Елімізде 9,1 миллион тонна мал азығы дайындалды

Қазақстанда мал азығын дайындау науқаны қарқынды жалғасуда.

Облыс әкімдіктерінің қазіргі деректеріне сәйкес, бүгінге дейін 9,1 млн тоннадан астам мал азығы әзірленген. Оның ішінде 8,3 млн тонна пішен, 850 мың тонна пішендеме және 35 мың тоннадан астам сүрлем бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

2026–2027 жылдардағы малды қыстату кезеңіне дайындық аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп мал азығын дайындау жоспарын бекітті. Жоспарға сәйкес 25,7 млн тонна пішен, 2,3 млн тонна пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 5,7 млн тонна құнарландырылған жем дайындалмақ.

Биыл мал азықтық дақылдардың егіс алқабы 3,32 млн гектардан асып, өткен жылмен салыстырғанда 243 мың гектарға ұлғайды. Сонымен қатар егістік алқаптарындағы мал азықтық дақылдардың үлесі 14 пайызға дейін жеткізілді. Бұл мал шаруашылығының жемшөп қорын нығайтуға мүмкіндік береді.

Министрлік тұрақты түрде жедел штаб отырыстарын өткізіп, онда мал азығын уақытылы дайындау, өңірлердің жұмысын үйлестіру және алдағы қысқы кезеңде мал шаруашылығы саласының жемшөпке деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету мәселелерін қарайды.

Саланы мал азығымен қамтамасыз етудің қосымша тетіктерінің бірі – «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» акционерлік қоғамының үлесі. Биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейін компания маусымаралық кезеңде құс және мал шаруашылығы кәсіпорындарына жемдік астықты белгіленген бағамен өткізеді. Осы мақсатта 201,3 мың тонна көлемінде жемдік астық қоры қалыптастырылып, оның 21,7 мың тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сатылды.

Саланы мал азығымен тұрақты қамтамасыз етуге құрама жем өндірісі инфрақұрылымының дамуы да оң ықпал етуде. Бүгінде елімізде ірі кәсіпорындарды, сондай-ақ құс фабрикалары мен мал шаруашылығы кешендерінің жанындағы шаруашылықішілік құрама жем цехтарын қоса алғанда, 76 құрама жем зауыты жұмыс істейді. Олардың жылдық жиынтық өндірістік қуаты шамамен 4 млн тоннаны құрайды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.