Алакөл көлінің жағалауында туристер санының артуына байланысты полиция қызметкерлері төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірлесіп, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Полиция қызметкерлері күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын еске салады. Әсіресе белгіленген жердерден асып жүзуге болмайтыны, сондай-ақ балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға жол берілмейтініне ерекше назар аударылды.
Туристік маусым басталғалы бері сақшылар демалыс кезінде жағалауда жоғалып кеткен 30 баланы іздеп тапты. Олардың барлығы жедел түрде іздестіріліп, бір сағат ішінде ата-аналарымен қауышты.
ІІМ мәліметінше, демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, полиция қызметкерлері заң мен қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу фактілерінің жолын кесуге және өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алуға бағытталған шараларды қабылдап жатыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.