Ақмола облысы «Игілік» және «Береке» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға кірісті

Бағдарламалар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға, асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға, отандық өнім өндірісін ұлғайтуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.

Ақмола облысы Қазақстанда мал шаруашылығын жеңілдетілген несиелеуге арналған жаңа «Игілік» және «Береке» мемлекеттік бағдарламаларын іс жүзінде алғаш болып іске асыра бастаған өңір атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бағдарламалар аясында несиелер жылдық 6 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сонымен қатар негізгі борышты өтеу бойынша екі жылға дейінгі жеңілдікті кезең қарастырылған. Бұл, әсіресе, инвестицияның қайтарымы белгілі бір уақыт өткеннен кейін ғана байқалатын мал шаруашылығы саласы үшін аса маңызды.

Бағдарламалардың операторы ретінде «KOKSHE» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ белгіленді. Корпорация «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мақұлдаған 26 млрд теңгенің алғашқы 15 млрд теңгесін алып үлгерді.

Ақмола облысы дәстүрлі түрде еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі саналады. Өңірде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік, берік жемшөп базасы қалыптасқан және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан мемлекеттік қолдаудың заманауи тетіктеріне жоғары қызығушылық бар.

Бағдарламаларды іске асыру фермерлерге асылтұқымды мал сатып алуға, өндіріс көлемін кеңейтуге және шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ұзақмерзімді перспективада бұл ет пен сүт өндірісінің көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына оң ықпал етеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.