Бітімгер – бейбітшілік елшісі

Қазақстан сыртқы саясатының негізгі ұстанымдарының бірі – жаһандық бастамаларға үн қосу. Ал жаһандық бастаманың барлығы дерлік әлемде тыныштық орнатып, адамзаттың бақуатты өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталады.

 Қазақстан дүниенің түрлі аймағына бітімгерлер жіберу арқылы  адамзаттың бейбіт өмірі жолында нақты әрекеттерге бара алатын мемлекеттердің бірі екенін көрсетіп отыр. Жуырда Қазақстан Қарулы Күштері 11 әскери қызметшісінің  БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің қатарына  қосылуы  сөзіміздің айқын айғағы.

Негізі, біз сөз еткен 11 әс­ке­ри қызметші Ливанға алғаш рет жіберілген миссия емес. БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күш­терінің құрамында қазақстандық әскерилер бұрын да қызмет еткен. Алдағы уақытта да бұл миссияны жалғастыруы мүмкін. Әдетте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мандатына сәйкес, атысты тоқ­та­ту режимін қамта­ма­сыз ету, жауапкершілік айма­ғындағы жағдайды бақылауда ұстау, жергі­лікті билік орган­дарымен және тұрғындармен байланыс орнату, гуманитарлық іс-шараларды сүйемелдеу, пат­рульдеу, БҰҰ нысан­дарын күзету және өңір­дегі тұрақты­лықты сақтауға жәрдемдесу секілді міндеттерді орындайтын біздің жауынгерлер ұдайы өз біліктілік­терін танытып келеді. Олардың  жауынгерлік даярлығы да, білік­тілігі де жоғары. Біздің жауын­герлер бұған дейін де UNIFIL миссия­сындағы үнді контин­гентінің құрамында табысты қыз­мет атқарған болатын. Бәл­кім, содан да болар, бітімгер­лері­міз шетел­дерге аттанып жатса көп таңғала  қоймайтын болдық. Алайда бітім­герлік күштердің немесе мис­сиялардың құрам­ын­да қыз­мет еткен әрбір офицер мен жауынгер елдің беделін көтеріп,  сыртқы саясатымыздағы нақты  қадамдарды іспен дәлел­деп келе жатыр. Содан да болса керек, еліміз бітімгерлік мис­сияға айрық­ша назар аударып,  күнтіз­бе­де арнайы дата белгіледі. Сөйтіп,  биылдан  бастап 29 ма­мыр Қазақстан Республикасы­ның  бітімгер күні болып таныл­ды. Бітімгер офицерлер осынау атаулы күнді  мамырдың соңында  алғаш рет атап өткен де болтын. 

Жалпы, бітімгерлік миссия БҰҰ  қызметінің негізгі бағытта­ры­ның бірі. Қазақстан  тәуелсіз­дік алған сәттен бері  аймақтағы,  жаһандағы  бейбітшілікті сақтау жолында қолда барын аяған емес. Өткен ғасырдың  90-жыл­дары  қазақ  жауынгерлері ТМД-ның оңтүстік шекарасын қорғау­ға қатысқан. 1992 жылы 35-ші  гвар­диялық әуе-десанты  брига­дасының 300 жауынгері тәжік-ауған шекарасына аттанған бола­тын. 2011 жылға дейін сол аймақ­та  қазақстандық 10 мың­нан астам жауынгер  қызмет етті. Тіпті  шекара маңындағы қақты­ғыстарда ерлікпен қаза тапқан  сарбаздарымыз да болды. 

Кейін Иракта да сол кез­де­гі «Қазбат» бітімгерлік батальоны аталған елдің аумағын  жарыл­ғыштардан тазартуға қатысқан. НАТО-мен ынтымақ­тастық ая­сын­да ұйымдас­ты­рылған миссия барысында  қазақ жауынгерлері Ирак жерін  жар­ыл­ғыштардан тазалап, ел халқы­на   қолғабыс қылған еді. Миссия  5 жыл ішінде  Ирак аумағын 4,5 миллион мина мен жарылғыштан аршып, 6,7 мың текше метр суды тазалады. Террорлық шабуыл­дар­дан зардап шеккен жергілікті халыққа әс­кери дәрігерлеріміз медицина­лық  көмек көрсетті. 

Ал БҰҰ аясындағы  бітімгер­лік  миссияларға 2014 жылдан бері тұрақты қатысып келеміз. Сол кезден бері БҰҰ-ның түрлі миссиясы құрамында бітімгер ретінде қызмет  атқарған әскери қызметшілеріміздің саны 900-ден асыпты.  Қазір Таяу Шығыс пен Африкада Қазақстанның 154 әскери маманы   қызмет атқарып жүр. Олар  БҰҰ-ның аталған өңірлердегі 11 миссия­ның жет­еуі­нің құрамына кіреді. Дәлірек айтқанда, Батыс Са­хара­да, Орта­лық Африка Рес­публи­ка­сында, Конго Демок­ратиялық Респуб­ликасында, Ливанда және Оң­түс­тік Суданда  қазақстандықтар әскери бақы­лаушы және штаб офицерлері  ретінде  қызмет ете­ді.  Ал Голан  жоталарындағы Қазақ­стан бітімгерлік миссиясы жеке күш ретінде танылған. Бұ­рын­ғыдай  өзге елдердің бітім­герлік кон­тингентінің құрамына кірмейді. Биыл ол жерге бітімгер­лердің үшінші тобы кетті.

