ECO FEST – «Заң мен тәртіп» экологиялық фестивалі

«Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бастамалары аясында Қара­ған­­ды облысында түрлі іс-шара өтуде. Сондай керекті де маңызды іс ECO FEST – «Заң мен тәртіп» экологиялық фестивалі Қарағанды қала­сын­да өтті. Іс-шара қоршаған ортаны қорғау идеясы төңірегіне әртүрлі жастағы қала тұрғындарын біріктірді.

Экофестиваль аясындағы негізгі іс-шара­лардың бірі пластик бөтелкелерді жи­нау акциясы болды. 

Қала тұрғындары бастаманы белсенді қолдап, пластик ыдыстарды қайта өңдеуге тап­сырды. 

Алғыс ретінде қатысушылар тапсырған бөтелкелерінің санына қарай балмұздақ, хайуанаттар бағына, балалар теміржолына және киноға билеттер алды.

Барлығы 8 мыңнан астам балмұздақ ба­лаларға таратылса, кинотеатр, хайуа­нат­тар бағына және Орталық саябақтағы ба­ла­лар теміржолына 1000 билет қолға беріл­ді.

Фестиваль қонақтары үшін сондай-ақ «Қа­ладағы заң мен тәртіп» атты та­қы­­рып­­тық квест ұйымдастырылды. Оның бас­­ты кейіп­кері жаңа Конституция­ны бейне­лей­тін символдық кейіпкер – Парасат үкісі бол­ды. Қатысушылар ойын форматында эко­логия, азаматтық жауапкершілік және заң талаптарын сақтау тақырыптарына арналған тапсырмаларды орындады.

Экофестиваль Қарағанды қаласы әкім­дігінің қолдауымен «Заң мен тәртіп» идео­логиясы және «Таза Қазақстан» рес­пуб­ли­калық экологиялық акциясы аясында Қара­ғанды қаласының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтті.

– Экофестиваль – жай ғана экология­лық акция емес, бұл жастарға қалаға деген жанашырлықтың әр адамның жеке жауап­кер­шілігінен басталатынын көрсететін алаң. «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәр­тіп» бастамалары аясында біз адамдарды та­залық, қоршаған ортаға құрметпен қарау жә­не белсенді азаматтық ұстаным сияқты қа­рапайым, бірақ аса маңызды құнды­лық­тар төңірегіне біріктіріп келеміз. Жиналған әрбір қап қоқыс, қайта өңдеуге тапсырыл­ған әрбір пластик бөтелке және егілген әр­бір ағаш – Қарағандының болашағына қо­сылған нақты үлес. Таза қала – бәрімізге ортақ іс, – деді Қарағанды қаласының Жас­тар ресурстық орталығы жетекшісінің мін­детін атқарушы Заңғар Серіков.

Фестиваль экологиялық бастамаларды насихаттайтын маңызды алаңға айналды. Оның басты мақсаты – экологиялық мә­дениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқып­ты қарауды дәріптеу, экологиялық жауапкершілікті дамыту және тұрғындарды қалдықтарды бөлек жинауға тарту.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы