Осы арқылы жаңа Ата заңның 8-ші бабындағы «жер жəне оның қойнауы, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген ізгі қағидат әрі қарай іске асып, ұлттық байлық ел игілігіне тиімді қызмет етпек. Бұл президенттік бастама қалай орындалады? Бұған дейін газдандыруда қандай жетістікке қол жеткізілді?
Көгілдір отынның кең өрісі
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан аймақтағы мұнай-газ өндіретін жетекші мемлекет ретінде отынға қатысты мәселелерді толық шешуге міндетті екенін, тиісінше, соған мүмкіндік беретін мықты инфрақұрылымды қалыптастыруы керегін қадап айтты.
– Бұл – аса маңызды және шұғыл міндет! Көмірсутегі ұлттық экономиканың негізін құрап, бюджетке валюталық түсімнің қомақты бөлігін қамтамасыз етеді. Мұнай-газ шикізаты – экспорттан пайда әкелуімен қатар қалаларымыз бен ауылдарымызды қамтамасыз ететін бағасы қолжетімді жылу мен қуат көзі. Сондықтан біз елді мекендерге газ құбырын тартуды жеделдетуді жоспарлап отырмыз. Көгілдір отынмен қамту деңгейін қазіргі 65 пайызға жуық көрсеткіштен 80 пайызға дейін арттыру міндетін қоямын, – деді Қ.Тоқаев.
Үкіметтің дерегінше, өңірлерді газдандыруға бір жылда 112,4 млрд теңге жұмсалыпты. Соның нәтижесінде, 2 мың шақырымнан аса желі салынды. Энергетика министрлігі, мысалы, «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының мерзімінен 1 жыл 4 ай бұрын аяқталуын «энергетика секторындағы маңызды оқиға» деп бағалады. Оны іске қосу Жетісу облысының 84 елді мекенін табиғи отынмен қамтуға және дәл осы өңірді газдандыру деңгейін 76%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Үкіметтің ресми мәліметіне жүгінсек, 2026 жылы Қазақстанды газдандыру көрінісі келесідей: 13,1 млн адам немесе жалпы халықтың шамамен 64,2%-ы көгілдір отынға қол жеткізді. Өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш Атырау және Маңғыстау облыстарында тіркелген – 99,8%. Одан кейін БҚО – 99,7%, Алматы қаласы – 99,6%, Шымкент – 97,8%, Ақтөбе облысы – 94,2%, Жамбыл облы-сы – 92%, Түркістан облысы – 87,8%, Қызылорда облысы – 83,2%, Алматы облысы – 77,8%, Жетісу облысы – 67,9%, Қостанай облысы – 60,4%. Газдандыру деңгейі төмен өңірлер қатарында Астана (17,7%), сондай-ақ Ақмола (15,3%), Қарағанды (5,8%), Ұлытау (4,3%) облыстары және ШҚО (3,3%) бар.
Табиғи газдың қызығын қазірден көріп отырған тұрғындарының үлесі жөнінен өңірлердің рейтингі өзгешелеу: Алматы қаласында – 2 млн 338 мың адам, Түркістан облысында – 1 млн 887 мың, Шымкентте – 1 млн 265 мың, Алматы облысында – 1 млн 242 мың, Жамбыл облысында – 1 млн 118 мың, Ақтөбе облысында – 900 мың, Маңғыстау облысында – 818 мың, Атырау облысында – 715 мың, Қызылорда облысында – 704 мың, БҚО-да – 694 мың, Жетісу облысында – 467 мың, Қостанай облысында – 406 мың, Астанада – 290 мың, Ақмола облысында – 121 мың, Қарағанды облысында – 65,9 мың, ШҚО-да – 23,6 мың және Ұлытау облысында – 9,5 мың адам. Әйткенмен, Ranking агенттігінің сарапшылары Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарының әлі күнге мүлде газдандырылмағанын қаперге салды. Олай болса жауапты шенеуніктер осы аймақтарға да назар аударса жөн.
