Қазақстандық балалар хоры халықаралық фестивальде алтын жүлде жеңіп алды

Жас өнерпаздар кәсіби орындаушылық шеберлігі мен шығармаларды әсерлі жеткізуімен ерекшеленді.

К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Елігай» балалар хоры Гонконг пен Шэньчжэнь қалаларында өткен II халықаралық хор фестивалінде Gold Award (алтын жүлде) иегері атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ұжым «Хор ұжымы» аталымында ең жоғары ұпай жинап, халықаралық қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Жас өнерпаздар кәсіби орындаушылық шеберлігі мен шығармаларды әсерлі жеткізуімен ерекшеленді.

12-17 шілде аралығында өткен фестивальге әлемнің оннан астам елінен хор ұжымдары қатысқан. Қатысушылардың өнерін Австралия, Италия, Германия, Қытай, Таиланд, Беларусь және Қазақстанның танымал дирижерлері, композиторлары мен педагогтері бағалады.