Бекірені сақтау – ұлттық мүдде

Қазақстан үшін Жайық – Каспий бассейні – тек балық шаруашылығының орталығы емес, елдің экологиялық қауіпсіздігі мен биоалуантүрлілігін сақтайтын стратегиялық аймақ. Ерекше атап өтерлігі, бұл аймақ әлемдік маңызы бар бекіре тұқымдас балықтардың табиғи көбеюіне мүмкіндік беретін бірегей су жүйесі ретінде ерекшеленеді. Сондықтан мұнда браконьерлікпен күрес жыл сайын күшейіп, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр.

Бір өзен – тұтас экожүйенің тағдыры

Жайық – Еуропа мен Азияны бөліп тұрған табиғи шекаралардың бірі. Оның төменгі ағысы мен Каспийдің солтүстік бөлігі бекіре, шоқыр, қортпа секілді ба­ғалы балықтардың табиғи уылдырық шашатын негізгі орындарының бірі болып саналады. Алайда кейінгі жылдары климаттың өзгеруі, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі, су тапшылығы, өзен арнасының тайыздануы және заңсыз аулау табиғи популяцияға елеулі қысым түсіріп отыр. Осындай жағ­дайда браконь­ерлік әрбір жетілген аналық балықтың жойылуына, ал мұның соңы мың­даған шабақтың көбеймеуіне әке­леді. Сондықтан мамандар браконьер­лікпен күресті тек құқықтық мәселе емес, табиғи ресурстарды ұзақ мерзімге сақтаудың негізгі шарты деп бағалайды.

Бекіренің көктемгі миграциясы кезінде қауіп ерекше күшейетіндіктен, елімізде жыл сайын республикалық «Бекіре» таби­ғат қорғау акциясы ұйымдасты­рыл­атыны белгілі. Күні кеше өткен акцияға табиғат қорғау инспекторлары, полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі және басқа мемлекеттік орган­дардың 1 143 қызметкері қатысты.

Ресми мәлімет бойынша, акция кезінде Жайық – Каспий бассейнінде 226 автокөлік пен квадроцикл, 90-нан астам катер, 6 әуетехникасы, 39 бақылау бекеті және 26 мобильді топ жұмыс істеді. Бақылау тек су айдындарында емес, республикалық авто­жолдарда, теміржол бекеттерінде және әуежайларда да күшейтілді. Мамандардың айтуынша, мұндай тәсіл заңсыз өнімді өт­кізу­дің бүкіл тізбегін бұзуға бағытталған.

Статистика көрсеткендей, заңсыз аулау фактілерінің басым бөлігі Атырау облысында тіркеледі. Бір жағынан қарағанда, бұл – заңдылық. Себебі дәл осы өңір арқылы бекіре тұқымдас балық­тардың негізгі миграциялық жолдары өтеді. «Бекіре – 2026» акциясы барысында өңірде жүздеген құқықбұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 8 тоннадан астам балық, оның ішінде бекіре мен қара уылдырық тәркіленді. Жайық – Каспий облысаралық бассейні инспек­циясының басшысы Нұрлыбек Гайсиннің айтуынша, республика бойынша екі ай ішінде 1 239 құқықбұзушылық анықталып, 33 қылмыстық іс қозғалды. Табиғатқа кел­тірілген залал 890 миллион теңгеге жуықтады.  Бұл көрсеткіштер браконьер­ліктің әлі де ұйымдасқан сипатқа ие екенін аңғартады.

Балық қорғау – тек полицияның міндеті емес

Эколог маман Нұргүл Мұратованың пікірінше, браконьерлікпен күрестің нәтижесі бірнеше бағыттың үйлесімді жұмысына байланысты. «Біріншіден, құқық қорғау. Заңсыз аулауға, тасымалдауға және өткізуге тосқауыл қою.  Екіншіден, ғылым. Жайық – Каспий бассейнінде ихтиологтар жыл сайын бекіре популя­циясына мониторинг жүргізіп, табиғи уылдырық шашатын орындардың жағдайын зерттейді. Бекіре шабақтарын қолдан өсіріп, өзенге жіберу жұмыстары да тұрақты жалғасуда. Сонымен қатар өңірде акваөсіруді дамытуға бағытталған жаңа жобалар қолға алынуда. Үшіншіден, экологиялық ағарту. Заңсыз ауланған балыққа сұраныс болған жерде ұсыныс та сақталады. Сондықтан қоғамның эко­логиялық мәдениетін арттыру, тұрғын­дардың табиғатты қорғауға жауапкершілігін күшейту – ұзақмерзімді нәтижеге жет­кізетін маңызды фактор», – дейді ол.

