Мемлекеттіліктің берік діңгегі

Әлемнің тарихи даму көшінде мемлекеттіліктің баяндылығын, ел тұтастығын бекемдейтін басты бір құндылық – Әділеттілік. Қазақстан жаңарудың жаңа сатысына қадам басып, елдіктің рухани-құқықтық сипатын түзу үстінде. Бұл ретте Президенттің «Әділетті Қазақстан» құруға бағытталған саяси ерік-жігері ең алдымен «Заң және тәртіп» қағидаты мен заң үстемдігін қамтамасыз етуге, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және азаматтардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз қорғауға бағдарланған.

Прокуратура органдары қызметінің бас­ты назарында дәл осы жасампаз бағытты іс­ке асыру мәселесі тұр. Заң үстемдігі – бұл әрбір азаматтың ертеңгі күнге сенімі, мем­лекеттің мызғымас іргетасы. Тәртіп бар жер­де ғана береке тұрақтайды, ал әділдік пен тәртіпті тең ұстай білу елдік сананың ең биік шыңы.

Елде ауқымды реформалар жүргізілді. Бұл өзгерістер тек мемлекет құрылымын ға­н­а емес, қоғам қабаттарын да қамтыды. Жаңа Конституция адам құқықтарының ке­пілдіктерін едәуір күшейтіп, оларды қор­ғау тетіктерін кеңейтті. Бас прокурор Берік Асылов атап өткендей: «Прокурату­ра конституциялық реформалардың не­­­­гізгі мақсаттарына қол жеткізуге өз үле­сін қосуға тиіс. Біздің міндетіміз – Конс­­титуцияның әрбір нормасының аза­­­маттардың өмірінде нақты жүзеге асуын қамтамасыз ету және заңның бүкіл қо­ғам үшін бұлжымас құндылық болып қалуына ықпал ету». Ата заңның әрбір әр­пі тіршілік тынысына, әр азаматтың қор­ғанына айналғанда ғана әділеттілік сал­танат құрмақ.

Тәртіптің тегеурінді нығаюына құқық қор­ғау органдары қызметін үйлестіру, құ­қық­бұзушылықтардың алдын алу және цифрлық технологияларды енгізу ықпал ете­ді. Осы бірлескен, жүйелі жұмыс нә­ти­жесінде Қазақстанда қылмыстық құ­қық­бұзушылықтар деңгейі биыл 10%-ға тө­мендеді, алаяқтық қылмыстар саны 13%-ға азайыпты. 

Прокуратура органдары құқық қорғау органдарымен және қаржы институттарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, есірткі трафигінің интернет инфрақұрылымын жою­да белсенді қимылдады. Бұл – ұлт сау­лығы мен болашақ ұрпақтың тағдыры үшін жүріп жатқан ымырасыз майдан. Қа­былдаған шаралар нәтижесінде 2025 жыл­дан бері 530 мың «дропперлік» шот бұ­ғат­талып, 2,6 млрд теңге көлеміндегі есірт­кіден түскен заң­сыз кірістерге тосқауыл қойылды, сон­дай-ақ осы бағыттағы 10 мың сайттың қыз­меті тоқтатылды. 

Азаматтардың конституциялық құқық­та­рын қорғау қоғам өмірінің барлық не­гіз­гі әрі сезімтал саласын қамтиды. Мем­­­лекеттің ең басты байлығы – адам жә­не оның лайықты өмір сүру құқығы. Про­курорлық қадағалау актілері бойынша 2,1 млрд теңге жалақы берешегі өтеліп, 168 мың жұмыскердің құқықтары қалпына келтірілді. Сонымен қатар мыңнан астам мүгедектігі бар адамның оңалту құралдарын алу, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қол жеткізу құқықтары қорғалды. 

Кәмелетке толмағандардың білім алу, тұрғын үймен қамтылу және медициналық көмек құқықтарының сақталуы прокурор­лардың тұрақты бақылауында. Мәселен, 10 мыңнан астам жасөспірімнің жоспар­лы ауруханаға жатқызылу, тегін тамақтану құ­қықтары орындалды. Сондай-ақ 2 мың­нан астам жетім бала баспанамен қам­та­масыз етіліп, тұрғын үй кезегіндегі құ­қық­тары қалпына келтірілді. Осы салада мем­ле­кеттік органдар мен ұйымдардың 2,9 мың лауазымды тұлғасы әртүрлі жазаға тар­тыл­ды. Бұл – жауапты қызметшілердің өз міндетіне немқұрайды қарауына жол берілмейтінін айқын ескерту.

Қазына қаржысының әрбір тиыны ел іргесін бекітіп, халық игілігіне жұм­салу­ға тиіс. Прокурорлар қабылдаған шара­лар­дың нәтижесінде мүлік, салықтар, эко­логияға келтірілген залал және басқа тө­лемдер түрінде мемлекет пайдасына 147 млрд теңге өндірілді. Мемлекет қазынасы – халықтың ортақ несібесі, ал оның тазалығы мен бүтіндігін сақтау мемлекеттік мүдденің алтын діңгегі болып қала бермек.

Президенттің мемлекеттік басқару тиім­ділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде прокурорлар 342 млрд теңге мемлекеттік қаражаттың та­лан-тараж болуына жол бермеді. Қар­жылық тәртіпсіздіктің алдын алу қыл­мысты індетке айналмай тұрып емдеумен тең. Қорыта айтқанда, заң мен тәртіпті ор­нықтыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын таппақ. Кінәлінің лайықты жазалануы, залалдың толымды өтелуі – заң алдында бәрінің тең екенін көрсететін әділ қоғамның басты өлшемі.

Айхан Шәріп