6 шілде – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрылған күні. Биыл айтулы мерекенің 26 жылдығына орай Алматы, Қонаев, Талдықорған қалаларында және өзге де гарнизондарда орналасқан әскери бөлімдерде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
– 26 жыл ішінде Десанттық-шабуылдау әскерлері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сенімді тірегіне айналды. Бұл – бір емес, бірнеше буын десантшылардың жанқиярлық еңбегі мен дәстүрге адалдығы, жауынгерлік шеберлікті үздіксіз жетілдіруге деген ұмтылысының нәтижесі. Бүгінде біздің әскери қызметшілер заманауи технологияларды оңынан меңгеріп, халықаралық оқу-жаттығулар мен бітімгерлік миссияларға қатысу арқылы қазақстандық десанттың жоғары беделін айшықтап келеді. Сондықтан біздің көк берет иелері әскери ортадағы үздік дәстүрден бой жазбай, Отанға деген адалдығын сақтайтынына сенімдімін, – дейді Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы, полковник Махсут Гусейнов.
Бүгінде Десанттық-шабуылдау әскері – ел қауіпсіздігін асқан жауапкершілікпен сезінетін білікті мамандар жиналған ұжым. Олар өзінің әрбір әркетімен жас әскери қызметшілерге патриотизм мен Әскери антқа деген адалдықты ұлықтайды. Соның арқасында Қазақстан әскерінің жауынгерлік әлеуеті одан әрі нығая түседі.
Әсіресе, Десанттық-шабуылдау әскерлерінде халықаралық әскери ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, еліміздің аумағында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің басшылығымен ҰҚШҰ Орталық Азия өңірінің Ұжымдық жедел өрістету күштерімен бірлескен «Шеп – 2026» оқу-жаттығуы және «Бауырластық шыңы – 2026» халықаралық оқу-жаттығуы өткен.
Өз ішімізде ғана емес, өзге де халықаралық сайысқа қатысқан Десанттық-шабуылдау әскеріндегі әскери қызметшілер жеңіс тұғырынан көрініп, өз кәсіби даярлығы жоғары екенін көрсеткен. Сондай сайыстың бірі – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің XXIII спартакиадасы аясында Гвардейск гарнизонында өткен АК-3 автоматы мен ПМ-3 тапаншасынан ату бойынша чемпионат. Жарысқа еліміздің Қарулы Күштердің барлық түрі мен әскери бөлімдерін таныстырған 14 команданың құрамында 100-ден астам сарбаз қатысты.
Біліктілігін шыңдаған жас десанттар
Жақында 100-ден аса жас десантшы алғашқы парашютпен секіріп, әскердегі дайындығын шыңдай түсті. Мұндай оқу-жаттығуы «Жаңа Іле – Оңтүстік» секіру алаңында Қонаев гарнизонында өтті. Оған десанттық-шабуылдау бригадасының 120-дан астам әскери қызметшісі қатысып, 100-і парашютпен алғаш рет секірді. Десанттау Ми-17 тікұшағынан 800 метр биіктіктен жүзеге асырылды.
Парашюттан жеке секіру – жас десантшыларға өзін шыңдаудың маңызды кезеңі. Игерген машықтарын тактикалық даярлық барысында жетілдіріліп, әскери қызметшілердің жауынгерлік міндеттерді орындау дайындығын күшейте түседі. Әр сарбаздың өз күшіне деген сенімін қалыптастырып, психологиялық орнықтылық қана емес, топтағы тұрақтылық пен ауызбіршлікке негіз болады. Сол себепті әуе-десант даярлығы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік даярлығындағы негізгі бағыттардың бірі екенін ұмытпаған жөн.