Жалпы, бітімгерлік  мис­сия­ға қатысуы ең алды­мен мемлекет беделін көтеретін бастама болса, екіншіден  әскери мамандардың тәжірибе алмасуы­на таптырмас мүмкіндік. Үшін­шіден,  бітімгер­лік миссияны ұйымдастыру іс жүзін­де бейбіт­ші­лікті, адам өмір­ін сақтауға тікелей  үлес қосу болып санала­ды. Әрі бітімгер­лерді даярлаудың өзі оқу-жатты­ғу, білім беру стан­дарттарын халықаралық талап­тарға сай етуге ықпал етеді. Мы­са­л үшін айтсақ, бітімгерлер шет тілдерін білуі керек,  халық­ара­лық құқық­тан да хабардар болмағы лазым,  одан бөлек, қажет болған жағ­дайда жергілікті халықтың салт-санасы, дүние­танымымен де таныс болуға тиіс.  Осынау  талаптарға сай болу үшін әскери қызметшілерді ар­найы даярлық­тан өткізетін  орталық та жасақ­талған.  Қорға­ныс  министрлігі жанынан  ар­найы орталықтың  құрылғанына да 20 жыл толды.

2006 жылы Қорғаныс ми­нистр­лігі шет тілдері институты жанынан Бітімгерлік операция­лар орталығы (KAZCENT)  құ­рыл­ды. Әу баста бұл құрылым НАТО-ның «Бейбітшілік жолын­дағы  серіктестік» бағдарлама­сының оқу орталығы ретінде ашылған болатын. Сол жылы НАТО-ның біріккен күштер бас қолбасшылығы штабы орта­лық­ты «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы қа- у­ым­дастығының мүшесі ретінде таныды. 2019 жылы БҰҰ штаб офицерлері курсы (UNSOC) және  БҰҰ полиция офицерлері курсы (UNPOC) орталық­тары­ның сертификаттарына ие бол­ды. Орталықта бітімгерлер жан-жақты құқықтық, гумани­тарлық және психологиялық даярлықтан өтіп, тіл үйренеді. Мис­сияға қа­ты­сатын әрбір жау­ын­гер  осы орталықта мұқият даярланады. Нәтижесінде шет­ел­дерде қызмет етіп жүрген қазақ­стандық офи­церлер мен жауынгерлер білік­тілігімен, тәжірибесімен көзге түсіп келеді.

Сөз арасында  Ирактағы «Қаз­­бат» қандай нәти­же­ге қол жет­кізгенін айттық қой, енді Голан жоталарындағы мис­сия­ның еңбегіне тоқталайық. Бірін­ші миссия  Голан  жота­ла­рына 2024 жылдың наурызында атта­нып, 2025 жылдың сәуірінде орал­ды. Сирияның  Фауер база­сында орналасқан қазақстандық контингент 600-ден астам тап­сыр­ма орындаған. Мұны кон­тин­гент  елге оралған  бітімгерлік рота командирі, подполковник Жігер Айыпов айтқан еді. Ал екін­ші контингент 2025 жылдың сәуірінде кетіп, биыл  мамырда оралды. Екінші контингент жетекшісі Әнуар Арынғазиевтің айтуына қарағанда, біздің сарбаз­дар  бір   жыл ішінде 798 рет  пат­руль­дік кезекшілік жасап, 56 оқу-жаттығу өткізген. Соны­мен қатар 63 жарылғышты за­лалсыз­дандырып, 57 бақылау пунктін орнат­қан. Қауіпсіздікті қамтама­сыз ету мақсатында 15 рет ресми тұлғаларға үзеңгілес болып, қорғап жүрген. 

Әлбетте,  бітімгерлер  үшін  бұл статистика күнделік­ті жұ­мыс­тың есебіндей көрінуі мүм­кін. Бірақ қақтығыс аймақта­рында қызмет етудің морал­ьдық-психологиялық салмағы жеңіл болмайды. Өйткені әр қызметтің артында елдің беделі, адамның қауіпсіздігі, өңірдің  тұрақтылығы тұр.  Ал мұндай жауапкершілікті сезініп, өз ісіне жауапты болу жауынгерлерді шар болаттай шыңдай түсері сөзсіз. Сондықтан Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр бітімгерлермен кездескенде оларға айрықша баға берген еді.  

«Бітімгер болу – бейбітші­лік­тің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкер­шілік, нағыз ержүрек жауынгер­лердің қолынан келетін іс. Баршаңызға шынайы ризашы­лы­ғымды білдіремін. Қазір әлем­дегі жағдай аса күрделі екенін білесіздер. Түрлі қақтығыс бол­ып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін келіссөз арқылы шешу мүмкін болмай тұр. Мұндай кез­де бітімгерлік мис­сиялары ай­рық­ша рөл атқарады. Қазақ­стан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақ­ты­лық орнатуды көздейтін бар­лық бастаманы қолдай­мыз», – деді  сол кезде Жоғарғы Бас қол­басшы. Сөйтіп, бітім­герліктің рөлін көрсетіп, жауын­герлердің еңбегін бағалаған  болатын. Біздің бұл пікірге алып-қосары­мыз жоқ.

Ардақ СҰЛТАН