Табиғатты қорғау инспекторлары мен полиция қызметкерлері заңды белден басқандарға жарты миллион теңге айыппұл арқалатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Жазғы демалысты Бурабайда өткізуді жоспарлағандар үшін маңызды ескерту. Ұлттық парк аумағында рұқсат етілмеген жерде от жағып, кәуап пісірудің соңы қомақты айыппұлға ұласуы бек мүмкін. Жуырда Бурабайда табиғатты қорғау инспекторлары мен полиция қызметкерлері жүргізген кезекті рейд кезінде екі астаналықтың заң талаптарын өрескел бұзғаны мәлім болды. Олар арнайы жабдықталмаған жерде от жағып, кәуап әзірлемек болған. Білместік болғанымен, заң бұзушыларға жалпы сомасы жарты миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.
– Ұлттық парк аумағында өрт қаупі жоғары кезеңде ашық от жағуға қатаң тыйым салынған. Демалушыларға кәуапты тек арнайы жабдықталған орындарда ғана әзірлеуге рұқсат етіледі. Мұндай талапты елемегендерге 100 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұл қарастырылған, – дейді табиғатты қорғау инспекторлары.
Рейд шарасы барысында тек от жағу деректері ғана емес, өзге де құқықбұзушылықтар тіркелді. Әкімшілік жауапкершілікке барлығы 16 адам тартылған. Оның ішінде сегіз жүргізуші көлігімен орман алқабына заңсыз кіріп кетсе, бес адам күркелерін рұқсат етілмеген жерге тігіп қойған. Сонымен қатар қоғамдық орындарда сырдың суы сирағынан келмегендер алкогольдік ішімдік ішіп алып, санитарлық талаптарды бұзғандар да анықталған.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін бұзудың 80 дерегін тіркеді. Олардың арасында мас күйінде көлік тізгіндеген жүргізушілер де болған. Туристік маусым қызып тұрған шақта «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары өңір қонақтары мен тұрғындарын табиғатты қорғау талаптарын қатаң сақтауға шақырып отыр. Аймақтың көркін сақтап, өрттің алдын алу мақсатындағы рейдтік шаралар демалыс маусымы аяқталғанға дейін де тұрақты түрде жалғаспақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы