Энергия тиімділігі немесе рәсуа болған ресурс

Қазақстан – әлемде ең көп энергия тұтынатын елдің бірі. Біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттермен салыстырғанда, үш есе артық ресурс шығындаймыз. Яғни ЖІӨ құрылымында энергия сыйымдылығы өте жоғары, ал энергия тиімділігі тым төмен. Сондықтан жылу мен жарық өндіретін қуат көздерін жаңғыртумен қатар ысырапшылдықты қысқартып, мейлінше ықшам үлгіге бет бұру күн тәртібінде тұр.

Энергия тиімділігі мен энер­гия сыйымдылығы терминдері бір тақырып шеңберінде бірге айтылып жүргенімен, мағынасы екі бөлек ұғымдарға жатады. Энергия тиімділігі – белгілі бір жұмысты атқаруға жұмсалатын қуат көлемін кеміте отырып, дәл сондай немесе одан да тәуір нә­тижеге қол жеткізу. Қарапайым тілмен айтқанда, аз энергия жұмсап, көп өнім алу. Мысалы, үйдегі ескі лампаны жарықдиод­ты жаңа LED шамға ауыстыр­дыңыз делік. Бұрынғы шамыңыз 100 Вт энергия тұтынса, LED шам небәрі 10 Вт тұтынады, ал­айда екеуінің шашатын жарығы бірдей. Міне, энергия тиімділігі деген – осы. Ал энергия сыйым­ды­лығы – өнім өндіруге қолда-н­ыл­ған қуаттың жалпы мөлшері, «нақты бір нәрсені жасауға қан­ша энергия кетті?» деген сұраққа жауап беретін көрсеткіш. Әдетте шикізатқа тәуелді, технологиясы ескірген елдерде энергия сыйым­дылығы жоғары келеді. Өз кезе­гінде энергия сыйымдылығы төмен елдер жаңа технология­ларға, қызмет көрсету секторына, IT саласына иек артады. Қыс­қасы, энергия сыйымдылығының неғұрлым төмен, энергия тиімді­лігінің неғұрлым жоғары бол­ғаны жақсы. Дегенмен екеуінің де басты мақсаты – ресурсты шақтап пайдаланудың арқасында қаржыны үнемдеу, қоршаған ортаға тиетін зиянды азайту.

Халықаралық энергетика агенттігінің шолуы бойынша Қа­зақ­станда ЖІӨ-нің энергия сыйым­дылығы әлемдегі орташа көрсеткіштен 1,5 есе, ЭЫДҰ ел­дерінен 3 есе жоғары. Сәйке­сін­ше, энергия тиімділігі тура осын­дай мөлшерде төмен деген сөз. Ысы­раптың ең үлкені тұрғын үйлер мен ғимараттар сектор­ында дейді сарапшылар. Жылу­дың сақталмауынан, автоматты жүйенің жоқтығынан энергия­ның 35-40 пайызы желге ұшады екен. Өнеркәсіп пен зауыт-фаб­ри­каларда бұл көрсеткіш – 25-30 пайыз. Өндірістегі ескі құрал-жаб­дықтар, тозған технологиялар шамадан тыс көп қуат жеп, шикізатты текке рәсуа қылады. Тағы 20-25 пайызы ЖЭО мен жылу желілеріне тиесілі. Жылу мен жарық өндіретін орталықтар қатты көнергендіктен, қуат көзі түпкі тұтынушыға жеткенше жол­да жоғалады. Көлік сала­сын­да энергия ысырабының үлесі – 15-20 пайыз. Мұнда да сол себеп: ескірген автопарк және тиімсіз логистика. Статистикаға қарап «түбі тесік шелектің» қай жері­нен көп су ағып жатқанын айқын аңғарамыз.

