Қостанай облысында жеңіл автокөлік пен жүк көлігі соқтығысып, екі адам қаза тапты

Тағы бір жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданындағы Тобыл ауылы маңында, Қостанай – Қарабұтақ автожолында Kia Sorento мен DAF жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Апат салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен бір жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Полицияның алдын ала мәліметінше, Kia Sorento жүргізушісі көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан қарсы бағытта келе жатқан DAF жүк көлігімен соқтығысқан.

Аталған дерек бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта жол апатының нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қостанай облысы полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға, қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, арақашықтықты сақтауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырды.