Димаш Құдайбергеннің ақын Жүрсін Ерманға сәлем берген сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кейбір желі қолданушылары ақынның әншіге бата бермегенін айтып, түрлі пікір білдірген.
Осыған байланысты Димаштың анасы Света Айтбаева өз ойын айтты. Оның пікірін журналист Ербол Мәндібек Facebook парақшасында жариялаған.
Света Айтбаеваның айтуынша, оқиға әуежайда болған. Сол кезде Димаш тіркеуден өтіп, ішке кіріп бара жатып Жүрсін Ерманға жолай сәлем берген. Сондықтан бұл арнайы барып бата сұраған кездесу болмаған.
Ол сондай-ақ Жүрсін Ерманның жолдан шаршаған болуы мүмкін екенін айтып, денсаулығына байланысты артық әңгіме қозғаудың қажеті жоқ екенін жеткізді.
«Жүрсін Ерман – қазақ өнеріне үлкен еңбек сіңірген тұлға. Біз ең алдымен сол еңбегін құрметтейміз. Димаш та халқымыздың ақ батасымен өсіп келе жатқан өнер иесі. Ол үлкенге сәлемін берді, ең маңыздысы – осы», – деді Света Айтбаева.