Әділетті қоғамның жаңа келбеті

Қазақстан құқықтық саясатты жетілдіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың бостандығын сот арқылы қорғау бағытында бірқатар маңызды жетістікке қол жеткізді. Осы орайда 1 шілдеден елде жаңа Конституция күшіне еніп, ол азаматтардың құқығын қорғау кепілдіктерін күшейтті. Сондай-ақ құқықтық мемлекеттің басты тірегінің бірі саналатын сот билігінің тәуелсіздігін одан ары нығайтуға жол ашты.

Бүгінде бұл істе мемлекетке жасанды интеллект көмекке келіп отыр. Жоғарғы соттың мәліметіне жүгінсек, кейінгі 15 жылда ЖИ-ді енгізу үшін алғышарт болған сот жүйесінің ауқымды цифрлық инфрақұрылымы құрылды. Сот практикасын талдауға, істердің ықтимал қорытындысын болжауға және қабылдар шешім сапасын арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық талдау құралдары мен судьялардың зияткерлік көмекшілері қолданылады.

Мұның сыртында енді сот құжаттарын автоматтандырылған түрде дайындау технологияларын, сондай-ақ процеске қатысушыларды тану, сот залынан стенограмма жасау үшін сөзді мәтінге автоматты түрде түрлендіру функциялары бар аудио және бейнетіркеу жүйелерін қоса алғанда, ЖИ негізіндегі жаңа буын шешімдері қолға алынған.  

Жоғарғы сот бүгінде сот жүйесінің электрондық істерді, аумақтан тыс соттылықты, жекелеген процесті роботтандыруды белсенді қолданатынын хабарлады. Азаматтар мен бизнестің соттармен өзара іс-қимылын неғұрлым ыңғайлы, жылдам әрі қолжетімді ететін IT-сервистерді дамыту жалғасты. Жоғарғы сот барлық сот деңгейінде азаматтық істер бойынша «Судьяның цифрлық көмекшісі» сервисін енгізді. 1,5 жыл ішінде жүйе алдымен Астананың, Жамбыл, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының соттарында сынақтан өтті. Пилоттық жоба қызмет көрсетудің жоғары тиімділігін паш еткен, судьялар арасында сұранысқа ие болған.

Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров атап өткендей, жаңа жүйе судьяға ЖИ технологияларын пайдаланып, әрбір дау бойынша тиісті сот практикасын табуға, сондай-ақ ұқсас сот шешімдерін талдау негізінде істің ықтимал нәтижесін болжауға мүмкіндік береді. Зияткерлік іздеу талап қоюдың мазмұнын, тараптардың дәлелдерін және істің өзге де өлшемдерін ескере отырып, жұмыс істейді. Технологиялық инфрақұрылымы жаңғыртылды. Сервис бұрынғы 4 млн орнына шамамен 15 миллион бірлік ақпаратты өңдеп, бір уақытта 1 000 сұранысты орындай алады.

Жүйенің функционалдық мүмкіндіктері де кеңейтілді: ЖИ талап қоюды автоматты түрде құрылымдайды, тараптардың дәлелдерін бөліп көрсетеді және құжаттарды қазақ және орыс тілдерінде өңдейді. Бұл технология сот жүктемесіне және дауларды шешу сапасына практикалық әсер етеді. Мәселен, елорда соттарында пилоттық енгізу кезеңінде тараптардың татуласу деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен жоғары болыпты. Бұған процеске қатысушыларға ұқсас істер бойынша және сот талқылауы басталғанға дейін даудың ықтимал құқықтық салдары туралы ақпарат беру ықпал етіпті. 

Сонымен қатар Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев ЖИ адам судьяны ауыстырмайтынын, судьяны қолдау құ­ра­лы болып қалуы керегін баса айтты. Ол сондай-ақ азаматтардың орналасқан же­ріне қарамастан сот қорғауына қолжетімділігін қамтамасыз ететін заманауи, цифрлық және аумақтан тыс сот төрелігінің қазақстандық «Болашақ соты» тұ­жы­рымдамасын ұсынып отыр. Ол сот жүйе­сінің бұл бағытта дамуы Президенттің ЖИ технологияларын жедел енгізу және цифрлық мемлекет құру бағытына сәйкес келетінін атап өтті.

Құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы, бостандықты және құқықтарды сот арқылы қорғаудағы ілгерілеушіліктерге Бас прокурордың орынбасары Асхат Жұмағали да назар аудартты. Ол қоғамдық және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шарты ретінде қоғамда «Заң мен тәртіпті» нығайту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде уәкілетті органдар бірлескен кешенді шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

– Жалпы, оң өзгерістерді байқаудамыз: «Заң мен тәртіп» тек мемлекеттік міндет қана емес, қоғамдық сұранысқа айналды. Азаматтардың құқықтық санасы артып келеді. Қылмыс жасау тиімсіз әрі қоғам тарапынан айыпталатын орта қалыптасып жатыр, – деді Бас прокурордың орынбасары. 

Жыл басынан бері елдегі қылмыстық құқықбұзушылықтар 12%-ға төмендеді. Оның ішінде адам өлтіру – 9%-ға, қарақшылық – 35%-ға, тонау – 21%-ға, қорқытып алушылық – 20%-ға, бұзақылық – 12%-ға, сондай-ақ көшелердегі қылмыстық құқықбұзушылықтар – 19%-ға, қоғамдық орындардағы қылмыстар 20%-ға азайды.

Бүгінде елде «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама жүзеге асырылып жатыр. Оның үш бағдары белгіленді. Бұлар – азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыру, мемлекеттік органдардың ашықтығы және клиентке бағдарлануы арқылы қауіпсіз ортаны құру, сондай-ақ құқық қорғау қызметіне қоғамды белсенді тарту.

Бұған қоса, Тұжырымдама мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары – «Адал азаматқа», «Таза Қазақстанға» және «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» негізделген заңға бағынатын мінез-құлықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, меморгандардың ашықтығына, қауіпсіз орта құруға, азаматтық қоғаммен әріптес- тік орнатуға байланысты негізгі бағыттары да қамтиды.

Қорыта айтқанда, құқықтық саясатты жетілдіруге, құқықтық мәдениетті орнықтыруға және сот арқылы құқық пен бостандықты қорғауға бағытталған әрбір ізгі бастама Қазақстандағы құқық үстемдігі қағидатын нығайтатын берік тұғырға айналады. Өйткені адам құқықтарын қорғау мен мемлекеттің жауапкершілігі өзара сабақтас құндылық ретінде әділетті қоғамның және заманауи құқықтық мемлекеттің басты өлшемі болып қала береді.

Айхан ШӘРІП