Ұлттық ұлан сарбазы концертте алғашқы медициналық көмек көрсетті

Жезқазған қаласында Металлург күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концерт барысында бірнеше тұрғынның кенеттен денсаулығы сыр берді.

Іс-шара кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылған ІІМ Ұлттық ұланының 5575 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Назым Берікқызы оқиғаға жедел ден қойып, өзін жайсыз сезінген азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Ұландық зардап шеккендердің жағдайын жедел бағалап, алғашқы көмек көрсету бойынша қажетті шараларды қабылдады. Оның кәсіби әрі уақытылы әрекетінің нәтижесінде азаматтардың жағдайы тұрақтандырылып, әрі қарай медициналық бақылауды қажет еткендер жедел жәрдем қызметінің мамандарына тапсырылды.

Құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілерінің кәсіби даярлығы мен қырағылығының арқасында жағдай қысқа мерзімде бақылауға алынып, мерекелік концерт қалыпты жағдайда өз жалғасын тапты.