Қазақстан электронды үкімет бойынша әлемнің ең үздік 25 елінің қатарына кірді

$1,1 млрд-қа экспорт және смартфондағы мемлекеттік қызметтер: Қазақстан Республикасының Үкіметі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі (ЖИЦДМ) арқылы елімізді технологиялық тұрғыдан трансформациялауға бағытталған ауқымды жұмысты қолға алды.

2026 жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмаларына сәйкес жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы іргелі іс-шаралар кешенін жүзеге асыру кезеңінің бастауына айналды. Биыл 8 стратегиялық бағыт пен 100 бастамадан тұратын іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға басымдық берілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Бүгінде Үкімет мемлекеттік қызметтерді түпкілікті цифрландыру және GovTech 3.0 моделіне көшумен қатар, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытып, IT саласына жүйелі қолдау көрсетуде, серпінді салалық жобаларды іске қосып келеді.

Аталған жұмыстың негізі – Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы. Құжат озық тәжірибені жүйелеуге және оны экономиканың барлық негізгі саласына кеңінен енгізуге бағытталған. Жасанды интеллектіні толық енгізу, өнеркәсіпті, жер қойнауын пайдалану саласын, логистика мен энергетиканы цифрлық трансформациялау нәтижесінде 2029 жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнімнің жылдық өсіміне қосымша орта есеппен 1,5 пайыздық тармақ деңгейінде үлес қосады деп күтілуде. Сонымен қатар Үкімет бағалауынша, үш жылдық кезеңдегі салыстырмалы нарықтық инвестициялардың болжамды көлемі $10,5 млрд-тан $16,5 млрд-қа дейінгі аралығында болады.
Шымкент қаласында «Индустрия 5.0: Өзара әрекеттесудің күші» тақырыбында өткен Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы табысты аяқталды. Іс-шара мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың, инвесторлар мен сарапшылардың басын қосып, ел экономикасын технологиялық және жасанды интеллект негізінде дамыту мәселелерін талқылайтын негізгі алаңға айналды. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.