Бүгін Байқоңыр ғарыш айлағында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің АҚШ-тың Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасының (NASA) басшысы Джаред Айзекпанмен жұмыс кездесуі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Келіссөздер барысында тараптар қазақстандық-американдық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, ғарыш ғылымы, астрофизика, спутниктік технологиялар және Жерді қашықтықтан зондтау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударды.
Кездесуге қатысушылар сонымен қатар екі елдің ғылыми ұйымдары мен университеттері арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндіктерін, оның ішінде жоғары білікті мамандарды даярлау бағдарламаларын және ғарыш саласындағы коммерциялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарастырды.
Жаслан Мәдиев NASA-мен серіктестіктің ұлттық ғылыми-технологиялық әлеует үшін стратегиялық маңызын: «Қазақстан NASA-мен нақты нәтижелерге бағытталған ұзақ мерзімді практикалық өзара іс-қимыл орнатуға, яғни бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға, инновациялық технологияларды енгізуге және жаңа буын мамандарын даярлауға мүдделі», - деп атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы диалогқа дайын екенін растап, бейіндік командаларға ынтымақтастықтың практикалық әріптестік жоспарын әзірлеуді тапсырды.