Елеусіз қалмауға тиіс есеп
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебіне сенсек, республика көлемінде жылына орташа есеппен 1 300-1 400 азамат жұмыс орнында зардап шегеді. Ұлттық статистика бюросы медициналық мекемелердің дерегіне сүйеніп, бұл көрсеткішті 2,5 мыңға бір-ақ апарады. Қарағандыдағы Костенко шахтасында метан жарылысынан 46 кеншінің көз жұмуы, Павлодардағы «Майқайыңалтын» ойығына автобус құлап, төрт құтқарушының апатқа ұшырауы, Qarmet, «Қазақмыс» нысандарындағы қайғылы оқиғалар өндірістегі қауіпсіздік дағдарысының шын мәнінде қаншалықты өзекті екенін көрсетеді.
Халықаралық еңбек ұйымының рейтингінде Қазақстан өндірістегі өлім-жітім саны бойынша 83 мемлекеттің ішінде 58-орында тұр. Еліміздегі қаза табу коэффициенті 100 мың жұмыскерге шаққанда 4,5 адамнан айналады. Әлемдік стандарттармен салыстырсақ, Жапонияда бұл көрсеткіш – 1,5, Германияда – 0,7, Ұлыбританияда – 0,4 адам. Демек, біздегі көрсеткіш дамыған мемлекеттерге қарағанда 6-10 есе жоғары. Отандық кәсіпорындардың жеңіл және орташа жарақаттарды көп ретте жасырып қалатынын ескерсек, айырмашылық тіптен еселене түседі.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы мен Ұлттық статистика бюросының мәліметтерін біріктіргенде ең қауіпті үш саланың антирекордын айқын аңғарамыз. Қаралы көш басындағы өңдеу өнеркәсібіне оқыс оқиғалардың 30-32 пайызы тиесілі. Металлургия, машина жасау, химия өндірісінде конвейерлік жабдықтармен жұмыс істеу барысындағы жарақаттар, күйік шалу секілді жазата-
йым жағдай көп. Тау-кен өнеркәсібі 15-19 пайызбен екінші орынға орныққанымен, ол өліммен аяқталу коэффициенті және мүгедектікке әкеп соғу деңгейі жағынан бірінші орында. Құрылыс саласындағы көрсеткіш – 12-15 пайыз. Онда биіктен құлау, қауіпсіздік техникасының сақталмауы, біліктілігі төмен жұмысшыларды тарту, субмердігерлік жүйенің реттелмеуі сынды тұрақты проблемалар бар.
Дегенмен кейінгі кезде оң динамика байқалады. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының толық қорытындысына сәйкес, 2025 жылы кәсіпорындарда жазатайым оқиғалардан 2 368 азамат зардап шеккен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,3 пайыз аз. Ал ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің ақпаратына жүгінсек, биыл алғашқы жартыжылдықта қауіпті өндірістік нысандарда 5 адам қайтыс болған, яғни былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда (15 адам) үш есе кеміген. Жарақат алғандар саны да 8-ден 6-ға дейін төмендеген. Алайда сарапшылар бұған қарап өндірістегі апаттар түгел ауыздықталды деп тұжырым түюге асықпау керегін ескертеді. Себебі бұл – тек ТЖМ есебіндегі ірі қауіпті нысандардың көрсеткіші ғана. Құрылыс, транспорт, өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы еңбек жарақатының деңгейі әлі де дабыл қағатын дәрежеде.
Қауіпсіздікті негізге алған құжат
Сондықтан мемлекет жұмысшылар үшін тәуекелі жоғары компаниялардың қызметіне жан-жақты қатаң бақылау орнатып отыр. Сәуір айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталмыш нормативтік акт өнеркәсіп нысандарына талапты күшейтіп, жазатайым оқиғаларды тергейтін комиссиялардың өкілеттігін кеңейтуге жол ашты. Құзырлы мекемелер нақты мақсатқа қол жеткізу жолында көптеген шара қабылдап жатыр.
Былтыр жұмыстағы жазатайым жағдайлардан 2 368 азамат зардап шеккенін айттық. Бұл цифрды сала-салаға жіліктесек, жарақат алғандар мен қаза тапқандардың 34,2 пайызы (796 адам) өңдеу өнеркәсібінде екен. Шахталарда, кеніштерде һәм өзге де өндіруші нысандарда 380 қазақстандық апатқа ұшыраған. Оқыс оқиғалар ең көп тіркелген экономикалық секторлар қатарына құрылыс (198 адам), денсаулық сақтау (189 адам) және логистика (149 адам) да кіреді.
Тағы бір маңызды жайт, биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары жұмыс берушілер жасырып қалған 39 өндірістік жарақаттану фактісін тіркеген. Мұндай жағдайлар көбіне қызмет көрсету саласындағы жекеменшік компанияларда жиі кездеседі.
