Almaty SuperSki курортының құрылысы Алматыда ауызсу тапшылығын туғызбайды

«Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі 1994–2025 жылдар аралығындағы 30 жылдық деректер негізінде зерттеу жүргізді.

Зерттеу нәтижелері Almaty SuperSki курортының Көк-Жайлау шатқалындағы суға деген қажеттілігі Алматы қаласының су балансы мен орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау жүйесіне кері әсер етпейтінін растады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, жоба аумағындағы шағын тау өзендері мен жылғалары Алматы қаласының орталықтандырылған ауызсумен жабдықтау жүйесінде пайдаланылмайды.

«Алматы Су» (almatysu.kz) кәсіпорнының мәліметінше, Алматы қаласына берілетін судың шамамен 70%-ы Алматы, Кіші Алматы және Талғар жер асты су кен орындарының ұңғымаларынан, сондай-ақ Каменское плато учаскесінен алынады. Ал қалған шамамен 30%-ы Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Кімасар, Қарғалы және Ақсай өзендерінің жер үсті сулары есебінен қамтамасыз етіледі.

Алматы қаласын сумен қамтамасыз етуде негізгі рөлді Almaty SuperSki жобасы жүзеге асатын аумақтағы шағын су арналары емес, жер асты су көздері атқарады.

Негізгі көрсеткіштер: Алматы қаласының жылдық су тұтынуы – шамамен 250 млн м³; Almaty SuperSki курортының жылдық су қажеттілігі – шамамен 1,02 млн м³. Бұл қаланың жалпы су тұтынуының небәрі 0,5%-ын құрайды.

Су ресурстарын сақтау – жобаның негізгі қағидаттарының бірі. Жобаны іске асыру барысында су алудың заманауи жүйелері қолданылып, су тұтыну көлеміне тұрақты бақылау жүргізіледі әрі экологиялық ағынды сақтау қамтамасыз етіледі. Барлық шешімдер инженерлік есептеулерге, ғылыми зерттеулерге және Қазақстан Республикасының су заңнамасының талаптарына сәйкес қабылданады.

Almaty SuperSki жобасын жүзеге асыру барысында «Алматы қаласында ауыз су тапшылығын туындайды» деген пікір – ғылыми зерттеулермен, инженерлік есептеулермен және «Алматы Су» кәсіпорнының деректерімен де расталмайды.

Сондай-ақ, Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері мен «Гипролесхоз-KZ» ЖШС мамандары Көк-Жайлау шатқалындағы болашақ Almaty SuperSki курорты аумағында орман-патологиялық егжей-тегжейлі зерттеу жүргізді.

Зерттеу барысында мамандар әрбір ағаштың орналасқан координаттарын, түрін және санитарлық жағдайын анықтап, сондай-ақ жобаланатын инфрақұрылымның ықпал ету аймағына түсетін жасыл желектерді белгіледі. Бұл жобалық шешімдерді нақты ғылыми деректер негізінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Зерттеудің негізгі қорытындысы: Almaty SuperSki жобасы аумағында Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген ағаш түрлері анықталған жоқ.

Жасыл желектерге қатысты сараланған тәсіл қолданылады: құрылыс аймағына түсетін ағаштардың бір бөлігі қайта отырғызуға жоспарланған, ал санитарлық жағдайы қанағаттанарлықсыз ағаштар өтемдік ағаш отырғызу шараларын көздей отырып, санитарлық кесуге жатады.

Зерттеу қорытындысы бойынша өтемдік көгалдандыру жоспары әзірленіп, жобаны іске асыру кезеңіндегі экологиялық сүйемелдеу шаралары айқындалады.

Айта кету керек, 2026 жылғы 26 мамырда өткен қоғамдық тыңдаулар барысында экология және табиғи тепе-теңдікті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдарын әзірлеуші жұртшылыққа экологиялық зерттеулердің нәтижелерін, жоспарланған табиғат қорғау іс-шараларын, экологиялық мониторинг пен бақылау тетіктерін таныстырды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.