Орталық сайлау комиссиясы: екі партия үміткерлер тізімін тіркеді

Сонымен қатар бейнеконференциялық байланыс арқылы облыстардың, елорда және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері де қосылды.

Бүгін 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының ІІІ отырысы өтті. Отырысқа сондай-ақ  Respublica  партиясының басшылары, ЕҚЫҰ ДИАҚБ атынан байқаушылар, Бас прокуратура, Қаржы, Ішкі істер, Әділет министрліктерінің және БАҚ өкілдері қатысты.

Сонымен қатар бейнеконференциялық байланыс арқылы облыстардың, елорда және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері де қосылды. 

Күн тәртібіне сәйкес «2026 жылдың 23 тамызына тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға  Respublica партиясы қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы» мәселе қаралды.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бұған дейін ОСК-ға 7 саяси партияның тиісті құжаттарын тапсырғанын атап өтті. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жолдаған сұрауына сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар партиялық тізімге енгізілген тұлғалардың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заң талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді.

«Биылғы   7 шілдеде  Respublica  партиясы Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысу үшін партиялық тізімін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы заңнамаға сәйкес барлық қажетті рәсімдерді жүзеге асырды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының құзыретіне саяси партиялардың Құрылтай сайлауындағы партиялық тізімдерін тіркеу мәселесі жатады», деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Өз баяндамасында ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов бұған дейін партия тарапынан Орталық сайлау комиссиясына 76 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынғанын еске салды. Сонымен бірге кейіннен Орталық сайлау комиссиясына кандидат Темірғалиева Сәния Бақытжанқызының өз еркімен партиялық тізімнен шығару туралы өтініші келіп түсті.

«Өтініш 2026 жылғы 11 шілдеде келіп түсті. Сайлау туралы конституциялық заңның 90-бабы 1-тармағына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы өз құзіреті шеңберінде  Respublica  партиясы  қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімінен Темірғалиева Сәния Бақытжанқызын алып тастау бойынша тиісті шешім жобасын әзірледі. Осының негізінде қазіргі уақытта партиялық тізімде 75 адам бар. Оның ішінде 38 кандидат әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Бұл кандидаттардың жалпы санының 50,7 пайызын құрайды. Заңда белгіленген квота сақталған. Партиялық тізімге енгізілген барлық тұлғалар Конституцияның және Сайлау туралы конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді»,  деп атап өтті Шавхат Өтемісов.

Сондай-ақ  ОСК хатшысы VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында партияның 8,59 пайыз дауыс жинағанын ескере отырып,  Respublica  партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылатынын айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тиісті қаулылар қабылдады. Бұдан кейін саяси партияның өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Бүгін ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны аясындағы Орталық сайлау комиссиясының төртінші отырысы өтті.

Күн тәртібіне сәйкес, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға қатысу үшін «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу мәселесі қаралды.

Отырысты ашқан ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысуға 7 саяси партия жіберілгендігін атап өтті. Сондай-ақ ол биылғы жылғы 9 шілдеде Орталық сайлау комиссиясына "Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы" партиялық тізімін ұсыну туралы құжаттарын тапсырған  болатын. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкестігін айқындау рәсімдерін жүргізді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның 89-бабына сәйкес әрбір саяси партиядан тек бір ғана партиялық тізім тіркеуге жіберілетінін атап өтті. Сонымен қатар партиялық тізімдегі үш санаттағы өкілдердің, яғни әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайызды құрауы тиіс.

«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының партиялық тізіміне 33 адам енгізілген. Оның ішінде 14 кандидат әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына жатады, бұл жалпы жиынтық бойынша 30 пайыздан асады. Заңда белгіленген квота талаптары сақталған. Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп кандидаттарға қатысты тиісті тексеру жүргізді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша партиялық тізімге енгізілген барлық кандидат Қазақстан Республикасы Конституциясының және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді деп танылды»,  деп атап өтті Михаил Бортник.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі сондай-ақ "Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы" 2023 жылғы 19 наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында сайлаушылардың 5 пайыздан астам дауысын жинағанын атады. Осыған байланысты заңнамаға сәйкес аталған партия сайлау жарнасын төлеуден босатылады.

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері тиісті хаттамаларға қол қойғаннан кейін 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы қабылданды. Тіркелген кандидаттарға тиісті куәліктер табысталды.

Отырыс қорытындысы бойынша, партия басшылығы дәстүрлі брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.