Астанада демалыс орнында жігіт бассейнге батып, жансақтау бөліміне түсті

Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.

Астанадағы жекеменшік демалыс орындарының бірінде 24 жастағы жігіт есінен танып, бассейнге батып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жігітті судан демалушылардың өздері шығарып, жедел жәрдем шақырған. Олар оқиға кезінде құтқарушы, медицина қызметкері мен алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы болмағанын мәлімдеді.

Зардап шеккен азаматтың анасы кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп, оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша іс қозғалғанын айтты.

Ал демалыс орнының әкімшілігі жігіттің бассейнге басымен секіргенін, мұндай әрекетке тыйым салынғанын хабарлады. Сондай-ақ оқиға кезінде екі құтқарушы кезекшілікте болғанын және алғашқы көмекті солар көрсеткенін мәлімдеп, бұл жайт бейнебақылау жазбаларымен расталатынын жеткізді.

 

Қазір оқиғаға қатысты тергеу жалғасып жатыр.