Қаскөйлер сенімге кіру үшін мекеме басшысының немесе лауазымды тұлғаның аты-жөнін, фотосуретін және қызметіне қатысты ашық деректерді пайдаланады. Осы мәліметтердің көмегімен олар шынайы аккаунтқа ұқсас жалған парақша ашып, мекеме қызметкерлеріне хабарласады. Соның салдарынан хабарламаны алған адам өзінің басшысымен сөйлесіп отырғанына сеніп қалуы мүмкін.
Мұндай хабарламалар, әсіресе ұйымның қаржысына қолжетімділігі бар қызметкерлерге бағытталады. Алаяқтардың негізгі нысанасына бухгалтерлер, қаржы бөлімінің мамандары, кассирлер, сатып алу мен төлем жүргізуге жауапты қызметкерлер ілігуі ықтимал. Себебі олар мекеменің есепшоттары арқылы ақша аударуға немесе төлем жасауға мүмкіндігі бар адамдарды алдын ала анықтап алады.
Мамандардың айтуынша, алаяқтар психологиялық қысым көрсету тәсілдерін де жиі пайдаланады. Олар хабарлама алушыны асықтырып, тапсырманы дереу орындамаса, қызметтік мәселе туындайтынын немесе басшылықтың наразылығына ұшырайтынын айтып қорқытуы мүмкін. Мұндай жағдайда қызметкер ақпаратты тексеруге уақыт таппай, көрсетілген шотқа ақша аударып жіберуі ықтимал.
Сондықтан Ішкі істер министрлігі азаматтарға бейтаныс немесе күмәнді аккаунттан келген қаржылық сипаттағы тапсырмаларға сақтықпен қарауды ескертеді. Тіпті хабарламада таныс адамның аты-жөні мен фотосуреті тұрса да, оның шынайы екеніне көз жеткізу қажет.
Егер басшының немесе әріптестің атынан ақша аудару туралы хабарлама келсе, ешқандай қаржылық операцияны бірден орындамаған жөн. Алдымен тапсырма берген адамға бұрыннан белгілі телефон нөмірі арқылы қоңырау шалып, ақпаратты нақтылау керек. Мүмкіндік болса, басшымен жеке сөйлескен дұрыс.
Сонымен қатар хабарлама жіберген аккаунттың атауына, телефон нөміріне және пайдаланушы атына назар аудару қажет. Жалған парақшаларда әріптердің бірі өзгертілуі, артық белгі қосылуы немесе профиль туралы мәліметтердің толық болмауы мүмкін. Аккаунттың жақында ашылғаны, ортақ байланыстардың жоқтығы және бұрын хат алмасу тарихының болмауы да күмән туғызуға тиіс.
ІІМ өкілдері азаматтарға мынадай қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді:
– күмәнді хабарлама түскен жағдайда ақша аудармау және қандай да бір төлем жасамау;
– тапсырманы басшымен телефон арқылы немесе жеке сөйлесу кезінде растау;
– жіберушінің аккаунтын, телефон нөмірін және хабарлама мазмұнын мұқият тексеру;
– бөгде адамдарға банк картасының деректерін, құпиясөздерді, растау кодтарын және ұйымның қаржылық мәліметтерін бермеу.
Сондай-ақ мекемелерде қаржылық операцияларды растаудың ішкі тәртібін енгізу маңызды. Мәселен, ірі көлемдегі төлемдер тек телефон арқылы қосымша тексерілгеннен кейін немесе бірнеше жауапты адамның келісімімен жүргізілуі керек. Бұл ұйым қаражатының алаяқтардың қолына түсу қаупін азайтады.
Егер ақша аударылып қойса, уақыт жоғалтпай банкке хабарласып, операцияны тоқтату немесе қаражатты бұғаттау мүмкіндігін анықтау қажет. Сонымен бірге полицияға арыз беріп, хат алмасудың скриншоттарын, телефон нөмірін, аккаунт атауын және аударым туралы түбіртекті сақтап қойған жөн. Бұл деректер құқық қорғау органдарына алаяқтарды анықтауға көмектеседі.
– Сіздің қырағылығыңыз қаражатыңызды сақтауға және алаяқтық әрекеттердің алдын алуға көмектеседі, – деді ІІМ өкілдері.
Құқық қорғау органдары азаматтарды кез келген шұғыл қаржылық өтінішке сын көзбен қарап, ақпаратты бірнеше рет тексеруге шақырады. Себебі алаяқтар адамның сенгіштігі мен асығыстығын өз пайдасына пайдалануға тырысады. Сондықтан күмәнді хабарламаға жауап бермес бұрын, оның кімнен келгенін нақтылау – қауіпсіздіктің ең тиімді жолының бірі.