Қазақстанда қабылданған жаңа Су кодексі су ресурстарын бассейндік қағидат бойынша басқаруға басымдық береді. Жайық – Каспий бассейндік су инспек­циясының басшысы Ғалидолла Әзи­дуллиннің айтуынша, бұл Жайық – Каспий бассейні үшін ерекше маңызды.

«Себебі өзендегі су көлемі, табиғи ағыс және экожүйенің сақталуы – бекіренің табиғи көбеюінің басты шарты. Су ресурстары мен балық қорын бөлек қарастыру мүмкін емес. Сондықтан гидрологиялық режимді сақтау, өзен арна­сын қорғау және су сапасын жақсарту балық шаруашылығының тұрақты дамуына тікелей әсер етеді», – дейді ол.

Маманның айтуынша, Атырау – суға тәуелді өңір. «Өңір аумағында жалпы ұзындығы 1 002 шақырым болатын 13 өзен мен жалпы аумағы 60,31 шаршы шақырымды құрайтын 98 көл бар. Сонымен бірге Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауындағы жағалау сызығының ұзын­дығы 740 шақырымға жетеді. Облыстың негізгі су көзі – Жайық, Жем, Ойыл, Сағыз, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізі. Алайда жер бедерінің жазық болуы, құрғақ климат және табиғи ағынның аздығы салдарынан өңірдегі өзендер негізінен Ресей Федерациясы мен Ақтөбе облысынан келетін транзиттік су арқылы толығады. Жайық өзені – өңірдің басты су артериясы. Оның ағынының 80 пайыздан астамы Ресей аумағында қалыптасады. Сондықтан өзендегі су көлемі көрші елдегі гидро­логиялық жағдайға тікелей байланысты, – дейді Ғалидолла Әзидуллин.

Зерттеулер кейінгі жылдары Жайықтағы су көлемінің күрделі өзгерістерге ұшыра­ғанын көрсетіп отыр. Егер 2017 жылы өзен арқылы 9,3 млрд текше метр су өтсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 5,3 млрд текше метрге дейін азайған. Ал 2024-2026 жылдары жағдай қайта жақсарып, су көлемі айтарлықтай артқан.

Мамандардың айтуынша, көктемгі тасқыннан кейін өзен деңгейін сақтау мәселесі Қазақстан мен Ресей арасындағы трансшекаралық өзендер жөніндегі комиссия отырысында қаралған. Соның нәтижесінде Ресейдегі Иректі су қоймасынан жіберілетін су көлемі секундына 90 текше метрден 141 текше метрге дейін ұлғайтылды.

Өңірде су нысандарын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Жол картасы аясында Атырау қаласы аумағындағы Жайық өзенінің 52,1 шақырымдық бөлігінде түбін тереңдету жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар Қиғаш өзенінің гидрологиялық режимін жақсарту мақсатында арнаны тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Қазір жоспарланған 99,56 шақырымның 92,59 шақырымы орындалып, қалған 6,97 шақырымда жұмыстар жалғасып жатыр. Алдағы жылдары Жылыой ауданында Жем өзенінің бойында Аралтөбе су қойма­сын салу мүмкіндігі қарастырылуда. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген.

Қалай десек те, Жайық – Каспий бас­сейні – тек Атырау өңірінің байлығы емес. Бұл – Қазақстанның халықаралық экологиялық беделіне ықпал ететін табиғи мұра.

Бүгінде мемлекет құқық қорғау шара­ларын күшейтіп қана қоймай, ғылыми зерттеулерді, жасанды өсімді мол­айтуды және акваөсіру жобаларын қатар дамытып келеді. Бұл – балық қорын сақтаудың кешенді үлгісі. Алайда браконьерлікпен күрестің түпкі нәтижесі тек мемлекеттік органдардың жұмысына  байланысты емес. Табиғатты қорғау – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Заңсыз ауланған өнімнен бас тарту, экологиялық заңнаманы сақтау және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау арқылы ғана Жайықтың бекіресін келер ұрпаққа аман жеткізуге болады.

Өйткені Жайық – Каспийді қорғау – бір ғана өзенді немесе бір ғана балық түрін сақтау емес. Бұл – Қазақстанның та­биғи қауіпсіздігін, биоалуантүрлілігін және экологиялық болашағын қорғау деген сөз.

Баян Жанұзақ, Атырау облысы