Алматыдағы дәрігерлер денесінің 89 пайызы күйген науқасты аман алып қалды

Оқиға ер адамның үй ауласындағы шаруашылық қорасында болған.

Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері газ баллоны жарылысынан денесінің 89 пайызын күйік шалған 26 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға ер адамның үй ауласындағы шаруашылық қорасында болған. Жарылыс салдарынан ол ауыр күйік алып, жедел түрде ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлер оның денесінің 89 пайызы термиялық күйікке шалдыққанын, оның 15 пайызы терең күйік екенін анықтады. Сондай-ақ сол қолының жұмсақ тіндері қатты зақымданған. Науқасқа алғашқы минуттардан бастап шокқа қарсы қарқынды ем жүргізіліп, түскен күні-ақ зақымданған қолына шұғыл ота жасалды.

Кейін бірнеше кезеңнен тұратын хирургиялық ем жүргізіліп, тері трансплантациясы мен реконструктивтік операциялар жасалған. Науқас төрт тәулік жансақтау бөлімінде болып, жағдайы тұрақтанған соң күйік бөлімшесіне ауыстырылды.

«Мұндай ауқымды күйіктер – дәрігерлер үшін ең күрделі сынақтардың бірі. Көпсалалы мамандардың үйлесімді жұмысының арқасында пациенттің өмірін сақтап қалдық», – деді ауруханадағы күйік бөлімшесінің меңгерушісі Елдос Әлменов.

Бір айлық емнен кейін науқас ауруханадан шығарылды. Қазір ол өздігінен жүріп-тұра алады және алдағы уақытта ұзақ мерзімді оңалтудан өтеді.