Цифрлық байлыққа бастар бағыт

Президент «Қазақстанда цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы» №1347 Жарлыққа қол қойды. Жаңа тұрпатты бұл құжатты Қазақстанның қаржылық болашағына салынған «цифрлық көпір» десе де болады. Ол қазақстандықтарды криптовалюталарды, стейблкоиндерді және басқасын сатып алуға жетелейді.

Елде цифрлық активтер нарығының дамуына жаңа серпін береді. Жаңа мемлекеттік органдар құрылады. Тұтас цифрлық қаланың салынуына, ондағы цифрлық жобалардың жүзеге асуына басымдық бермек. 

Байқасаңыз, бүгінде дәстүрлі қаржы саласы мен цифрлық активтер әр­түрлі әлемде өмір сүріп жатқандай. Ал бұл Жарлық – осы екі әлемді бір-біріне жа­қын­датып, Қазақстанды озық техноло­гиялық қаржы орталығына айналдырудың жол картасы іспетті. Мемлекет басшысы республикада цифрлық актив индустрия­сын дамытудың мақсаты ретінде қаржылық тұрақтылықты сақтай отырып, заңсыз операцияларға қарсы тосқауыл қоюды, халық пен бизнес цифрлық активтерді қауіп­сіз пайдалануы үшін құқықтық, инс­ти­туционалдық, технологиялық және инфрақұрылымдық жағдай жасауды, сол арқылы елде халықаралық қаржы нарық­тарына интеграцияланған, капитал тартатын, реттелетін, ашық және бәсекеге қабілетті цифрлық активтер нарығын түзуді бекітті.  

Президенттің бұл шешімін үш негізгі бағытқа бөлуге болады: біріншісі – Қазақстанды «қауіпсіз айлаққа» айналдыру. Мұндағы міндет – халық пен бизнестің қаражатын қорғау. Бұрын криптоиндустрия «жабайы дала» сияқты болса, енді мемлекет оны «тәртіпті қалаға» айналдырмақ. Өйт­кені қазақстандықтар әлі күнге Bitcoin, Ethereum, мемкоин және басқа крипто­валюталарды интернеттегі, әлеуметтік желідегі жарнама арқылы сатып алуға тырысып, алаяқтардың құрығына түсіп қалады. «Сізді биржалық брокеріңіз немесе трейдеріңіз алдап кетті ме? Салған ақшаң­ызды платформадан кері шығарып алуды бұғаттап тастады ма? Біз қаржыңызды қайтаруға көмек­тесеміз!» – деген жарнамалар қаптады. Мұндай ұйымдарға жүгінгендердің көбі қайтадан алаяқтар схемасына тап болып, қайтара алданып қалып жатыр. 

Сондықтан 2027 жылғы 1 шілдеге дейін заңсыз транзакциялар мен ақшаны жылы­статуға қарсы «цифрлық қалқан» – Ұлттық криптовалюталық талдау орталығы құры­лады. Бұл – полиция мен аудитордың қызметін бірдей атқаратын технологиялы құрылым болуға тиіс. Президент орталықтың цифрлық актив­термен жасалатын опера­циялардың жүйелі мониторингін жүзеге асырумен, транзакциялық белсенділікті талдаумен және заңсыз қаржы схемаларын анық­таумен айналысатынын атап өтті.

Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев «цифр­лық активтердегі операцияларды елдің реттелетін цифрлық активтер эко­жүйесіне көшіруді, реттеушілік режимнің тартымдылығын арттыру арқылы ынталан­дыруды» жүктеді. Яғни сіздің биткоиніңіз Астана түбіндегі алып «Дата-орталықтағы», Павлодар қасындағы «ДӨО алқабындағы», не басқа деректерді өңдеу орталығындағы әмиянда сақтаулы тұрғаны жөн. 

«Цифрлық активтермен жасалатын операциялардың ашықтығы мен қауіп­сіздігін, тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, сон­­дай-ақ заңсыз айналымға және капи­талды сыртқа шығаруға қарсы іс-қимыл тетіктерін күшейту – цифрлық активтер индус­триясын дамытудың басым бағыттары болып айқындалсын!» – деді Мемлекет басшысы өз Жарлығында.

Бұдан бөлек, ол өз тапсырмаларының орындалуының нақты межесін бекітті. Атап айтқанда, Үкімет Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Қаржылық мони­торинг агенттігімен, АХҚО-мен бірлесіп, 2026 жылғы 1 тамызға дейін қазақстандық провайдерлердің банктік шоттарын бұғаттауды болдырмайтын тетік әзірлейді. Ал 31 желтоқсанға дейін бұрын сатып алынған немесе өндірілген цифрлық активтерді цифрлық активтер қызметтері­нің қазақстандық провайдерлері арқылы реттелетін инфрақұрылымға міндетті түрде аудару шартымен оларды ерікті түр­де жариялаудың құқықтық тетігі түзілмек.

