Ұлттық ұландағы сирек дауыс: жас сарбаз ерлер хорына шақырту алды

Ұлттық ұлан қатарындағы сарбаз Артём Шеремет өзінің сирек кездесетін бас дауысымен мамандардың қызығушылығын тудырды.

Елордадағы бригаданың оқу пунктінде даярлықтан өтіп жатқан жас жауынгердің қою әрі терең тембрін бағалаған мамандар оған Ұлттық ұланның ерлер хорымен бірге өнер көрсетуге ұсыныс жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Артём әскерге дейін  RockNRust  рок тобында ән айтып, экстремалды вокал тәсілі — гроулингті меңгерген. Сондай-ақ аниме мен дорамаларды дыбыстаумен айналысқан.

Жас сарбаз оқу пунктін аяқтаған соң әскери қызметпен қатар шығармашылық қабілетін де дамытқысы келеді. Мамандар оның кәсіби вокалдық білім алған жағдайда үлкен сахнада табысқа жете алатынын айтады.

Қазіргі уақытта Артём жауынгерлік қызметке алғаш рет түсуге дайындық курсынан өтіп, қоғамдық тәртіпті күзету бөлімшелерінде қызмет атқаруға қажетті дағдыларды меңгеруде. Ол саптық, атыс және тактикалық дайындық сабақтарына белсенді қатысып, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға жан-жақты әзірленіп жатыр.

Оның өмір жолы құқықтық тәртіп әскерінде әскери істі де, өнерді де қатар алып жүре алатын, жан-жақты әрі дарынды жастардың қызмет ететінінің тағы бір дәлелі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.