Өрт сөндірушілер қоқыс полигонындағы өртті сөндіруге талпынып жатыр. Полигон аумағының үлкендігі, ауа температурасының жоғары болуы да өртті сөндіруге қиындық келтіреді. Бұл туралы Aikyn.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Елорданың Байқоңыр ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында орын алған өртті сөндіру жұмысы тәулік бойы үздіксіз жүргізілуде.
Өртті сөндірудің тиімділігін арттыру мақсатында негізгі күштер мен құралдар жұмылдырылған екі жауынгерлік учаске құрылды.
Сонымен қатар өрт ошақтарын оқшаулау және жалынның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында полигон аумағын инертті материалмен жабу бойынша инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта полигонға 14,85 мың тоннаға жуық инертті материал жеткізілді.
Жұмыстардың жүргізілуі қатты түтінге, жиналған қалдықтардың тұрақсыз болуына байланысты қиындауда. Бұл арнайы техниканың қозғалысын шектеп, ірі габаритті техниканың маневр жасауына кедергі келтіруде.
Сумен үздіксіз қамтамасыз ету өрт гидрантынан су тасымалдайтын өрт сөндіру автоцистерналары мен су таситын арнайы көліктер арқылы жүзеге асырылуда.
Өртті сөндіруге ТЖД мен ЖАО 120-ға жуық жеке құрамы және 150 бірлік техникасы жұмылдырылған.
Жағдай ТЖМ-нің тұрақты бақылауында. Өртті толық сөндіру жұмысы жалғасып жатыр.