Сеул қаласында қазақстандық делегация Кореяның мемлекеттік органдары мен жетекші компанияларының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, екіжақты әріптестікті дамыту, тәжірибе алмасу және ортақ жобаларды жүзеге асыру мәселелерін пысықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Кездесулердің бірі «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры Басқарушы кеңесінің төрағасы Ерлан Каналимов пен Оңтүстік Кореяның мәдениет, спорт және туризм вице-министрі Ким Дэ Хённің қатысуымен өтті. Тараптар креативті экономиканы дамытудағы мемлекеттік саясат, шығармашылық кәсіпкерлікті қолдау тетіктері және ұлттық контентті халықаралық нарыққа ілгерілету бағытындағы тәжірибелерін ортаға салды.
Жиын қорытындысында Қор мен Корея Республикасының креативті контентті дамыту агенттігі (KOCCA) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат кино, музыка және креативті экономиканың өзге де бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды, білім беру бағдарламаларын ұйымдастыруды, тәжірибе алмасуды және ортақ сараптамалық зерттеулер жүргізуді көздейді.
Сапар барысында қазақстандық делегация Азиядағы ірі медиакомпаниялардың бірі – MBC корпорациясы мен әлемдік музыка индустриясындағы жетекші компаниялардың бірі HYBE басшылығымен де кездесті. Кездесу барысында контент дайындау, зияткерлік меншік нысандарын коммерцияландыру, жасанды интеллект технологияларын пайдалану, цифрлық платформаларды дамыту және креативті өнімді халықаралық нарыққа ілгерілету мәселелері сөз болды.
Келісімдер Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы креативті индустрия саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға жол ашып, еліміздің авторлары мен шығармашылық кәсіп иелері үшін халықаралық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етпек. Сонымен қатар қазақстандық креативті өнімнің әлемдік нарықтағы әлеуетін арттыруға да серпін береді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.