Еліміздің батысындағы Орал қаласынан шамамен 300 шақырым қашықтықта Жаңақала аудандық ауруханасы бүгінде 21 мыңнан астап тұрғынға уақытылы ем көрсетіп, өңір жұртын сауықтырып жатыр. Бұл туралы Жаңақала аудандық ауруханасы директоры Дәурен Кукенов айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, қазір Болат Өтемұратов қорының елдегі денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған көмегінен Жаңақала аудандық ауруханасы шеттеліп қалмаған. Қордың қолдауымен Жаңақала аудандық ауруханасына заманауи талаптарға сай жабдықталған реанимобиль табысталған.
Еске сала кетейік, 2020 жылы ауруханаға қор 44 миллион теңгеге жедел-жәрдемге қажетті барлық құрылғысымен жабдықталған реанимобиль мен 14 миллион теңгеге тыныс алу құрылғысын тарту еткен.
Сол реанимобильдің құрамында жасанды тыныс алу аппараты, жүрек-өкпе реанимациясына арналған аппарат, электрокардиограф, дефибриллятор, инфузиялық помпа, инфузиялық насос және пульсоксиметр секілді өмірлік маңызы бар медициналық құрылғылар бар.
– Бұл жабдықтар шұғыл медициналық көмекті уақытылы әрі сапалы көрсетуге мүмкіндік берді. Біздің ауданда 21 326 тұрғын өмір сүреді. Жыл сайын аудандық ауруханада тыныс алу жүйесінің әртүрлі патологияларымен орта есеппен 8–10 сәби дүниеге келеді. Мұндай жағдайда жаңа реанимобиль жаңа туған нәрестелер мен ауыр халдегі науқастарды облыстық мамандандырылған медициналық ұйымдарға қауіпсіз әрі уақытылы жеткізуге, жол бойында қажетті қарқынды ем-шараларды үздіксіз жүргізуге мүмкіндік туды. Көлік балаларға ғана емес, барлық жастағы науқастарға шұғыл жағдайда сапалы медициналық көмек көрсетіп, ел ішінде қолжетімділігін арттырды.
Алыс ауылдық аймақ тұрғындары үшін мұндай қолдау – адам өмірін сақтап қалудағы маңызды қадам. Жаңақала аудандық ауруханасының ұжымы Болат Өтемұратов Қорына аудан тұрғындарының денсаулығын қорғауға қосқан зор үлесі, көрсеткен жанашырлығы мен қолдауына алғысымыз шексіз. Осындай игі істің арқасында талай адамның өміріне үміт сыйлап, қуанышының ортаймауына септігі тиіп жатыр, – дейді Жаңақала аудандық ауруханасы директоры Дәурен Кукенов.
Негізі Жаңақала аудандық ауруханасы Батыс Қазақстан облысы аумағында 8 ауылдық округті қамтып, жергілікті халыққа толыққанды медциналық көмек көрсетіп отыр. Ауданның алып жатқан аумағының өзі солтүстіктен оңтүстік аралықтағы 200 шақырымды қамтиды. Ал Жаңақала ауданынан ең алшақ ауылдың қашықтығы – 90 шақырым. Облыс орталығы Орал қаласына дейін 250 шақырым. Сол себепті бұл аймаққа реанимобильдің қажеті қат еді.