Бала құқығын сақтау – маңызды

Шымкентте балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді. Қоғамның өркениет­тілігі мен мемлекет дамуының басты көрсеткішінің бірі – балалардың құқықтарының қорғалуы, қауіпсіз өмір сүруі және жан-жақты дамуына жасалған жағдай. Өйткені әрбір баланың қауіпсіздігі – елдің ертеңіне салынған инвестиция, ал оның құқықтарының сақталуы – мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттың маңызды өлшемі.

Соңғы жылдары елімізде балалардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша назар аударылып келеді. Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігі мен олардың заңды мүдделерін қорғауды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап отыр. Осы бағыттағы жұмыс­тар өңірлерде де жүйелі түрде жүзеге асуда. Шымкент қаласында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы демалысын тиімді ұйым­дастыру бағытындағы жұмыстар жаңа кезеңге қадам басты. Шымкент қаласы әкімінің 2026 жылғы 19 мамырдағы №2215 қаулысына сәйкес Балалар құқықтарын қорғау басқармасының құрылуы – осы саладағы маңызды институционалдық шешімнің бірі. Бүгінде аталған басқарма басшының міндетін атқарушы қызметін Мөлдір Кеуенова атқарып отыр. Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Шымкент қаласында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы демалысын ұйымдастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды. 

Жаңадан құрылған басқарманың негізгі міндеті – балалардың құқықтарын қорғау, заңды мүдделерін сақтау, олардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру. Қазіргі қоғамда ба­лаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, құқықбұзушылықтардың, киберқауіптердің, қараусыз қалудың және түрлі әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу мәселесі ерекше өзектілікке ие. Осы тұрғыдан алғанда жаңа басқарма тек бақылаушы орган ғана емес, балаларға қатысты мәселелерді кешенді түрде шешетін үйлестіруші құрылым ретінде жұмыс істейді. Мамандардың пікі­­рінше, балалардың құқықтарын қорғау жүйесі тек құқықтық шаралармен шектелмеуі тиіс. Ол білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және қоғамдық институттардың өзара байланысын талап етеді. Шымкентте осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүйеленіп келеді.

Жазғы демалыс – балалар қауіпсіздігінің маңызды кезеңі

Жаз мезгілі балалар үшін демалыс пен таным көкжиегін кеңейтетін кезең болғанымен, қауіпсіздік мәселесі де ерекше назарды талап етеді. Мөлдір Кеуенованың айтуынша, осыған байланысты Шымкент қаласында оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру жұмыстары кең көлемде қолға алынған. Биыл қаладағы жалпы орта білім беру ұйымдарының 1–10 сыныптарында білім алатын 262 790 оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 245 753 оқушы немесе 93,5 пайызы сауықтыру, танымдық, мәдени-көп­шілік, спорттық және тәрбиелік іс-шаралармен қамтылады. Бұл көрсеткіш балаларды бос уақытты тиімді өткізуге тарту арқылы құқықбұзушылықтардың, қараусыз қалудың және түрлі қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жазғы лагерьлер, экскурсиялар, шығармашылық үйірмелер, спорттық жарыстар мен танымдық бағдарламалар балалардың тұлғалық дамуына оң ықпал етеді.

Сонымен қатар үшінші мегаполисте әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік әділеттілік қағидатына сәйкес, жазғы демалысты ұйымдас­тыру барысында мемлекеттік қолдауды қа­жет ететін санаттағы балаларға басымдық берілуде. Атап айтқанда, бұл санатқа ата-

анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылардың балалары, толық емес отбасылардан шыққан балалар, аз қамтылған отбасылардың балалары және өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар жатады. Бұл санаттағы балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру олардың әлеуметтік бейімделуіне, психологиялық жағдайының жақсаруына және қоғамға толыққанды кірігуіне мүмкіндік береді. Өмір­лік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 124 тәрбиеленушісі Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы «Көктөбе» жазғы сауықтыру лагерінде демалмақ. Бұл балалар үшін тек демалыс емес, әлеуметтік қолдау мен жаңа мүмкіндіктер алаңы болмақ.

Қауіпсіздік мәселесі – тұрақты бақылауда

Айта кетейік, балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар тек демалыс­ты ұйымдастырумен шектелмейді. Жазғы кезеңде балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау мәселелері ерекше бақылауға алын­ған. Бұл туралы басқарма басшылығы осы мақсатта құқықбұзушылықтардың алдын алу, балаларға қатысты зорлық-зомбылық­тың жолын кесу, қатыгездік пен буллингтің алдын алу, қараусыз қалу жағдайларын болдырмау, интернет кеңістігіндегі қауіптердің алдын алу және балалардың заңды құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілетінін атап өтті.

Мамандардың айтуынша, балалар қауіпсіздігі мәселесінде мемлекеттік органдардың ғана жұмысы жеткіліксіз. Бұл жерде ата-аналар, педагогтер, қоғам белсенділері және әрбір азамат жауапкершілік танытуы қажет.

Баланың қауіпсіздігіне қауіп төнген жағдайда немесе оның құқықтарының бұзылғаны туралы ақпарат белгілі болса, азаматтардың жедел әрекет етуі аса маңызды. Осы мақсатта тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс арналары қызмет көрсетеді:

* 111 – Отбасы, әйелдер және балалар мәселелері жөніндегі байланыс орталығы;

* 1310 – психологиялық қолдау қызметі;

* 102 – полиция органдарының жедел желісі;

* 103 – жедел медициналық жәрдем қызметі.

Мамандар кез келген қауіп немесе құқықбұзушылық туралы дер кезінде хабарлау көптеген келеңсіз жағдайдың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтеді. 

Бүгінде балалардың құқықтарын қорғау мәселесі тек мемлекеттік саясаттың бағыты ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналып отыр. Баланың қауіпсіз ортада өмір сүруі, сапалы білім алуы, денсаулығын нығайтуы және толыққанды дамуы – еліміздің болашағына жасалған маңызды инвестиция. Шымкент қаласында қолға алынған жүйелі жұмыстар балалардың құқықтарын қорғау саласының жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Жаңадан құрылған басқарманың қызметі, жазғы демалысты ұйымдастыру шаралары және қауіпсіздік бағытындағы жұмыстар балаларға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы