Үкімет 2028 жылға дейінгі көлеңкелі экономикаға қарсы кешенді іс-қимыл жоспарын бекітті

Жоспарды Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірледі.

Мемлекет басшысының экономикалық үдерістердің ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Құжаттың негізгі мақсаты – көлеңкелі экономика үлесін қысқарту, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету, бизнесті жүргізудің ашықтығын арттыру және кәсіпкерлерге қосымша міндеттемелер жүктемей-ақ бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайту.

Кейінгі жылдары Қазақстан көлеңкелі экономиканы қысқартуда елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Елімізде 20 ақпараттық жүйе енгізіліп, жаңғыртылды, айналымы 2 трлн теңгені құрайтын интернет-казиноның қаржылық инфрақұрылымының қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ 360 млрд теңге көлеміндегі негізсіз бюджеттік шығыстардың алдын алынды.

Нәтижесінде, көлеңкелі экономиканың үлесі 2019 жылғы ЖІӨ-нің 24%-нан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 16,7%-ға дейін төмендеді. Жаңа кешенді жоспар қол жеткізілген нәтижелерді бекітуге және көлеңкелі экономика үлесін 2028 жылы ЖІӨ-нің 13,8%-ына дейін дәйекті түрде төмендетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоспарды жүзеге асырудың негізгі құралы жасанды интеллектіні пайдаланатын бірыңғай цифрлық мониторинг платформасы болмақ. Платформа мемлекеттік органдардың деректерін біріктіріп, көлеңкелі экономиканың тәуекелдерін жедел анықтауға және бюджетке залал келтірілмей тұрып, заңбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Кешенді жоспар экономиканың ашықтығын арттыруға және көлеңкелі экономиканың тәуекелі жоғары салаларын цифрландыруға бағытталған 53 іс-шараны қамтиды. Олардың қатарында сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру салалары бар.

Сауда саласын цифрландыруға ерекше назар аударылатын болады. Digital Bazaar нарықтарын басқарудың электрондық платформасын дамыту жалғасады, міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлардың тізбесі, сондай-ақ тауарлардың Ұлттық каталогы кеңейтіледі. Бұл шаралар тауар айналымының ашықтығын арттыруға, контрафактілік өнім көлемін қысқартуға және нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ акцизделетін және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің айналымын бақылауды одан әрі автоматтандыру, электрондық коммерция мен маркетплейстерді реттеуді дамыту және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау көзделген.

Әлеуметтік салада көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауға, баға мониторингін жүргізуге және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалауға арналған цифрлық құралдар енгізіледі. Жекелеген мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын және мемлекеттік қаражат қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Цифрлық теңге» жобасын қолдануды кеңейту жалғасады.

Кешенді жоспар бизнеске әкімшілік жүктемені күшейтуді көздемейді. Цифрландыруға, процестерді автоматтандыруға, жасанды интеллект пен заманауи аналитикалық құралдарды қолдануға баса аударылады.

Жоспарды жүзеге асыру экономиканың ашықтығын арттыруға, көлеңкелі айналым көлемін қысқартуға, адал кәсіпкерлер үшін тең жағдай жасауға және заманауи цифрлық шешімдер арқылы бюджет кірістерінің тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.