Қуат бар жерде өрлеу бар
Сонымен бір мезгілде мемлекет тауарлық газдың ресурстық базасын кеңейтуге тырысып жатыр. Президент қойған міндеттерге сәйкес, Үкімет «Газ саласын дамытудың кешенді жоспарын» және «Перспективалы жаңа кенорындарын игеру жоспарын» бекітті. Оның аясында 30 жер қойнауы учаскесін игеру қарастырылған. QazaqGaz ұлттық компаниясымен 9 келісімшарт жасалды. Оның ішінде 6 жоба – барлау, 3 жоба – өндіру сатысында. 2023-2025 жылдары QazaqGaz және «ҚазМұнайГаз» Анабай, Барханная, Рожковское және Батыс Прорва кенорындарын өнеркәсіптік игеруге енгізді. 2027 жылы Западная Прорва кенорнының екінші іске қосу кешенін және Малдыбай, Придорожное, Өріктау кенорындарын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Елді газдандыру 2035 жылға дейінгі газдандырудың бас схемасы шеңберінде жүзеге асырылады. 2026 жылы газ тасымалдау жүйесін дамыту жалғасты. Барлығы 40 жоба көзделген: 7 ауыспалы жоба, 33 жаңа жоба бар. Солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында 2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Үкіметі мен ресейлік «Газпром» арасында «Есіл – Астана» магистралды газ құбырын салу жобасы туралы меморандумға қол қойылды, – деді энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Оның түсіндіруінше, осы келісімді жүзеге асыру Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен тұрақты түрде жабдықтауға, сондай-ақ елдің 4 солтүстік өңіріне табиғи газ жеткізу бағдарларын әртараптандыруға тиіс. Жобалар уақытылы қаржыландырылса, сондай-ақ «Есіл – Астана» магистралды газ құбырын салу жобасы табысты жүзеге асса, онда елді газдандыру деңгейі қазіргі 64,2%-дан 2035 жылға қарай 80%-ға дейін ұлғайып, Президенттің тапсырмасы орындалар еді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы газ өндіру көлемі 68,2 млрд текше метрді құрады. Биылғы бес айда 25,9 млрд м3 газ өндірілді. 2026 жылға арналған жоспар – 64,5 млрд м3. Тауарлық газ өндірісін 2026 жылы былтырғы 27,4 млрд м3 деңгейінде сақтау жоспарланып отыр. Биылғы бес айда 10 млрд м3 тауарлық газ өндірілді. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай Қазақстанда тауарлық газ өндірісі 31,3 млрд текше метрді құрауы қажет. Бұл көлем ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік бермек.
Министрліктің басым 6 міндеттерінің бірі – жаңа инфрақұрылымдық және газ өңдеу жобаларын уақытылы іске қосу. 2026 жылдың соңында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының ІІ желісінің І кезеңінің желілік бөлігінің құрылысын аяқтау жоспарланыпты. Ал 2027 жылы қуаты жылына 1 миллиард м3 болатын Қашағандағы газ өңдеу зауытын, сондай-ақ Жаңаөзен қаласындағы қуаты жылына 900 млн м3 болатын Қазақ газ өңдеу зауытын пайдалануға беру күтіліп отыр.
2029 жылы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының ІІ желісінің ІІ кезеңі жүзеге асырылуға тиіс. Бұл жылына 15 млрд текше метр тауарлық газ өткізу қуатына дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 2030 жылға қарай Қашағандағы қуаты жылына 2,5 млрд м3 газ өңдеу зауытын, сондай-ақ Қарашығанақтағы қуаты жылына 5 млрд м3 болатын газ өңдеу зауытын іске қосу көзделген. Аталған жобалар газ өңдеу көлемін ұлғайтып, газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтіп, өңірлерді тұрақты газбен қамтамасыз етпек.
Цифрлы даму көшіне ілескен сала
Ақылмен істелген істің игілігі мен берекесі мол болады. Ал қазіргі заманның «үлкен ақылы» цифрлық әлемде шоғырланған. Тұтынушыларға қызмет сапасын жаңа белеске көтеру және цифрлық сервистерді дамыту үшін газ саласын ауқымды цифрландыру жобалары кешені түрде жүзеге асырылмақ. Aqyl Energy жобасы шеңберінде газды есепке алудың зияткерлік аспаптары енгізіліп жатыр. Бүгінде елге 49 мың Smart есептегіш жеткізілді, жоба өндіріс пен тұрмыста жалпы 1 миллион 352 мың ақылды есепке алу аспабын енгізуге бағытталған.
QazaqGaz Aimaq компаниясы тұтынушыларға газ есептегішінің көрсеткіштерін онлайн режимде тапсыруға мүмкіндік беретін цифрлық сервисті жүзеге асырды. Қызметтің басты артықшылығы – есептегіштің фотосуреті арқылы көрсеткіштерді автоматты түрде тану: бұл деректерді енгізу үдерісін жеңілдетеді. Сонымен қатар тұтынушылар нақты уақыт режимінде газ тұтыну көлемін, төлемдер тарихын, есептеулер мен берешек туралы ақпаратты көре алады. Бұдан бөлек, сервис есептеу құралын мерзімдік тексеруден өткізу қажеттілігі туралы уақытылы хабарлама жібереді. Мұның сыртында тәулік бойы кеңес беретін AI-көмекші пайдаланушыларға үздіксіз ақпараттық қолдау көрсетеді екен.
