеқайда тиімді.
Сондықтан қазір жабдықтың техникалық жай-күйін бақылауға, уақытылы диагностика жүргізуге, технологиялық режимдерді сақтауға, өндірістік бақылауды күшейтуге және ықтимал тәуекелдерді тұрақты талдауға ерекше назар аударылады. Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі философиясы дәл осы алдын алу қағидатына негізделген.
– Статистикаға қарасақ, қауіпті өндірістік объектілердегі апаттар әлі де тіркеліп жатыр. Мұндай оқиғалардың негізгі себептері қандай және олардың алдын алуға не кедергі?
– Статистика бұл мәселенің әлі де өзекті екенін анық көрсетеді. Ведомстволық деректерге сәйкес, 2022-2025 жылдары республикадағы қауіпті өндірістік объектілерде 92 апат тіркелген. Соның салдарынан 184 адам зардап шегіп, оның ішінде 98 адам қаза тапқан. Ал 2026 жылдың толық емес дерегінің өзінде 14 апат тіркеліп, 12 адам зардап шеккен, оның алтауы көз жұмған. Әрине, 2026 жылғы көрсеткіштер толық жылды қамтымайды, сондықтан оларды алдыңғы кезеңмен тікелей салыстыруға болмайды. Дегенмен бұл деректер өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай ғана техникалық талап емес, бүкіл өнеркәсіптік сектордың тұрақтылығы мен жауапкершілігіне қатысты мәселе екенін дәлелдейді.
Тәжірибе көрсеткендей, ірі апаттар көбіне аяқастынан болмайды. Оған дейін көптеген ұсақ мәселе жиналады. Мысалы, жөндеудің кейінге қалдырылуы, уақытында жойылмаған ақаулар, жабдыққа қатысты ескертулердің қордалануы, тәуекелдердің жеткіліксіз бағалануы немесе өндірістегі жекелеген процестердің формалды түрде ғана бақылануы. Осындай шағын ауытқулар уақыт өте келе бір-бірімен байланысып, үлкен апатқа алып келуі мүмкін.
Сондықтан алдын алу жұмыстары қағаз жүзінде ғана емес, нақты өндірістік процестің ажырамас бөлігі болуы керек. Егер тәуекелдер уақытында анықталып, қажетті техникалық және ұйымдастырушылық шаралар дер кезінде қабылданса, көптеген төтенше жағдайдың алдын алуға болады. Басты міндет – апаттың салдарымен күресу емес, оның пайда болуына мүмкіндік бермеу.
– Көп жағдайда апаттарға «адами фактор» себеп болады деп айтылады. Бірақ оның астарында қандай басқарушылық немесе жүйелік мәселелер жатады?
– «Адами фактор» деген ұғымды біз көбіне бір қызметкердің қателігімен байланыстырамыз. Бірақ өнеркәсіптік қауіпсіздік тұрғысынан қарасақ, бұл түсінік әлдеқайда кең.
Көп жағдайда оқиғалардың негізгі себептері жекелеген жұмыскердің бірреттік әрекетінен емес, басқарушылық және ұйымдастырушылық шешімдерден туындайды. Яғни тәуекелдерді төмендету бойынша шаралардың уақытылы қабылдануы, өндірістік бақылаудың дұрыс ұйымдастырылуы, объектінің техникалық жай-күйіне объективті баға берілуі, мердігер ұйымдармен өзара іс-қимылдың сапасы және қауіпсіздік мәселелерінің кәсіпорынды басқару жүйесіндегі орны шешуші рөл атқарады.
Сондықтан бүгінде қауіпсіздік мәдениеті туралы жиі айтылады. Оның мәні – өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының тек құжаттарда емес, күнделікті өндірістік қызметтің ажырамас бөлігіне айналуы. Әрбір шешім қабылданғанда ең алдымен қауіпсіздік ескерілуі тиіс. Өйткені қауіпсіздік тек мемлекеттік органдардың немесе кәсіпорындардың міндеті емес. Қауіпті өндірістік объектілердің сенімді жұмысы өңірлердің экологиялық қауіпсіздігіне, экономикалық тұрақтылығына, қоғамның өнеркәсіптік дамуға деген сеніміне және ең бастысы – адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.
