Қазақстан BYD-мен технологиялық ынтымақтастықты дамытып жатыр

Кездесу қорытындысы бойынша, Қазақстан қалалары үшін интеллектуалды көлік шешімдерін дамытуды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында BYD Flash Charge жоғары жылдамдықты қуаттау стансалары желісін салуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Мемлекет басшысының Шанхайға сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев BYD компаниясының басшылығымен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Келіссөздер барысында тараптар интеллектуалды көлік, цифрлық инфрақұрылым және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Компания өкілдері қазақ тілін қолдайтын AI-ассистентті, жартылай өткізгіштер, күштік электроника саласындағы шешімдерді, сондай-ақ электромобильдерді қуаттау уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік беретін Blade Battery 2.0 және Flash Charging технологияларын қоса алғанда, озық әзірлемелерді таныстырды.

Кездесу қорытындысы бойынша, Қазақстан қалалары үшін интеллектуалды көлік шешімдерін дамытуды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында BYD Flash Charge жоғары жылдамдықты қуаттау стансалары желісін салуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

BYD-мен ынтымақтастық автомобиль саласы контекстінде ғана емес, сонымен қатар цифрлық инфрақұрылымды дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және Қазақстанда бірлескен жоғары технологиялық жобаларды іске асыру мүмкіндігі ретінде қарастырылады.