Ғылым және жоғары білім министрі ҰБТ-дан 140 балл жинаған түлекпен кездесті

Кездесуге Әсеттің ата-анасы да қатысты.

Кеше Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2026 жылғы негізгі ҰБТ-да ең жоғары 140 балл жинаған түлек Әсет Альтаирмен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесу барысында министр талапкерді жоғары нәтижесімен құттықтап, бұл жетістік қажырлы еңбек пен жүйелі дайындықтың, білімге деген ұмтылыстың нәтижесі екенін атап өтті.

«Бұл жетістік – табандылықтың, мақсатқа адалдықтың және үздіксіз еңбектің жемісі. Сенің нәтижең мыңдаған талапкерге үлгі болады деп сенемін. Алдағы студенттік өміріңе сәттілік, таңдаған мамандығыңда биік белестерді бағындырып, еліңнің дамуына үлес қоса беруіңе тілектеспін», – деді министр.

Кездесуге Әсетті қолдау үшін оның ата-анасы да қатысты. Министр оларға баласының білім алуына жағдай жасап, әрдайым қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, талапкердің жетістігінде отбасының тәрбиесі мен қамқорлығының орны ерекше екенін атап өтті.

Әсет Альтаир ҰБТ-ға дайындық тәжірибесімен бөлісіп, болашақ мамандығын таңдау туралы айтып берді.

Еске сала кетейік, Павлодар қаласындағы №7 жалпы орта білім беру мектебінің түлегі Әсет Альтаир 2026 жылғы негізгі ҰБТ-да «Математика – География» пәндер комбинациясын таңдап, алғашқы мүмкіндігінде 140 балл жинады. Сонымен қатар ол «Үздік аттестат» иегері.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.