Астанадағы саябақтар мен гүлзарларда қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша рейдтер жүріп жатыр

Полиция өкілдері демалушыларға түсіндіру өткізіп, тазалықты сақтаудың және қоғамдық орындарға ұқыпты қараудың маңызын еске салды.

Астананың Алматы ауданындағы Триатлон паркінде «Заң мен тәртіп» қағидаты мен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында қоғамдық орындарды ластау жағдайларын анықтауға бағытталған профилактикалық рейд өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Астана әкімдігіне сілтеме жасап.

Рейдке аудан әкімдігінің қызметкерлері мен Алматы аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері қатысты.

Алматы аудандық Полиция басқармасына қарасты №4 учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты аға инспектор, полиция майоры Нұралы Танірбергеновтің айтуынша, мұндай шаралар бір реттік емес, тұрақты түрде өткізіледі. «Триатлон паркі біздің тұрақты бақылауымызда. Қызметкерлеріміз күн сайын таңертең, күндіз және кешке бұл аумақта патрульдік қызмет атқарып, бақылау жүргізеді. Бұл – полицияның күнделікті жұмысының бір бөлігі», – деді ол.

Оның айтуынша, саябақтар мен гүлзарларды ластау фактілері кездескенімен, ондай жағдайлар салыстырмалы түрде сирек болады. Заңбұзушылық анықталған жағдайда полиция қызметкерлері алдымен профилактикалық түсіндіру жүргізеді, ал қажет болған жағдайда әкімшілік материалдар рәсімдейді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы  1-бөлігіне сәйкес, қоғамдық орындарды коммуналдық қалдықтарды тастау арқылы ластағаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 40 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы қарастырылған. Ал бір жыл ішінде құқықбұзушылық қайталанса, жаза 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлға немесе 80 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға дейін күшейтіледі.

Мұндай рейдтердің маңыздылығы туралы елорда тұрғыны Бақыт Мейірғазыұлы да өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, тазалық мәдениеті ең алдымен отбасында қалыптасады.

«Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Егер ата-ана өзі тазалықты сақтаса, бала да соны бойына сіңіреді. Басқалар қоқыс тастап жатса да, өз балаңды қоқысты міндетті түрде жәшікке салуға үйрету керек. Тазалық – отбасынан басталады», – деді ол.

Елорда тұрғындарының айтуынша, мұндай жұмыстар жастардың қоршаған ортаға және қоғамдық кеңістіктерге жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, саябақтарда, гүлзарларда және басқа да көпшілік демалатын орындарда профилактикалық рейдтер елорданың барлық ауданында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгін осындай рейд Ботаникалық бақта да ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және елордада қоғамдық тәртіпті сақтау.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.