2025-2026 жылғы театр маусымы еліміздің театрлары үшін табысты аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Осы кезеңде ел театрлары 16 мыңнан астам спектакль ұсынып, 410 жаңа қойылымды сахналады. Жалпы, 2 832 835 көрермен театр өнерін тамашалады.
Маусымның басты жетістіктерінің бірі – театр репертуарының мазмұны мен жанрлық аясының кеңеюі. Айрықша қойылымдардың қатарында «Астана Опера» театрындағы «Қыпшақ қызы Аппақ» операсы, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрындағы «Ұлы Жібек жолы» балеті, «Астана Балет» театрындағы «Кармина Бурана» балет-кантатасы, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрындағы Әбіш Кекілбаевтың «Күй» драмасы және Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрында сахналанған «Господа Головлевы» спектаклі бар.
Маусым бойы театр ұжымдары ел ішінде де, шетелде де белсенді өнер көрсетті. Осы кезеңде 539 гастроль ұйымдастырылып, театрлар 191 халықаралық және республикалық фестивальге қатысты. Бұл театр өнерінің еліміздің әр өңіріндегі көрерменге кеңінен жол тартуына және қойылымдардың кеңінен танылуына серпін берді.
Еліміздің театрлары халықаралық деңгейде де жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Ұлпан» спектаклімен Бішкекте өткен ART-ORDO халықаралық театр фестиваліне қатысып, Гран-при жүлдесімен қатар, төрт аталым бойынша марапатқа ие болды.
Халықаралық байқауларда өзге шығармашылық ұжымдар да табысты өнер көрсетті. «Астана Опера» театрының El Voice вокал тобы Ставрополь қаласында өткен «Солдатский конверт» халықаралық байқау-фестивалінде Гран-при жеңіп алды. Ал «Астана Опера» театрының скрипкашысы Бағдат Әбілханов Далянь қаласында өткен GRAND ART EXPRESS-CHINA халықаралық орындаушылық өнер байқауында І орын иегері атанды.