Токендеудің тетігі кеңейеді

Жарлықтың екінші маңызды бағыты – негізінен көлеңкеде және көш жиегінде тіршілік етіп жатқан бұл индус­трияны күнгейге шығарып, өркендеуіне жаңа дем беру. Осы мақсатта Президент «цифрлық активтер базасында жаңа инновациялық қаржы құралдары мен төлем қызметтерін, соның ішінде транс­шекаралық есеп айыры­суларды жүргізу үшін енгізуді» тапсырды. Қ.Тоқаев Үкіметке экономиканың нақты секторын қаржылан­дырудың көздерін кеңейту және әртарап­тандыру үшін «актив­терді токендеуді дамытуды» жүктеді. Осы арқылы мемлекет цифрлық активтерді тек «виртуалды ойыншық» емес, нақты эконо­ми­каның құралына айналдырмақ. 

Бұл тұрғыда токендеу дегенді қара­пайым тілмен түсіндіре кетсек: кез келген кәсіпкер, соның ішінде тіпті шағын бизнес нысаны өз активтерін – зауытын, жаңа өнімін, жылжымайтын мүлкін немесе тіпті құнды қағаздарын цифрлық токенге айнал­дырып, оларды кез келген жанға оңай сата алады. Бұл ақша мен инвестиция тартудың ең жылдам әрі заманауи жолы. Әйтпесе, қазіргі кезде талаптарының қатаңдығы және кедергі­лерінің көптігі кесірінен ша­ғын және орта кәсіпкерлер биржаға шыға алмайды, одан қарыз қаражат тарта алмайды. 

Осы және басқа міндеттердің лайықты, абыройлы іске асуын тұрақты әрі дер кезінде реттеп, үйлестіріп отыру үшін жаңа мемлекеттік орган –Қазақстанның Ұлттық банкі жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері жөніндегі комитет құрылмақ.

Цифрлық активтердің өндірісі де, сақталуы да алапат көлемде электр энер­гиясын тұтынатыны белгілі. Сол се­бепті Президент Қ.Тоқаевтың осы Жарл­ы­ғына сәйкес, бұдан былай Қазақ­стандағы пайдаланылмайтын және жаңартылатын энергия ресурстары криптовалюта өндіру­шілерге, цифрлық майнингке бағытталады. Сондай-ақ газ кен орында­рындағы алауларда босқа жанып кететін газды да майнингке пайда­лануға мүмкіндік берілді. Бұл – жердің асты (көгілдір отын, көмір) мен үстіндегі (жел, күн) қуатты цифрлық активте айнал­дыру деген сөз.

Мемлекет басшысы электр энергиясын цифрлық майнингке пайдалану мақсатын­да, QazaqGaz ұлттық компаниясы мем­ле­кеттің басым құқығын іске асырудан бас тартқан жағдайда, оны оқшауланған ре­жим­де өндіру үшін кен орындарында ілеспе мұнай газын және табиғи газды пайдалану тетігін көздейтін жаңа заң жоба­сын 2027 жылғы 1 наурызға дейін Құрылтайдың қарауына енгізуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін жеке тұлғалардың цифрлық активтерін шетелдік платформалар мен сервистерден қазақстандық провай­дерлердің платфор­маларына көшіруді са­­лықтық тұрғыдан ынталандырудың қос­­ым­ша тетігін әзірлеуді тапсырды. Бұл үшін де заңнама өзгертілуге тиіс. Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұман­ғарин Жобалық кеңсенің жиынын шақырып, онда Салық кодексіне енгізілетін жаңа түзетулер топтамасын мақұлдады. Вице-премьердің түсіндіруінше, бұл түзетулер цифрлық активтердің заңды айналымын ынталандыру үшін жеңіл­детілген салықтық жағдай жасайды. Ол үшін 2026 жылғы 1 қаңтардан 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін, 3 жыл бойы қазақ­стандық провай­дерлер арқылы цифрлық актив, мысалы, криптовалюта сатып алған жеке тұлғалардың оны сатудан түсірген кірісі жеке табыс салығынан боса­тылады. Құрылтай депутат­тары бұл заңды 2027 жылғы 1 сәуірден кейін қарауға кіріспек.

АХҚО жаңа миссиясы

Жарлықтың үшінші ірі бағыты – цифр­лық қала құруға және «Астана» қаржы орта­лығын дамытуға бағытталған. Бұл Эко­номикада цифрлық активтерді қолдану салаларын кеңейту, бәсекеге қабілетті экожүйені қалыптастыру, цифрлық актив­терді дәстүрлі қаржы жүйесіне интеграциялау және цифрлық активтердің бірыңғай және өзара байлан­ысқан нарығын қалыптастыру мақсатында жасалып отыр. 

