Ақмола облысында соңғы жылдардағы ең ірі дала өрттерінің бірі тіркелді. Қызыл жалын Степногор қаласы мен оның айналасындағы бес бірдей ауылға бірдей қауіп төндіріп, оны ауыздықтауға жүздеген құтқарушы, ондаған техника және авиация жұмылдырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, үш күн бойы тілсіз жаумен арпалысқан құтқарушылар Ақмола облысының Степногор қаласы мен оған іргелес бірнеше елді мекеннің маңында тұтанған ірі дала өртін әупірімдеп жүріп зорға тоқтатқан. Табиғаттың тосын мінезінен – найзағайдан тұтанған жалын санаулы сағат ішінде кең аумаққа таралып, Байқоныс, Бестөбе, Изобильное, Бөгенбай, Сілеті ауылдары мен Степногор қаласын тып-типыл ете жаздаған. Алапат өртті тоқтату үшін Төтенше жағдайлар министрлігі бұрын-соңды болмаған ауқымдағы күш пен техниканы жұмылдырды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт құрғақ шөптен тұтанып, айналасын тұтастай шарпыған. Жалынның таралуына жол бермеу үшін оқиға орнына ТЖМ бөлімшелерімен қатар жергілікті атқарушы органдар мен өзге де мемлекеттік қызметтердің күштері жұмылдырылды.
– Өрт ошақтарының бір бөлігі жетуі қиын аумақтарда орналасқандықтан, арнайы авиация қолданылды. Әуеден жүргізілген операция барысында ТЖМ-нің әуе кемесі өрт ошақтарына 38 тонна су төгіп, жалынның елді мекендерге қарай таралуына тосқауыл қойды, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттердің шығуына найзағай разрядтары себеп болған.
Қазіргі уақытта жағдай Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің тұрақты бақылауында. Оқиға орындарында жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, елді мекендерге қауіп жоқ, алайда жекелеген ошақтарды толықтай сөндіру жұмыстары әлі де жалғасуда.
Ауқымды өртпен күреске ТЖМ мен өзге де мемлекеттік органдардың 300-ге жуық қызметкері, 55 бірлік техникасы, сондай-ақ ҚР ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» АҚ мен «Қазавиаорман» РМК-ның екі әуе кемесі тартылған.
Бұл оқиға Ақмола облысындағы соңғы жылдардағы ең ауқымды дала өрттерінің бірі ретінде есте қалуы мүмкін. Жүздеген құтқарушының үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында жалын бес ауыл мен Степногор қаласына жетпей тоқтатылып, ірі апаттың алдын алуға мүмкіндік туды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы