Тимофей Скатов ATP 250 турнирін жеңіспен бастады

Кездесу үш сетке созылып, Скатовтың ерік-жігерінің арқасында жеңіспен аяқталды.

Қазақстандық теннисші Тимофей Скатов Португалияның Эшторил қаласында өтіп жатқан ATP 250 санатындағы топырақ төсенішіндегі турнирдің бірінші айналымында жеңіске жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Әлемдік рейтингіде 163-орында тұрған және негізгі кезеңге lucky loser (басқа қатысушының жарыстан бас тартуына байланысты) мәртебесімен өткен спортшы алғашқы айналымда әлемнің 98-ракеткасы, нидерландтық Йеспер де Йонгпен кездесті.

Кездесу үш сетке созылып, Скатовтың ерік-жігерінің арқасында 1:6, 6:4, 6:3 есебімен жеңісімен аяқталды.

Теннисшілер кортта 2 сағат 29 минут өткізді. Осы уақыт ішінде Тимофей бірде-бір эйс жасаған жоқ, үш рет қос қателікке жол берді және сегіз брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды.

Теннис федерациясы мәліметінше, Тимофей Скатов Португалиядағы турнирдің екінші айналымына жолдама алып, онда әлемнің 14-ракеткасы әрі турнирдің бірінші нөмірлі ойыншысы, ресейлік Андрей Рублевке қарсы ойнайды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM   арнасынан табасыз.