Газ саласын цифрландыру аясында мемлекет газбен жабдықтауға қосылуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі мемлекеттік қызметті цифрландыру жұмысын жүргізу үстінде. Цифрландыру нәтижесінде қағаз құжат айналымы мен азаматтардың газбен жабдықтау ұйымдарына бару қажеттілігі жойылды. Бүгінде өтініш берушілер өтінімді онлайн режимде жолдап, оның қаралу барысын толық бақылай алады.
Осы арқылы мемлекеттік қызмет көрсету процесінің ашықтығы арттырылып, адами фактордың ықпалы азайтылды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендетілді. Азаматтар мен бизнес өтінімдерін eGov порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы береді.
«Бұдан бөлек, газ тарату желілері цифрландырылып жатыр. Бұған дейін 65 мың шақырым желі (91%-ы) және 2 млн 330 мың тұтынушы (93%-ы) цифрландырылды. Бұл газ тарату желілері мен тұтынушылардың бірыңғай цифрлық базасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Министрлік тауар биржаларынан тыс ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарын қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік функцияны да автоматтандырды», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Саланы цифрлық трансформациялау үшін Жасанды интеллект министрлігіне Энергетика министрлігімен бірлесіп, газды есепке алудың бірыңғай цифрлық платформасын құру міндеті қойылды. Ресурстық базаны ұлғайту мақсатында Энергетика министрлігіне «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірлесіп, жаңа перспективалы учаскелерді геологиялық зерттеуді жеделдету, заманауи барлау технологияларын белсенді енгізіп, жеке инвестиция тарту үшін ашық әрі қолайлы жағдай жасау жүктелді. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісін, сондай-ақ «Есіл – Астана» жаңа газ құбырын уақытылы салудың стратегиялық маңызы зор. Бұл жобалар Астананы, оңтүстік және солтүстік өңірлерді газбен қамту сапасын арттырып, өнеркәсіптің дамуына серпін береді және еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтады.
Өңір әкімдіктеріне магистралды инфрақұрылым нысандарын пайдалануға беру мерзімдерін жергілікті газ тарату желілерінің дайындық деңгейімен үйлестіру тапсырылды. Бұл ретте тиімділіктің басты көрсеткіші тартылған құбырлардың ұзындығы ғана емес, үйлерінде газ пайда болып, желіге нақты қосылған абоненттер санымен өлшенбек.
Осы орайда елімізде тұтыну көлемінің серпінді өсуіне байланысты мемлекет шектеу енгізуге де мәжбүр. Үкімет қабылдаған соңғы шешімге сәйкес, көгілдір отын бірінші кезекте тұрғындардың қажеттілігіне және жоғары технологиялық өндірістерінің дамуына бағытталатын болады. Энергетика министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тауарлық газға қосылғысы келетін жаңа өндіріс орындарының энергия тиімділігінің талап-критерийлерін 1 ай ішінде, келесі айдың ортасына дейін әзірлеу жүктелді. Премьер-министр Олжас Бектенов газды «энергияны көп қажет ететін және тиімділігі төмен өндірістерге бөлуге» тыйым салды. Тапсырмаларды бақылау және істі үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.
Қорыта айтқанда, газдандыру – жай ғана инженерлік жоба емес, ол елдің ертеңіне салынған инвестиция. Бұл – энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық тұрақтылық және халықтың жайлы тұрмысының кепілі. Былтыр ішкі газ тұтыну көлемінің 20 млрд текше метрге жетуі осының жарқын дәлелі. Экономика ілгерілеп, өндіріс өрістеп, халық саны мен тұрмыс деңгейі артқан сайын көгілдір отынға деген қажеттілік те ұлғая береді. Сондықтан саланы дамыту қысқамерзімді жоспармен емес, ұзақмерзімді көзқараспен жүзеге асырылғаны маңызды. Сонда ғана Қазақстанның әр өңіріне бағасы қолжетімді көгілдір отынның игілігі толық жетіп, елдің тұрақты дамуына берік негіз қаланады.
Айхан ШӘРІП