Қазақстан бюджетінің кірісі 8,5 триллион теңгеге жетті

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге немесе 24,6 пайызға көп.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық бюджеттің трансферттерді есептемегендегі кірістері 8,5 трлн теңгені құрап, жоспар 100,6 пайызға орындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Үкімет отырысында Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржановтың айтуынша, салықтық түсімдер 8,3 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 29 пайыздан астамға өскен.

Кірістердің артуына қолайлы сыртқы экономикалық жағдай, салық базасының кеңеюі, сыртқы сауда көлемінің ұлғаюы және салықтық-кедендік әкімшілендірудің жетілдірілуі ықпал еткен.

Есепті кезеңде бұрын тіркелмеген 546 мыңға жуық азаматтың қызметі заңдастырылды. Нәтижесінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса алғанда, елдегі бизнес субъектілерінің саны 2,9 миллионға жетті.

Сондай-ақ ҚҚС төлеушілер саны 158,2 мыңға дейін өсті. Ал кедендік төлемдер көлемі 2,4 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 400 миллиард теңгеден астамға артты.

Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет шығыстары 98,2 пайызға, ал республикалық бюджет шығыстары 99,6 пайызға орындалды.