«Отбасы time»: Астанада жанды музыка мен кавер әндер кеші өтті

Кеш барысында саябақта жанды аспаптық музыка әуелеп, жастар топтары мен кавер орындаушылары өнер көрсетті.

Астанадағы «Жетісу» саябағында қалалық «Отбасы time» отбасылық фестивалі аясында Jas Band ұжымының жанды музыка мен кавер әндер кеші өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бағдарламаның басты қонағы танымал KOSMUSE тобы болды. Ұжым көрермендерге әйгілі әндердің жанды дауыстағы кавер-нұсқаларын ұсынды.

Мереке қонақтары үшін көрермендермен интерактивтер, музыкалық викториналар, сыйлықтар ұтысқа тігілген ойындар және шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.

«Отбасы time» – шығармашылықты, музыканы және заманауи цифрлық трендтерді тоғыстырған қалалық отбасылық фестиваль. Әр демалыс сайын оның бағдарламасы жаңартылып, елорда тұрғындарына қызықты әрі белсенді демалыстың жаңа мүмкіндіктері ұсынылады.
«Тұрғындарға мұндай формат ұнап жатқанын байқап отырмыз. Бастапқыда жобаны тек шілде айының демалыс күндеріне жоспарлаған едік. Алайда қала тұрғындарының оң пікірлерінен кейін оны жаздың соңына дейін жалғастыру туралы шешім қабылданды. Әр апта сайын келушілерге қызықты болуы үшін тақырыпты өзгертіп отыруға тырысамыз», – деді жоба ұйымдастырушысы, Астана қаласы Мәдениет басқармасының өкілі Мұса Әубәкіров.

Музыкалық бағдарламадан бөлек, фестиваль аумағында бірнеше тақырыптық аймақ жұмыс істеді. Cyber Zone алаңында киберспорттық белсенділіктер мен Counter-Strike 2 турнирі ұйымдастырылды. Craft Games Zone аймағында келушілер үстел және шығармашылық ойындарға қатысты. Демалуға арналған Chill Zone, сондай-ақ ерекше суретке түсуге мүмкіндік беретін Photo Zone бар.

Фестивальде экологиялық бағытқа да ерекше көңіл бөлінді. Eco Zone алаңында түрлі интерактивті іс-шаралар мен экологиялық бастамалар ұйымдастырылып, келушілерге қоршаған ортаға ұқыпты қараудың және қалдықтарды бөлек жинаудың маңызы түсіндірілді.

Ойындар мен экологиялық белсенділіктерге қатысқан қонақтар арнайы койндар алып, оларды Prize Counter бөлімінде сыйлықтарға айырбастады.

Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – ашық «Таланттар сахнасы» болды. Ұйымдастырушылармен келісім бойынша кез келген адам сахнаға шығып, ән айтып, би билеп, өлең оқып немесе өз өнерін көрсете алды.

Бұл формат саябақтың тұрақты келушілерінің қызығушылығын арттырып отыр. Раушан 12 жастағы қызы Меруертпен бірге «Отбасы time» фестиваліне алғаш рет келген. Отбасы бұл саябаққа жиі келетінін айтады.

«Іс-шара бізге өте ұнады. Мұнда бүкіл отбасы болып түрлі ойындар мен викториналарға қатысуға болады, аниматорлар балаларды қызықтырады, концерт басталғанда ерекше атмосфера қалыптасады. Келесі аптада тағы жаңа бағдарлама болатынын көрдік, міндетті түрде тағы келеміз. Менің үш қызым бар. Енді осында отбасымызбен жиі келетін шығармыз», – деді Раушан.

Қалалық «Отбасы time» фестивалі жаздың соңына дейін жалғасады.