Инспектор демекші, қазір Қазақстанда 250-дей инспектор қызмет атқарады. Халықаралық еңбек ұйымының талабында 10 мың жұмысшыға бір мемлекеттік инспектордан келуге тиіс делінген. Енді мұны елдегі 7 млн-ға жуық жұмыскердің санына шақсақ, бізге инспекторлар штатын кемінде 3 есе көбейту керегін түсінеміз.
ТЖМ-да бірнеше жыл бұрын Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті құрылған. Оның мамандары технологиялық үдерістердің қауіпсіздігін бақылаумен айналысады. Былтырғы қадағалау қызметінің қорытындылары өндірістердегі заңбұзушылықтардың алдын алу жүйесі қалай өзгергенін айғақтайды. Мәселен, 2024-2025 жылдары өнеркәсіптік кәсіпорындарда анықталған заңбұзушылықтар саны шамалас болғанымен, комитет инспекторлары нысандардың жұмысын уақытша тоқтату шараларын көбірек қолдана бастаған. Егер 2024 жылы заңбұзушылықтар жойылғанға дейін 445 кәсіпорынның жұмысы тоқтатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,8 мыңға жетіп, 4 есе артқан.
ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов өз баяндамасында жыл басынан бері бүкіл кәсіпорынды қамтитын мемлекеттік бақылаудың жаңа тетігі енгізілгенін хабарлады. Министрлік Халықаралық еңбек ұйымының жаңа стандарттарымен ұлттық заңнаманы үйлестіру бағытын айнымай ұстанады. Бұдан былай салада цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдануға басымдық беріледі. Атап айтқанда, ТЖМ тапсырысымен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында «е-ТМЖ» цифрлық платформасы әзірленуде. Жоба жыл соңына дейін аяқталмақ. Сондай-ақ Үкімет «Еңбекті қорғау және қауіпсіздік» сервистік автоматтандырылған жүйесін әртүрлі ведомствоның ақпараттық жүйелерімен біріктірмек.
Бастаманың бағыты
Жұмыстағы жазатайым оқиғалардың барынша алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сарапшыларымен бірлесіп жер қойнауын пайдаланушылардың қауіпсіздікке мейлінше молырақ инвестиция салуы жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Мысалы, 55 шахта мен кен орнын тексергенде олардың 18 пайызында (10 нысан) төтенше жағдай кезінде қызметкерлерді табу және іздеу жүйесі жоқ екені белгілі болған. 10 нысанның үшеуімен осындай жүйелерді қаржыландыру туралы келісім жасалыпты, тағы бес ұйым техникалық шешімдерді іздестіріп, технология түрлерін таңдауға кіріскен. Қалған 45 нысан да қауіпсіздік жабдықтарын жаңарту жұмыстарына зәру дейді министр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек саласындағы процестерді цифрландыруға тырысып, біршама жұмыс жүргізген. Соның арқасында өндірістік жарақаттарды азайтуға үлкен мүмкіндіктер туған. Ведомство цифрландыру арқылы еңбек нарығын көлеңкеден шығарып, жұмыс берушілерді қызметкер құжатын заң талаптарына сай рәсімдеуге мәжбүрлейді. Бұл бір жағынан жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаса, екінші жағынан жазатайым оқиға жағдайында өтемақылардың еш кедергісіз төленуіне көмектеседі. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың сөзінше, азаматтардың жұмысын заңдастыру және сақтандыру шаралары басты басымдық ретінде қарастырылады.
– Бүгінгі таңда жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен 118 мың кәсіпорын қамтылған, бұл жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың жалпы санының 68 пайызына пара-пар. 19 мың ұжымдық шарт цифрландырылды, бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе артық. Жыл басынан бері 170 профилактикалық бақылау тексерісі жүргізілді. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қамту көрсеткіші 2,5 есе өсті, – дейді сала жетекшісі.
Министрлік өндірістегі оқыс оқиғалардың 34,9 пайызы жұмысшының өрескел абайсыздығынан, 28,3 пайызы жұмыс өндірісін нашар ұйымдастырудан, 7,1 пайызы еңбекті қорғау және қауіпсіздік қағидаларын бұзудан, 9,1 пайызы жол-көлік ережелерін сақтамаудан болады деген статистика ұсынды. Біздіңше, бұған өндірістегі құрал-жабдықтың 60 пайызы ескірген деген айдан анық деректі де қоса кету керек.
Қысқасы, жұмыс орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Үкімет алдындағы кезек күттірмейтін міндет. Өйткені Әділетті Қазақстан биліктің пәрменімен ғана емес, әр азаматтың еңбегімен құрылады.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