Бұл мәселені шешу мақса­тын­да мемлекет бірсыпыра шара­ны қолға алды. 2012 жылы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру тура­лы» салалық заң қабылда­нып, нормативтік база қалып­тасты. Мемлекеттік энерге­ти­калық тізілім құрылып, жылына 1,5 мың тонна шартты отыннан артық тұтынатын ірі кәсіпорын­дарға міндетті энергия аудиті кіргізілді. 2015 жылы энергия аудитін өткізу мерзімдері нақты­ланып, «Қазақэнергияүнемдеу» институтының рөлі күшейтілді. Бюджет мекемелеріне мемле­кеттік сатып алу арқылы энергия үнемдейтін құрылғылар (мыса­лы, LED жарықтандыру) орнату міндеттелді. 2022 жылы бақылау жүйесі цифрландырыла бастады. Заңға жаңа түзетулер енгізілді. Энергия аудитінің мерзімі бұ­зыл­ғаны үшін әкімшілік жауап­кершілік қатаңдатылды. МЭР субъектілерінің деректерін авто­матты түрде жинайтын ақпарат­тық жүйе іске қосылды. Сондай-ақ Үкімет «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырым­дамасын» бекітті. Аталмыш құ­жатта проблеманы шешу жол­дары белгіленді. Өнеркәсіпті қайта жаңғыртуға, ESCO келі­сім­шарттарын дамытуға, құры­лыс нормаларын қатаңдатуға негіз қаланды. Осы шаралардың нәтижесінде, қазір біршама ба­ғытта ілгерілеу байқалады. Мәсе­лен, мемлекеттік энергети­калық тізілімге енген 20 мыңнан астам субъектінің 90 пайыздан астамы энергия аудитінен өтті. «Қаз­Мұнай­Газ», ERG кәсіп­орын­дары сияқты алпауыт тран­с­ұлттық һәм отандық өнеркәсіп компания­лары ISO 50001 халық­аралық стандартына сәйкестен­дірілді. Бұл өндірістегі басқару үдеріс­терін оңтайландырып, шы­ғын­дарды 3-5%-ға азайтуға көмек­тес­ті. Алматы, Астана, Шым­кент тәрізді ірі қалаларда көпқабатты тұрғын үйлердегі ортақ жылу есептегіштер көбей­іп, халықтың пайдаланған нақ­ты қуат көле­міне ғана ақы тө­ле­уі­не жағдай жасалды. Осы­лай­ша, ЖІӨ-дегі энергия сый­ымды­лы­ғы 2015 жыл­ғы базалық көрсет­кіш­­термен салыстырғанда 11,8 пай­ыз, соң­ғы бес жылда 7,2 пай­ыз төмен­деді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасы аясында Үкімет 2029 жылға қа­рай эко­номикадағы энер­­г­ия тиім­ділігін 15 пайыз арттыруды жоспарлап отыр. Әйтсе де, дамы­ған әлемнің дең­гей­іне жетеміз десек, құры­лым­дық, технология­лық рефор­ма­лар­­ды әлі де же­делдету керек. Өйт­кені мемле­кет­тік саясаттың жүзеге асуына кедергі келтіретін ір­гелі пробле­малар жойылған жоқ. 

КСРО кезінде Қазақстанда шикізат бағытындағы алып кә­сіпорындар салынғаны белгілі. Бізде энергияны ең көп қажет ететін түсті және қара метал­лур­гия (Теміртау, Өскемен, Павло­дар), тау-кен өндірісі мен көмір кеніштері (Екібастұз, Қара­ғанды) молынан шоғырланды. Ол заманда қуат көзі шексіз әрі арзан көрінгендіктен, зауыт­тар­ды жобалауда энергия тиімділігі мүлдем ескерілмеді. Жоспарлы экономикада өнімділікті барын­ша өсіру мақсаты ғана бірінші кезекке қойылды. Кеңес Одағы ыдыраған соң Польша, Чехия сияқты Шығыс Еуропа елдері ебедейсіз ауыр өнеркәсіп зауыт­тарын жауып немесе толық жаңартып, жоғары технология­лық секторларға ойысты. Ал Қазақстан КСРО-дан қалған шикізаттық бағытын сақтап, оны экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналдырды. Сол себепті бүгінгі ЖІӨ құрылымында энер­гия сыйымдылығы төмен қызмет көрсету салалары жайымен дамып жатса да, энергияны жойдасыз жұтатын ескі зауыттар жұмысын бір сәтке тоқтатқан емес.

