Еуразия ұлттық университетінде жасанды интеллект пен сейсмотұрақты құрылыс мәселелері талқыланды

Сонымен қатар іс-шараға Жапонияның Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері қатысты.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен XHE3W III халықаралық ғылыми семинарында жасанды интеллект, қалалық инфрақұрылымның цифрлық егіздері, экологиялық құрылыс технологиялары, қалаларды жер сілкінісінен қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері негізгі тақырыптарға айналды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Экология, құрылыс, геоинженерия, орнықты даму, қалалық инфрақұрылымды цифрландыру, су ресурстарын басқару, сейсмотұрақты құрылыс және инженерлік білім беру салаларындағы өз зерттеулері мен инновациялық әзірлемелерін Қазақстан, Жапония және Қытай ғалымдары таныстырды. Сонымен қатар іс-шараға Жапонияның Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері қатысты.

Семинардың ашылуында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Абзал Талтенов бұл ғылыми іс-шараның Еуразия ұлттық университеті, Шыңжаң университеті және Хатинохэ технологиялық институтының бірлескен ұйымдастыруымен өтіп жатқанын атап өтті. Проректордың айтуынша, ЕҰУ-дің 30 жылдығы мен Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының 35 жылдығы аясында ұйымдастырылған форум 2024 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді.

Еуразия ұлттық университетінің Геотехника институтының директоры, Қазақстан геотехникалық қоғамының президенті Асқар Жүсүпбеков:

«Біз геотехника, құрылыс инженериясы және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы баяндамалар мен кәсіби пікірталастар арқылы комиссиямыздың жұмысын жаңа деңгейге көтеруді көздейміз. Бұл семинар қалалық инфрақұрылым және басқа да өзекті бағыттар саласында жаңа халықаралық кәсіби байланыстар орнатуға және ынтымақтастықты дамытуға алаң болады, сондай-ақ Қазақстанның жаңа астанасы – Астананың керемет атмосферасында өтеді деп үміттенеміз», - деп атап өтті спикер.

Семинар барысында ғалымдар құрылыс конструкцияларының бұзылуын болжау үшін жасанды интеллектті қолдану, қалаларды жер сілкінісінен қорғаудың заманауи әдістерін, сондай-ақ қалалық ортаны жобалау мен аумақтарды дамытудың экологиялық тәсілдерін де талқылады.

Хатинохэ технологиялық институтының профессоры Акира Хасэгава өз баяндамасында Жапонияда табиғи апаттардан кейін халықтың өмірін, өнеркәсіп пен инфрақұрылымды қорғау бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтты.

Жапон ғалымы Жапония мен Хатинохэ қаласындағы жер сілкіністерінің ерекшеліктері, олардың пайда болу механизмдері, сейсмикалық қарқындылық шкаласы және жер сілкіністерінің жиілігі жөнінде баяндады. Оның айтуынша, болашақтағы күшті жер сілкіністері кезінде көпірлер мен басқа да инфрақұрылым нысандарының қирауын болдырмау мақсатында Жапонияда құрылыс нормалары жаңартылып, қолданыстағы құрылыстарды күшейту жұмыстары жүргізілген.

Қорытындылай келе, профессор сейсмикалық инженерияны жер сілкінісінің басталуынан бастап оның салдарын бағалау, зардап шеккен аумақтар мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге дейінгі барлық кезеңдерді қамтитын үздіксіз процесс ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ ол ғимараттарды жобалау кезінде табиғи апаттарға байланысты белгісіз факторларды ескеріп, жеткілікті беріктік пен қауіпсіздік қорын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Акира Хасэгаваның пікірінше, табиғи апаттардың салдарын тиімді азайту мемлекеттік органдардың, ғалымдардың, инженерлердің және қоғамның бірлескен іс-қимылынсыз мүмкін емес.

Хатинохэ технологиялық институтының ғалымы Ёсиюки Танака биоалуантүрлілікті сақтау және қалпына келтіруге арналған зерттеуін ұсынды.

«Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымы мен әлемнің көптеген елдері биоалуантүрлілікті қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлуде. Өйткені көптеген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің саны және олардың популяциялары біртіндеп азайып келеді. 2030 жылға дейін бұл үрдісті тоқтатып, экожүйелердің қалпына келуіне ықпал ету міндеті қойылған. Жапонияда табиғи аумақтарды қорғау арқылы биоалуантүрлілікті сақтау бойынша мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Дегенмен бұл оңай міндет емес. Тек түрлердің санын ғана емес, әрбір популяцияның саны мен жағдайын да бағалау қажет. Сондықтан биоалуантүрлілікті мониторингтеу әдістерін дамыту маңызды. Өз зерттеуімде теңіз организмдері туралы деректерді пайдалана отырып, экожүйелердің жай-күйін бағалау тәсілдерін ұсынамын», – деді Ёсиюки Танака.

Семинар барысында ЕҰУ-дың Азаматтық құрылыс кафедрасының ғалымдары Жанар Құсбергенова мен Атогали Жұмабаев инженерлік-геологиялық ізденістер мен ғимараттардың іргетасын жобалау кезінде қолдануға болатын топырақтардың механикалық қасиеттерін бағалау нәтижелерін ұсынды.

Сонымен қатар қатысушылар бетонның су сіңіруін төмендету арқылы темірбетон қадалардың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік беретін жаңа технологияны таныстырды. Зерттеу нәтижелері бойынша материал ылғалдың, агрессивті жерасты суларының әсеріне және бірнеше мәрте қату мен еру циклдеріне төзімді бола түседі.

Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар заманауи инженерлік шешімдерді енгізу, орнықты қалалық ортаны дамыту және халықаралық бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру бойынша практикалық ұсынымдар әзірлейді.

Воркшоп соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Сонымен қатар іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге елеулі үлес қосқан ғалымдар ЕҰУ ректорының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Халықаралық ғылыми семинар 17 шілдеге дейін жалғасады.