Алғашқы сессия барысында қатысушылар Құрылтайдың конституциялық жаңғыруы, оның заң шығару саласындағы өкілеттіктерін дамыту, заң жобаларын әзірлеу тетіктерін жетілдіру және сараптамалық сүйемелдеуді күшейту мәселелерін талқылады.
Сараптамалық жиынды ашқан Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов Құрылтайдың құрылуы заң шығарушы биліктің ашықтық, кәсібилік және кең қоғамдық қатысу қағидаттарына негізделген жаңа модельге көшудің көрінісі екенін айтты. Оның сөзінше, Құрылтайдың алғашқы сайлауы конституциялық реформаларды практикалық тұрғыда іске асыруда маңызды кезең болмақ. Сонымен қатар бұл мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланыстың жаңа үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Әділет вице-министрі Даниель Ваисов өз сөзінде Құрылтайдың конституциялық өзгерістер аясындағы орны мен жаңа өкілеттіктеріне, сондай-ақ оның мемлекеттік билік жүйесіндегі рөліне тоқталды. Вице-министрдің мәлімдеуінше, Құрылтай сайлауы жаңартылған заңнамаға сәйкес өтеді. Құрылтайдың барлық 145 депутаты бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізіммен сайланады. Мұндай тәртіп саяси партиялардың рөлін күшейтіп, сайлау бәсекесін жекелеген кандидаттардан гөрі партия бағдарламалары мен идеяларының бәсекесіне айналдыруға бағытталған.
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова сайлаудың мемлекеттік биліктің қайнар көзі халық екенін іс жүзінде көрсететін негізгі тетік екенін айрықша атап өтті.
– Сондықтан азаматтардың дауыс беруге белсенді қатысуы жаңа өкілді органның қоғам алдындағы беделі мен заңдылығын нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Жаңа Конституция – жаңа өмірге, жаңа технологиялық дәуірге жасалған маңызды қадам. Мұндай кезеңде білім, ғылым, адами капитал, мәдениет пен ұлттық бірегейлік айрықша мәнге ие. Жаһандану жағдайында «Өзімізді әлемге қалай танытамыз? Елді қалай дамытамыз? Балаларымызды қалай тәрбиелейміз? Отбасылық құндылықтарды қалай сақтаймыз?» деген сұрақтар қоғам үшін өзекті болып отыр. Сондықтан қабылданған Конституцияны іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған нақты қадамдар жасалып жатыр. Соның бірі – Құрылтайды сайлау. Құрылтайдың негізгі мақсаты – қоғамды біріктіру, түрлі әлеуметтік топ пен мүдделерді тоғыстыру және еліміздің тәуелсіздігіне негіз болған басты құндылықтарды сақтауға ықпал ету, – деді Айгүл Сәдуақасова.
Ал Еуразиялық интеграция институтының директоры Оразғали Селтеев қазақстандықтардың сайлауға қатысты көзқарасын анықтаған әлеуметтік зерттеу нәтижелерін жариялады. Нәтижесінде, сауалнамаға қатысқандардың 72,1 пайызы Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға дайын екенін айтқан.
– Бұл көрсеткіш азаматтардың Құрылтай сайлауына қызығушылығы жоғары екенін аңғартады. Онымен қоса, алдағы сайлауға қатысу деңгейі бұрынғы парламенттік сайлаумен салыстырғанда жоғары болуы мүмкін. Мұндай белсенділік Құрылтайдың қоғам алдындағы беделі мен заңдылығын нығайтып, азаматтардың елдегі саяси өзгерістерге атсалысуға дайын екенін көрсетеді, – деді Оразғали Селтеев.
Одан өзге Women in Tech Kazakhstan ұйымының жетекшісі Әсем Болатжан өз баяндамасында Құрылтайдағы гендерлік өкілдік мәселесіне тоқталды.
– Заң шығарушы биліктің жаңа моделі мен партиялық жүйедегі өзгерістер кәсіби кадрлық резервті қалыптастыруға көмектеседі. Сондықтан саяси партиялар әйелдердің кәсіби дамуына қолдау көрсетіп, олардың партиялық қызметке, мәслихаттарға, қоғамдық кеңестер мен сараптамалық алаңдардың жұмысына тең дәрежеде қатысуына жағдай жасауы қажет. Заң шығару процесіне әйелдердің кеңінен қатысуы Қазақстанның жаңа саяси жүйесінің жетілгендігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі болады, – деді Әсем Болатжан.
Жиынның екінші сессиясында парламенттердің қоғаммен байланыс орнатудағы халықаралық тәжірибесі сөз болды. Сонымен қатар қоғамдық қатысудың құқықтық тетіктері, цифрлық сервистерді дамыту және мемлекет пен азаматтар арасындағы тиімді диалогты нығайту жолдары қарастырылды.
Ұлттық ғылым академиясының Білім беру және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен парламенттердің қоғаммен байланыс орнатудағы халықаралық тәжірибесіне шолу жасады. Ол Швейцария, Финляндия, Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяның тәжірибесін мысалға келтіріп, азаматтардың мемлекеттік шешімдерді талқылау процесіне белсенді қатысуы заң шығарушы органдарға деген қоғамдық сенімді арттыратынын ерекше атап өтті.
– Мысалы, Швейцария тәжірибесін алайық. Онда парламент қоғаммен тікелей байланыста жұмыс істейді. Қоғамның қажеттіліктері ескеріліп, ашық талқылаулар мен кездесулер тұрақты өткізіледі. Нәтижесінде, қордаланған мәселелер парламент арқылы заңнамалық деңгейде ұсынылады. Оңтүстік Кореяда да осыған ұқсас тәжірибе қалыптасқан. Ұлттық ассамблеяның қызметі ашық әрі жария түрде жүргізіледі. Арнайы порталдар мен сайттар арқылы парламенттің жұмысы қоғамға толық қолжетімді. Азаматтар ұсыныстардың қалай қаралып жатқанын бақылап, процесті бақылап отыра алады. Қазақстандағы Құрылтай әлемдік озық тәжірибелерді негізге алып, сол модельдердің тиімді тұстарын енгізуі қажет. Құрылтай заң жобаларын ұсынумен ғана шектелмеуі қажет. Ең бастысы, халықтың ұсыныстарын жүйелі түрде жинақтап, олардың мемлекеттік шешімдерге ықпал етуіне мүмкіндік жасауға тиіс, – деді Жеңісбек Төлен.
Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Әйгерім Жүнісова цифрлық Құрылтай тұжырымдамасы мен e-Parlament моделін енгізу жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
– Заң жобаларын әзірлеу мен талқылаудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру қажет. Сонымен бірге заң шығару процесінің барлық кезеңі ашық болуға тиіс. Азаматтардың цифрлық форматта қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, заңнамалық бастамалар мен қоғамдық ұсыныстарды талдауда жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды, – деді Әйгерім Жүнісова.
Жиын соңында сарапшылар Құрылтайдың қалыптасуы Қазақстандағы саяси реформалардың заңды жалғасы екенін жеткізді. Олар алдағы сайлау жаңа өкілді органның тиімді жұмыс істеуіне негіз қалап, елдегі саяси жүйенің одан әрі дамуына ықпал етеді деп түйіндеді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы