Азиза Исина Өзбекстан боксшысын жеңіп, Азия чемпионы болды (видео)

Райхона Курбонбоевамен жолықты.

Индонезияның Джакарта қаласында Азия чемпионатының финалдық жекпе-жектері өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

U23 санаты бойынша 70 келідегі Азиза Исина финалда Өзбекстан спортшысы Райхона Курбонбоевамен жолықты. Өте шиеленісті өткен айқаста отандасымыз 3:2 есебімен басым түсті.

Сонымен қатар U23 санаты бойынша 75 келідегі Шұғыла Нәлібай финалда Үндістан өкілі Мусканмен қолғап түйістірді. Алғашқы минуттан қарқынын жоғарлатқан отандасымыз әр раундты өз еншісіне жазып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен (5:0) жеңіске жетті.

U23 санаты бойынша 48 келідегі Гүлназ Бөрібаева финалда Моңғолия боксшысы Содон-Од Биндерияға еш мүмкіндік бермей, 5:0 есебімен жеңіске жетті.

U23 санаты бойынша 51 келідегі Анита Адишева финалда Өзбекстан спортшысы Гулсевар Ганиевамен айқас өткізді. 3 раундқа жалғасқан жекпе-жекте төрешілер 1:4 есебімен жеңісті қарсыласқа берді.

Жастар арасында әлем чемпионы, U23 санаты бойынша 57 келідегі Ұлжан Сәрсенбек финалда Өзбекстан спортшысы Хуморабону Мамажоновамен жолықты.

Қос боксшы да шаршы алаңның ортасын бермеуге тырысып, алма-кезек шабуылдармен алмасты. Әйтсе де төрешілер 1:4 есебімен қарсыласты жеңімпаз деп таныды.

U23 санаты бойынша 80 келідегі Құралай Егінбайқызы финалда Өзбекстан спортшысы Рухшона Парпиевамен бүгінгі жарыс күнін тәмамдады.

3 раундқа жалғасқан жекпе-жекте төрешілер 0:5 есебімен жеңісті қарсыласқа берді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.