Осы орайда Президент біріншіден, Ұлттық банкті Alatau City Autho rity мемлекеттік қорымен бірлесіп, биылғы 30 қыркүйекке дейін цифрлық активтер саласы мен криптоиндустрияны дамытудың Бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеп бекі­туге міндеттеді. Екіншіден, Тимур Сүлейменовтің командасы 1 қара­шаға дейін қормен, АХҚО-мен тізе қосып, цифр­­л­ық активтердің айналымы кезінде пайдаланылатын орталықтан­дырылмаған платформалардың (DeFi) жұмыс жасауына талдау жүргізуге, сондай-ақ олар реттеу және бақылау тәсілдерін әзірлеуге тиіс. 

Өз кезегінде Құрылтай ел тарихында тұң­ғыш рет есептесудің жаңа түрін заңдас­тырады: тауарлар мен қызметтердің экс­порттық-импорттық операциялары бойынша трансшекаралық төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк талаптарына сәйкес шығар­ылған стейблкоиндерді пайдалануға рұқсат ететін заң қабылдайды. Елдің жаңа Парламенті құптайтын тағы бір заң жоба­ларының пакеті криптокастодиандық қызметтің құқықтық шеңберін айқындауға, цифрлық активтері бар төлем қызметтерін көрсетуге, биткоин сияқты қамтамасыз етілмеген цифрлық активтері бар қызмет­тердің жаңа түрлерін көрсету бойынша қазақстандық провайдерлерінің қызметін жетілдіруге бағытталмақ.

Ал Алматы облысындағы жаңа шаһар құрылысына биткоинді және басқа криптоақшаны тарту көзделіп отыр. Осы мақсатта Alatau City Authority мемлекеттік қоры 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін Алатау қаласының аумағында шетелдік инвесторларға арналған жобаларға қам­тамасыз етілмеген цифрлық активтерді инвестициялауға мүмкіндік беретін тетікті әзірлеуге міндетті. Жыл соңына дейін «Астана» қаржы орталығы шетел валюта­сында номинацияланған және АХҚО-ның лицензияланған қатысушылары шығарған стейблкоиндерді тауарлар мен қызметтер үшін экспорттық-импорттық операциялар бойынша трансшекаралық төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға пайдалануға мүмкіндік беретін тетікті жасауға тиіс. 

Жарлыққа түсініктеме берген АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстан экономикасына цифрлық қаржы активтерін енгізуге ер­ек­ше көңіл бөлетініне назар аудартты.

– Бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілді: АХҚО юрисдикциясында осы секторды реттеу бойынша пилоттық жоба мен тиісті инфрақұрылымды құру баста­масы оң нәтиже көрсетті. Ал елдің төл ұлт­тық юрисдикциясында реттеуді енгізуі – цифрлық активтер нарығын дамытудың жаңа кезеңі. Мемлекет басшысының осы Жарлығы еліміздегі цифрлық активтер саласының одан әрі дамуына серпін береді деп күтеміз, – деді АХҚО басшысы. Оның түсіндіруінше, реттеу дегеніміз тек ережелер мен қадағалау жүйесін енгізу ғана емес, ең алдымен – провайдерлер мен олардың клиенттері үшін қауіпсіз, ашық әрі бәсекеге қабілетті орта қалып­тастыру. 

– Жарлықта қарастырылған шаралар дәл осы мақсаттарға қол жеткізуге бағыт­талған. Атап айтқанда, АХҚО юрисдик­циясында шығарылған цифрлық активтер мен токенизацияланған бағалы қағаздарды ел аумағында тану жоспарланып отыр. Бұл эмитенттер үшін құралдардың айна­лымы мен қолданылуы тұрғысынан тең жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар АХҚО лицензиялаған эмитенттері шығарған стейблкоиндерді экспорттық-импорттық операциялар бойынша транс­шекаралық есеп айырысуларда пайдалану мүмкіндігін енгізу маңызды қадам бо­лмақ, – деді Р.Бектұров.

Оның айтуынша, жаңашылдықтардың бірі ретінде заңды негіз болған жағдайда провайдерлерінің банктік шоттарын жаппай бұғаттау тәжірибесінің орнына тек клиент­тердің жеке шоттарын бұғаттау жүйесі енгізілмек. Қорыта айтқанда, осы және басқа бастама цифрлық активтер нарығын дамытудың заңды жалғасы, саланы жүйе­леудің маңызды құралы әрі қазақстандық пайдаланушыларды реттелетін инфрақұры­лым аясында шо­ғыр­ландыруға бағытталған тың қадам болуға тиіс.

Сарапшылар Жарлықты іске асыру пайдаланушыларды АХҚО және ұлттық юрисдикцияда реттелетін платформаларға көшіруге, сөйтіп, көлеңкеден жарыққа шығаруға, сондай-ақ қаражатты сақтау, киберқауіпсіздік және тәуекелдерді басқару бойынша міндетті стандарттар есебінен клиенттердің құқықтарын қорғауды қамта­масыз етуге мүмкіндік беретініне сенімді.