– Мұнай-газ саласында «алдын алу мәдениетін» қалыптастыру үшін кәсіпорындар қандай нақты қадамдарға басымдық беруі керек? Бұл бағытта жаңа технологиялар мен тәуекелдерді басқару жүйесінің рөлі қандай?
– Бүгінде ең маңызды міндеттердің бірі – қауіпсіздікті өндірістегі қосымша талап ретінде емес, күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігіне айналдыру. Өйткені алдын алу мәдениеті дәл осындай көзқарастан басталады. Егер қауіпсіздік мәселесіне тек тексеру кезінде немесе қандай да бір оқиға болғаннан кейін көңіл бөлінсе, онда оның тиімділігі төмен болады.
Сондықтан кәсіпорындар ең алдымен жабдықтардың техникалық жай-күйін тұрақты бақылауға, уақытылы диагностика жүргізуге, технологиялық режимдердің сақталуына және өндірістік бақылаудың сапасына басымдық беруі қажет. Сонымен қатар ықтимал тәуекелдерді жүйелі түрде талдап, олардың алдын алуға бағытталған шешімдерді дер кезінде қабылдау өте маңызды. Қауіпті сценарийдің дамуына жол бермеу – бүгінгі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің негізгі қағидасы.
Қазір бұл бағытта мемлекеттік саясат та өзгеріп келеді. Азаматтық қорғау саласындағы заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер профилактикалық тетіктерді күшейтуге бағытталған. Яғни басты назар апат болғаннан кейінгі әрекетке емес, оның алдын алуға аударылып отыр. Мемлекеттік бақылау тәсілдері жетілдірілуде, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бұзушылықтар анықталған жағдайда жедел әрекет ету тетіктері дамып келеді. Сонымен бірге өндірістік тәуекелдерді басқару мен алдын алу шараларының маңызы артып отыр.
Өндірістік объектілердің технологиялық күрделілігі жылдан-жылға өсіп келеді. Соған сәйкес, олардың сенімділігіне қойылатын талаптар да күшейіп жатыр. Сондықтан тәуекелдерді басқару жүйесі мен техникалық бақылау құралдары бүгінгі күні өндірістің тұрақты әрі қауіпсіз жұмыс істеуінің негізгі элементтерінің біріне айналды. Бұл – тек заң талаптарын орындау емес, кәсіпорынның ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін басқару мәдениеті.
– Алдағы жылдары Қазақстанда өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту үшін қандай өзгерістер қажет деп санайсыз? Бұл экономиканың тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?
– Менің ойымша, алдағы кезеңде ең маңызды өзгеріс – алдын алу қағидатын одан әрі күшейту болуы керек. Өнеркәсіптік қауіпсіздік тек салалық мәселе ретінде қарастырылмауы тиіс. Оның нәтижесі ел экономикасының орнықтылығына, өңірлердің экологиялық қауіпсіздігіне, қоғамның өндіріс саласына деген сеніміне және адамдардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді.
Мұнай-газ саласы Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар сала болып қала береді. Бірақ оның әрі қарай тұрақты дамуы өндірістік объектілерді қауіпсіз пайдаланусыз және апаттардың алдын алу мәдениетін қалыптастырмай мүмкін емес. Сондықтан қауіпсіздікке жұмсалған әрбір күш пен әрбір шешім тек бүгінгі өндірістің емес, болашақтағы тұрақты экономикалық өсімнің кепілі болып саналады.
Меніңше, заманауи өнеркәсіптік қауіпсіздік тексеру басталған сәттен немесе төтенше жағдай болғаннан кейін басталмайды. Ол әлдеқайда ертерек басталады. Яғни жөндеуді кейінге қалдырмау туралы шешім қабылданғанда, тәуекелді елемеуден бас тартқанда, сенімділік есебінен үнемдемеу қағидаты сақталғанда қауіпсіздік қамтамасыз етіле бастайды.
Дәл осындай тәсіл ғана саланың ұзақмерзімді орнықты дамуына негіз бола алады. Экономикалық өсім адамдардың өмірін сақтаумен, қоршаған ортаны қорғаумен және елдің өнеркәсіптік орнықтылығын нығайтумен қатар жүргенде ғана оның шынайы нәтижесі болады. Сондықтан өнеркәсіптік қауіпсіздікке салынған инвестиция немесе қабылданған шешім – бұл тек бір кәсіпорынның мәселесі емес, тұтас елдің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуына қосылған үлес.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Кәмила ДҮЙСЕН