Бірақ елімізде ең көп энер­гия­­н­ы кәсіпорындар емес, тұр­ғын үйлер ысырап етеді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 55 мыңға тарта көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде пайдалануға беріл­геніне 50 жылдан асқаны – 33 пайыз болса, 25 жылдан асқаны – шамамен 60 пайыз. Жарты­сы­нан көбі заманауи жылу қор­ғау талаптарына сай келмейді. Ондай ғимараттардың тұтыну көрсеткіші ЕО-дағы үйлерге қара­ғанда 2,5 есе жоғары. Жылу­ды сақтау қасиеті де нашар. Жер­төлелерде автоматтандырылған жылу тораптары атымен жоқ. Соның кесірінен көктем-күз айла­р­ын­да пәтерлер ысып кет­кенде тұрғындар терезелерді ашып қояды да, ЖЭО-дан жөн­елтілген қымбат қуатты далаға жібереді. БҰҰ Даму бағдар­ламасы жүргізген сауалнама нәтижесіне сенсек, респон­дент­тердің үштен бірі ғана (сұрау салынған 2500-дің 35 пайызы) энергия үнем­дейтін өмір салты жайында аз-кем хабардар екен.

Көлік секторында да отын-энер­гетика ресурстарын тұтыну көрсеткіші көңіл көншітпейді. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің мәлі­ме­тіне жүгінсек, бұл саладағы қуат көздерін пайдалану көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 40 пай­ызға жуық ұлғайған. Мамандар­дың пікірінше, екі есеге жақын орасан өсім автопарктің тозға­нын, логистикалы тізбектің тиім­сіздігін дәлелдейді. Халық­тың төмен тығыздығы, сапалы жаңа көліктердің қолжетімсіздігі, елді мекендердің бір-бірінен қашықтығы да үстеме себептер ретінде айтылады.

Жолда жоғалатын қуат мәсе­лесі – өз алдына бөлек жыр. Республика бойынша жылу желі­лерінің жалпы ұзындығы 14 мың шақырым. Оның 49,2 пайы­зы немесе 6,246 мың шақырымы ауыстыруға мұқтаж, көбінің оқ­шаулағыш сыртқы қабаты толы­ғымен тозған, су астында шірі­ген. Энергетикалық және ком­­му­налдық инфрақұрылымы жабдықтарының орташа тозу деңгейі 60-65% шамасында, кейбір моноқалаларда бұл көрсеткіш 80 пайыздан артық. Жүйелі проблема салдарынан энергияның 30-40 пайызы жол-жөнекей далаға шашылып, үй­лерге кіріп үлгермей, ауа мен топ­ырақты «жылытады». Дамы­ған елдерде мұндай шығын көле­мі 5-8 пайыз төңірегінде. Салада білікті мамандар жетіспейді. Осының бәрін білетін инвес­торлар да алыстан ат-тонын ала қашады.

Біз бұл жерде мәселенің бергі бетін қалқып алумен шектеліп, көзге көрінетін себептерін ғана атадық. Шетел тәжірибесін тан­ыстырып, шешу жолдарын пы­сық­тасақ, әңгімені алысқа ұзатып әкетеміз. Мемлекет кел­еңсіз кемшіліктермен күресуге бая­ғыда-ақ кіріскен. Қол бай­лай­тын кедергі көп, жетістіктер де жоқ емес. Әйтеуір қағаз бет­індегі жойқын жоспар өмір шын­дығымен бетпе-бет келген­де кібіртіктеп қалмаса болғаны.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