18 шілде – Қазақстанда Қарулы күштердің әскери рәміздері күні

18 шілдеде Қазақстан Республикасында Қарулы күштердің әскери рәміздері күні атап өтіледі.

Бұл күн 1996 жылғы 18 шілдеде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қарулы күштердің әскери рәміздері бекітілуіне орай белгіленген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ал 2021 жылы Қорғаныс министрінің бұйрығымен бұл күн кәсіби мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне енгізілді.

Әскери рәміздер – мемлекеттіліктің және әскери дәстүрдің маңызды бөлігі. Олар еліміздің тәуелсіздігін, Отан қорғаушылар ұрпақтарының сабақтастығын және Қарулы күштердің мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрдайым дайын екенін білдіреді.

Әскери рәміздерге Қазақстан Республикасы Қарулы күштері түрлерінің тулары, әскери бөлімдердің Жауынгерлік тулары және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің рәмізі жатады. Олардың әрқайсысы қазақ армиясының тарихын, абыройын және құндылықтарын айшықтайды.

Әскери рәміздердің тарихы тереңнен бастау алады. Түркі халықтарында жауынгерлік тулар мен ру таңбалары бірлік пен ерліктің белгісі болған. Қазақ хандығы дәуірінде байрақ еркіндік пен тәуелсіздіктің, жауынгерлік ар-намыстың нышаны саналып, оны қорғау әрбір сарбаздың қасиетті борышы болған.

Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрылғаннан кейін қазақ халқының тарихи мұрасы мен заманауи мемлекеттік дәстүрлерді ұштастырған ұлттық әскери рәміздер жүйесі қалыптастырылды. Қарулы күштердің рәмізі – бейбітшілікті, еркіндікті, рух күшін және Отанды қорғауға дайындықты білдіретін шұғылалы күн мен қалықтаған қыран бейнеленген бесжұлдыз. Қарулы күштердің әрбір түрінің өзінің қызметтік мақсаты мен жауынгерлік дәстүрін бейнелейтін жеке туы бар.

Жауынгерлік ту – әскери бөлімнің жауынгерлік абыройының, ерлігінің және даңқының қасиетті белгісі. Ол бөлімнің тарихы мен жауынгерлік жетістіктерін сақтайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Жауынгерлік тудың жанында суретке түсу құқығы қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілерге беріледі.
Әскери рәміздер күні әскери дәстүрлерді сақтауға, Отан қорғаушылар ұрпақтарының сабақтастығын нығайтуға және Қазақстан Қарулы күштерінің тарихына деген құрметті арттыруға ықпал етеді.